Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Бәйдібек ауданындағы еріктілер «Борлысай», «Екпінді», «Түйетас» санитарлық бекеттеріндегі қызметкерлерге тосынсый жасап, «Сіздерге мың алғыс» деген жазуы бар тоқаштар таратылды. Тәулік бойы қызметте тұрғандарға үнемі ыстық тамақтар үлестірілуде. Сондай-ақ, төтенше жағдай енгізілгелі бері еріктілердің көмегімен 13 құқықбұзушылық анықталып, заңға сәйкес тәртіп бұзушыларға ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен хаттама толтырылған. Мәселен, Түркістан қаласындағы дәмханалардың бірінде құдалық пен тәтті шай жасаған азаматқа 26 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Тағы бір түркістандық тұрғын туған күн жасағаны үшін 5 тәулікке қамауға алынған.
Айта кетейік, коронавирус індетінің таралуының алдын алу мақсатында елімізде төтенше жағдай енгізілген болатын. Осы тұста Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Блок-посттарда әрбір көліктің құжаты мен жолаушыларды тексеріп өткізуде.
Сондай-ақ, ойын-сауық орындары, кафе-барлардың, жалпы адам көп шоғырланатын ғимараттардың жұмыс жасауын бекітілген шектеуге сай қадағалауда. Тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.