Сенбі, 04 Сәуір 2020 21:14

Шымкент: блок-бекеттерде сақтық шаралары күшейтілді

Шымкент қаласында короновирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында сақтық шаралары күшейтілуде. Осыған орай қалада блок-бекеттердің саны артып, 18-ге жетті. Сондай-ақ қала аумағында бетперделік режим енгізілді.

Бұдан былай барлық азаматтар қалада медициналық бетперде тағып жүруге міндетті. Бұл шектеулерді ескермеген, төтенше жағдай режимі мен санитарлық талаптарды қасақана бұзған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынады,— деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр. Шымкенттегі шектеу шараларының күшейтіліп, блок-бекеттердің жабылғандығын халық карантинмен шатастырып дүрбелеңге салынуда. Оған негіз жоқ, мұның барлығы сақтық шаралары. Себебі бір ғана Шымкент қаласының өзінен күніне 500-мыңға жуық халық кіріп-шығатын көрінеді. Сондықтан, қауіпті індеттің таралуына жол бермеу үшін осындай шаралар қолданылуда, - деді Ербол Әбілқайырұлы.

Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаладағы барлық емханалар өзінде есепте тұратын азаматтармен телефонмен байланысып, олардың денсаулық жағдайын тексеріп шығуда. Ал, қалаға келген қонақтардың да барлығы уақытша есепке алынған. Егер тұрғындар мен қонақтарында дене қызуы көтерілуі немесе короновирус инфекциясының басқа да сиптомдары анықталса, олар дер кезінде арнайы бақылауға алынатын болады.

Ербол Садыр – Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Бүгінгі күнге дейін медицина қызметкерлері барлығы 632 мың тұрғынға телефон арқылы хабарласқан. Оның ішінде 5 500 адам Қазақстанның өзге өңірлерінен келген азаматтар. Оның ішінде 1 600 адам Нұр-Сұлтан қаласынан, 2 600 адам Алматы қаласынан, қалғандары басқа облыстардан келгендер». Ескертіп өтейік, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476 бабына сәйкес, төтенше жағдай режимін бұзған азаматтарға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер бұл құқықбұзушылық тағы да қайталанса, сот шешімімен 10 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. 

«AQ-QARA.KZ»-информация

Оқылды 597 рет