Сәрсенбі, 20 Қараша 2019 16:01

Істі болғандар да Түркістан қаласындағы құрылысқа үлес қосып жатыр

Түркістанның гүлденуіне жаза басып жаңылған азаматтар да өз үлестерін қосып жатыр. Себебі, бүгінде қаладағы құрылыс алаңдарында пробациялық есепте тұратын 30-дан астам азамат еңбек етуде. Ал олардың уақтылы жалақы алып, еңбек талаптарына сай жұмыс істеуін қалалық пробация қызметінің мамандары бақылап отыр. 

Жыл басында түзеу мекемесінен шыққан Қайрат Тасқожаев алғашқыда жұмыс таппай қиналыпты. Кейін пробация қызметі оған қаладағы құрылыс мекемелерінің біріне жұмысқа орналасу туралы ұсыныс айтады. Жаза басып жаңылған жан оны қуана қабылдап құрылысшы болып орналасады. Қазір кірпіш қалаудың қыр-сырын бір кісідей меңгерген.   

«Жұмыс жақсы. Айына 120-150 мың теңге айлық береді. Түркістан облысының көркеюіне өзімнің үлесімде де тигізіп жатырмын. Одан да басқа пробация бөлімінің қызметкерлері ем қабылдау, басқада мәселелерде көмектесіп тұрады. Жағдайым жақсы» дейді ол.

Жаза басып жаңылған азаматтарды қоғамнан алыстатпай, қайта бейімдеу   жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта пробация қызметі жұмыспен қамту орталығы, кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде жыл басынан бері 100-ден астам азамат екі қолға бір күрек тапқан.  Қалалық пробация қызметінің мамандарыісті болғаназаматтарды жұмыс орнына барып, тіркеуден өткізеді. Әрі оларды қадағалайды.

Бұл жөнінде Түркістан қалалық пробация бөлімінің бастығы Нұрбол Мамырханов былай деді: «Жыл басынан бері Түркістанда 31 азамат жұмысқа орналастырылды. Одан бөлек 17 азаматқа 21 мың теңге АӘК аясында әлеуметтік құқықтық көмек көрсетілді. Одан бөлек осы пробация қызметінің көмегінде тұрған азаматтардың мұқтаждығына байланысты медицина және заңдық көмектер көрсетіліп тұрады».

Істі болған азаматтарды жұмысқа тарту үшін бүгінде қалалық пробация қызметі құрылыс компанияларымен келісім жүргізіп жатыр екен. Егер ол іс нәтижесін берсе, шаһардағы құрылыс алаңдарында жаза басып жаңылған азаматтардың саны арта түсуі мүмкін.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 662 рет