Сенбі, 11 Сәуір 2020 15:11

Түркістан: Соттар қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне көшті

Елімізде енгізілген төтенше жағдай режиміне және тез таралып жатқан аты жаман індетке байланысты Түркістан облысының соттары да қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне көшті,-деп хабарлайды Түркістан облыстық сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысыНұрлан Жамбулов.

Адам өмірі мен денсаулығын сақтаудың аса маңыздылығын ескерген атаулы орын жұмысын қашықтықтан жүргізетін болады. Аталған тәсілмен жұмыс атқару үшін сот жүйесінде көптеген мүмкіншіліктер қарастырылған. Сотқа жүгінуші тұлғалар құжаттарды «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі арқылы сот кеңсесіне электронды түрде жолдай алады. Бұл өтініш иесіне қысқа мерзімде хаттың тіркелгені және сот отырысының өтетін уақыты туралы, тағы басқа да қажетті мәліметтерді алуға мүмкіндік береді. Сервиспен қаралып аяқталған істер бойынша сот актісін және отырыстың аудио-бейнежазбасын алу мүмкіндігі де қарастырылған.

Сонымен қатар, «Сот кабинетінің» мобильді нұсқасын смартфонға тегін көшіріп алуға болады. Бұл тараптарға сот ғимаратына бармай-ақ, отырысқа қатысуға мүмкіндік береді. Ол үшін сот отырысына шақырылған тұлға алдын ала «Сот кабинеті» арқылы арыз берсе жеткілікті.

Азаматтар өзара дауласуды тоқтатып, бітімгершілікке келудің, сотқа дейінгі татуластыру рәсімдерін кеңінен қолданудың маңызы зор екеніне назар аударған маңызды. Ол үшін медиаторлар мен азаматтарға құқықтық көмек көрсететін басқа да тұлғалардың көмегіне телефон арқылы жүгініп, дауларды онлайн түрде сотқа дейін реттеуге мүмкіндік бар. Анығы сотқа жүгінбей-ақ, медиатордың немесе адвокаттың көмегімен медиативтік, партисипативтік келісім жасап, оны сотқа жолдап, соттың актісін алуға болады.

Осы жерде ЖС «Онлайн татуластыру» сервисін іске қосқанын айта кету керек. Оның көмегімен өңірімізде қызмет атқаратын кәсіби медиаторлардың тізімі мен байланыс нөмірлерін облыстық соттың ресми сайтынан көруге болады. Оған қоса, медиаторлар туралы ақпаратты кез-келген жергілікті әкімдіктен де алуға болады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 666 рет