Сейсенбі, 14 Сәуір 2020 19:42

Түркістан: Қылмыстар саны 18,2 %-ға азайды

Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің қарқынды жұмыс атқаруы нәтижесінде өткен жылдың 3 айымен салыстырғанда биылғы жылы орын алған қылмыстар саны 18,2 %-ға азайды. Нақтырақ айтсақ, қоғамдық орында жасалған құқықбұзушылықтар 25,7 пайызға, көшелерде жасалатын қылмыстар 26,2 пайызға төмендеген.

Бұл туралы Түркістан облысы Полиция Департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Оған қоса Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен елімізде наурыз айының ортасынан бері төтенше жағдай режимі енгізілді. Осы тұста Түркістан облысы полицейлері күшейтілген режимде қызмет атқарды. Осы кезеңдерде полицейлер, тәртіпке бағынбай, заңға қайшы өрескел әрекет жасаушыларды анықтап, шара көрілді. Облыс бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша 123 жайт анықталды. Оның ішінде 63 тұрғынға соттың шешімімен әкімшілік айыппұл салынды. 1 азаматқа ескерту беріліп, 43 азамат әкімшілік қамауға алынды. Сотта 16 іс қаралу үстінде. Бұл құқықбұзушылық жасаған азаматтардың бірі төтенше жағдайға қарамастан той, туған күн, беташар, тұсаукесер жасаса, келесілері өздерінің ойын-сауық орындарын ашып, адамдарды қабылдағаны үшін жауапқа тартылды. Ал, тағы біреулері шектелген уақытта адамдар тобы болып шоғырланғаны үшін ескерту алып жатыр. Сондай-ақ блок-бекетте қызметте тұрған полицейге қарсылық білдіріп, қамауға түскен тұрғында бар болып шықты.

Сондықтан Түркістан облысы полицейлері азаматтарға тәртіпке бағынып, төтенше жағдай режимін бұзбауды ескертеді.

 

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 610 рет