Жұма, 17 Сәуір 2020 13:09

Түркістан: Сайрам ауданында төтенше жағдай режимін бұзғандар жауапқа тартылды

Бүгін əлеуметтік желіде Сайрам Ауданы Қарабұлақ елдімекенінде түсірілген видео тарады.Осы видеода аталған жағдайға байланысты аудан әкімшілігі, кәсіпкерлік бөлімі, Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің аппараты, аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы және аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінен құрылған топ жұмыс істеді.

Жұмысшы топ видеода көрсетілген аумақтағы сауда орындары мен азық-түлік дүкендерінде, дәріханаларда санитарлық тазалық-сақтық шараларының сақталуына көз жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Тазалық сақтамаған нысандарға айыппұл салынып, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 476 бабының талаптарын бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ал түнгі уақытта жұмыс істеп жатқан шектеу мерзімін бұзған 2 кафе иесі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476 бабының 6 бөлігімен Сайрам аудандық сотының қаулысымен 2 (екі) тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 505 бабы 1 бөлімі бойынша 53020 теңге, 204-бап 1 бөлім бойынша 4 сауда орнына 26510 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Қазіргі таңда Қарабұлақ елді мекенінде баға тұрақтылығы, дезинфекция жұмыстары және қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары бақылауға алынып, 2 мобильді топ тұрақты түрде жұмыс жасауда.

Жалпы, Сайрам Ауданында 220 мыңнан аса халық өмір сүрсе, оның 50 426-сы Қарабұлақ ауылының тұрғыны. Яғни, аудан халқының төрттен бір бөлігі осы Қарабұлақта.

Қарабұлақ ауылында карантин жарияланған жоқ. Дегенмен, Түркістан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулыларына сәйкес, бұл ауылдағы мал базары, жекеменшік медициналық емдеу сауықтыру орындарының жұмысы елімізде төтенше жағдай жарияланғанда-ақ уақытша тоқтатылған.

Қазіргі таңда азық-түлік базарларының жұмысы уақыты күндізгі сағат 10:00-ден кешкі 17:00-ге дейін, ал азық-түлік дүкендері 9:00-ден 20:00-ге дейін шектелген.

Сондай-ақ, Қарабұлақ ауылындағы 47 кафе, шайхана және асханалар азаматтарды қабылдамайды. Тек тапсырыспен əзірленген тағамды алып кету және үйге жеткізіп беру қызметімен шектелген.

Айта кететін бір жайт, Қарабұлақ ауылы Түлкібас және Бәйдібек аудандарымен іргелес орналасқан.

Шымкент қаласының жолдары жабылуына байланысты Түркістан облысының орталығына қатынайтын кейбір аудан тұрғындары Қарабұлақ арқылы өтуде.

Сонымен қатар, Қарабұлақта орналасқан 7 банкоматтан басқа аудандардан келген азаматтар да мемлекет тарапынан беріліп жатқан жәрдемақыларын алуда.

Қарабұлақ ауылында бұл күні Сəрсенбілік азық-түлік базарының да жұмысы қыза түседі.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 703 рет