«Мен сіз үшін жұмыстамын, сіз мен үшін үйде болыңыз» деген сөзді ұран еткен тәртіп сақшылары қауіптің бетін үйде отырып қана жеңуге болатындығын алға тартып отыр. Сондықтан, пандемияны болдырмау және оның алдын алу бойынша рейдтік шараны қолға алған.
Тарқатып айтсақ, қалалық полиция басқарманың жол-патрульдік полиция қызметкерлері кешкі сағат 20.00-ден бастап қала көшелерімен жүйткіген көліктерді тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Төтенше жағдай кезінде заң талаптарын орындау қажеттігі ескертілді.
Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығының кадр жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Алдабергенов рейдтік шара алдағы уақытта жалғасын табатын болады дейді. Құзырлы орган өкілдерінің мәлімдеуінше, заң талаптарына мойынсұнбаған азаматтар ҚР-ның ӘҚБтК-нің 176 бабымен 10 Айлық есептік көрсеткіште (АЕК) немесе 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынуы ықтимал.
Айта кетейік, 15 наурыздан бастап елімізде жарияланған ТЖ талаптарын орындамаған 27 азаматқа әкімшілік шара көрілген. Оның ішінде айыппұл салынғандар мен әкімшілік қамаққа алынғандар да бар.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.