Дүйсенбі, 13 Сәуір 2020 20:52

Түркістан: Такси тұрақтарына рейд жүргізілді

Бүгін Түркістан қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен жол-патрульдік полициясының қатысуымен ауыл таксилеріне рейд жүргізілді.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің хаттамаларына сәйкес жүргізілген шараның басты мақсаты – өңірдегі төтенше жағдай талаптарын орындау және жолаушыларды автомобиль көлігімен тасымалдауды шектеу бойынша ұсынымдардың қағидаларын сақтау болып табылды.

Базар аумағынан ауылдарға қатынайтын таксилердің тұрағына жүргізілген рейд барысында такси жүргізушілерінің әлі де бар екені белгілі болды. Атап айтар болсақ, Кентау қаласына қарасты «Теке», «Абай», «Бабайқоран» ауылдарына қатынайтын жеңіл көліктер қозғалысы тоқтамаған. Тіршілік үшін тірлік жасап жүрген атаулы кәсіп иелеріне сақтық шаралары жан-жақты түсіндірілді және ең қажетті нәрсе көлікке залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керектігі қатаң түрде ескертілді. Ең бастысы жұмысты уақытша тоқтата тұрудың керек екені айтылды. Әрбір азамат жауапкершілікті терең сезіне отырып індетпен күресіп жатқанда бейғамдық түбімізге жетуі әбден мүмкін. Тиісті сала мамандары қарабастың қамынан гөрі халықтың мүддесін басты назарда ұстау керектігін жеткізді.

Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде карантин енгізілмеген өңірлерде қалааралық автобустардың 50% -ына шектеу қойылған. Қалааралық және облысішілік қатынастағы такси тасымалының жұмыстарын уақытша тоқтату көзделген. Жеңіл көліктердің ғана жүруіне болады. Оның өзінде азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді қажетті тұрмыстық заттарды сатып алу үшін. Тағы көлік өзіңдікі болуы, отырғандар көп адам болмауы керек.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 775 рет