Сенбі, 14 Наурыз 2020 19:04

Түркістан облысында полицейлер «Жолда қабылдау» акциясын ұйымдастырды

  

Аталған шарада жергілікті тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтар мен айыппұлдар жайлы кеңес алды. Акция барысында тәртіп сақшылары тұрғындардың жан-жақты сауалдарына жауап берді.

Азаматтар біраз жыл бұрын сатып жіберген көліктерінің атына келген айыппұлдарды төлеу жайын көтерді. Полицейлер аталған мәселелердің кейбіреулерін осы жерде шешсе, кейбірінің міндетті түрде заң тұрғысында қаралатындығын жеткізді. Сондай-ақ тұрғындарға көлік сатқанда толық тіркеуден шығаруды және жаңадан тіркеуді мүмкіндігінше белгіленген талаптарға сай жасауды, ешбір құжаттандыру жағдайына салғырттық танытпауды түсіндірді.

     Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары А.Сейдуалиев тұрғындарды арнайы қабылдап, сауалдарына жауап берді.

«Жұртшылыққа құқықтық көмек көрсету мен құқық қорғау саласы қызметкерлеріне азаматтардың сенімін арттыру, ел-жұрт арасындағы байланысты нығайтуда бұл акцияның берері мол. Қабылдауда өз құқықтары мен құқық қорғау органдарының жұмысына бей-жай қарамайтын азаматтардың жолда жүру ережелерін білуін, олардың сақталуы және акцияға қатысушылардың айтар мұң-мұқтажы мен пікірлерін тыңдадым, шешілу жолдарын қарастырдық. Белсенді тұрғындарға рахметімізді айтамыз», -деді А.Сейдуалиев.

    Айта кетейік, өңірде кезекті «Жолда қабылдау» акциясы әдеттегідей фронт-офистерде өтті. Қабылдауға келген тұрғындардың басым көпшілігі жолдардағы тәртіпсіздік пен жол белгілері, жүргізуші куәліктерін ауыстыру тәртібі мен автокөліктерін тіркеу мәселелеріне қатысты болды. Естеріңізге сала кетсек, акцияның негізгі мақсаты жергілікті тұрғындардың полицейлерге қатысты әртүрлі мәселелерінің жедел шешілу жолын қарастыру, жалпы халықпен кері байланысты нығайту болып табылады. Акция аясында, тұрғындар тарапынан айтылған болмаса әлеуметтік желі арқылы келіп түскен сұрақтар жіті назарға алынып, қажетті шаралар жасалды.

 

Оқылды 629 рет