Дүйсенбі, 30 Наурыз 2020 16:55

Шымкент қаласы көшелерінде жол сапасына рейд жүргізілді

ҚР Сыбайлас жеморлыққа қарсы күрес агенттігінің бастамасымен құрылған «Сапалы жол» жобасы аясында Шымкент қаласы көшелерінде жол сапасына рейд жүргізілді. Іс-шараның басты мақсаты – бармақ басты, көз қысты әрекетке жол бермеу. 

Қаладағы Ахмет Байтұрсынов көшесінің жол сапасын тексеруге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірге Ұлттық жол активтері сапасы орталығы шықты. Бұған дейін де салынған жолдың бірнеше кемшіліктерін рейд барысында анықтаған Ұлттық жол активтері сапасы орталығының зертхана меңгерушісі Қайрат Шакиров кемшіліктердің түзеліп жатқанына тоқталды.

«Бұрын сараптама жасаған кезде сол кемшіліктерді айтып кеттік. Олардың барлығын хаттамамен жібердік. Рысқұлов көшесімен түсіп келе жатқан кезде жөндеп қойған жерлері бар. Толық емес бірақ, істеп жатыр» - дейді ол.

Айта кетейік, Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі жол құрылысы әлі толығымен аяқталмаған. Дегенмен «Отарбатов» мердігер компаниясының өкілі Бақыт Әбдіуәлі «Белгіленген мерзімде жөндеу жұмыстарын бітіреміз» - деп, уәде берді. Бұл мердігер компания Тұрар Рысқұлов көшесінен Ахмет Байтұрсынов көшесіне дейін 3 шақырым 800 метр жолды жөндеуі тиіс. Жол жөндеу жұмысына   1 миллиард 230 милион теңге бөлінген болатын.

«Біз жолды жөндеу жұмыстарын 2018жылдың қараша айынан бастадық. 2020 жылы қараша айында тапсыру жоспарланған. Кейбір көліктер жол жиегіне шығып кетіп, жол жиегін бұзады» - дейді Бақыт Әбдіуәлі.

Сонымен қатар «Отарбатов» ЖШС мойнында велосипед жолағымен аяқ жолын салу міндетіде жүктелген. «Бұл жұмысты да мерзімінде аяқтаймыз», - дейді мердігер.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 533 рет