Бейсенбі, 09 Сәуір 2020 15:35

Шымкент: Полицейлердің заң бұзушылығы туралы сенім телефонына және «Whatsappқа» хабарласуға болады

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасында 8 (7252) 21-43-23 сенім телефоны жұмыс істейді, оның көмегімен азаматтар полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз іс-әрекет жайттары туралы хабарлай алады. Сондай-ақ "WhatsApp" мессенджерінде мына телефон арқылы жүгінуге болады: 8-702-371-55-66. 

Осындай жағдайларды болдырмау үшін ӨҚБ-ның қызметкерлерімен Шымкент қ. ПД-нің жеке құрамы арасында заңдылық пен тәртіптің бұзылуының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар мен іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Полиция департаментінің мәліметінше, карантин кезеңіне арнайы жоспар әзірленген. Төтенше жағдай кезінде азаматтармен дөрекі қарым-қатынас жасамау және құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында қала периметрі бойынша блок-бекеттерде, карантиндік аймақ шегіндегі бөгеу бекеттерінде, жұқтыру ошақтарында және басқа да объектілерде жұмылдырылған полиция қызметкерлері ерекше бақылауда.

Оған қоса қызметкерлердің жұмысын бақылаудың бірнеше түрі бар. Мысалы, бейнетіркеуіштер патрульдік полицейлердің жұмысын тексеріп қана қоймай, кейбір даулы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мүдделі қызметтермен бірлесіп, полиция қызметкерлеріне қатысты сыни жарияланымдарды анықтау үшін әлеуметтік желілер мен БАҚ-на мониторинг жүргізеді. Мұндай жарияланымдар анықталған жағдайда әрбір жайт бойынша қызметтік тексерулер жүргізіледі. Сондай-ақ полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз іс-әрекеттер мен әдепсіз мінез-құлықтар орын алған жағдайда, Шымкент қ. ПД-нің ӨҚБ бастығының орынбасары Әлмахан Темірхановтың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жүгінуге болады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 559 рет