Сейсенбі, 07 Сәуір 2020 11:35

Шымкент: Рұқсат қағазы жоқ 6 мыңнан аса көлік кері қайтарылды

Шымкенттегі блок посттарда рұқсат қағазы жоқ 6 мыңнан аса көлік кері қайтарылды. Айта кетейік, шаһарда 4 сәуірден бастап карантин енгізіліп, қалаға кіріп-шығуға қатаң тыйым салынған болатын. Қазір Шымкенттегі 18 блок пост күндіз-түні дамылсыз жұмыс істеп тұр. 

Қалада короновирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында сақтық шаралары күшейтіліп, 18 блок постта соңғы 3 күн ішінде мыңға тарта көлік қаладан шығарылған. «Блок бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 3 оқиға болып, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабымен хаттама толтырылған. Оған сәйкес, тәртіп бұзушылар 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не болмаса 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Бір материал сотта қаралып, қалған 2 оқиға бойынша материал сотқа жолданды.

Айта кетейік, қауіпті дертті жұқтырғандардың саны Шымкентте 20, ал Түркістан облысында 33 азамат коронавирус дертімен ауырып жатыр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 603 рет