Дүйсенбі, 30 Наурыз 2020 21:26

Шымкент: 287 кәсіпкерге айыппұл салынды

Төтенше жағдай режимін бұзған 287 кәсіпкерге айыппұл салынды. Санитарлық талаптарды орындамағандардың дені – мейрамхана мен дәмхана кәсібін игергендер. Қаулы күшіне енген күннен бастап рейдтік жұмыстар қарқын алғанда шаһарда біршама тексерістер жүріп жатыр. Нәтижесі де жаман емес. Тәртіпке бас иген тұрғындар коронавирустың таралмауын қалайды. 

Еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты құрылған мемлекеттік комиссия шешімімен мегаполисте шектеу шаралары күшейтілді. Онда көрсетілген басым бағыттардың бірі – мейрамханалар мен дәмханалардың, халық көп жиналатын орындардың жұмысына талапты арттыру, санитарлық-дезинфекциялық жұмыстарды жүйелі жүргізу болып отыр. Сондай-ақ жұмыс уақыттарына да бірқатар өзгерістер енгізуді тапсырды. Қаланың бас санитары осыған орай №6 қаулысын бекітті.

Әр ауданның учаскелік полицейлері түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ескерту шараларын күшейтті. Басты міндеттің орындалу барысын бағамдау мақсатында БАҚ-пен бірге рейдтік бақылау жұмыстары 2 күн қатарынан жүргізілді.

Статистиканы сөйлетсек, соңғы  бес күннің өзінде 287 кәсіпорын талапты орындамағаны белгілі болды. Айыппұл арқалағандардың дені - Абай ауданында. Оларға 144 хаттама толтырылған. Еңбекші ауданында – 58, Қаратау ауданында – 50 жәнеӘл-Фараби ауданында 35 кәсіпкерлік нысаны жауапқа тартылды. Аталған тәртіпке бағынбай, санитарлық талапты орындамағандар осылайша айыппұл арқалайды. Күн санап, жұмысын жүйелеген кәсіпкерлерге бұл талаптан өзге кедергі болмайды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 564 рет