Дүйсенбі, 27 Сәуір 2020 16:02

Түркістан: Шекті бағаны асырғандар айыппұл төлейді

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев бастаған топ "Алтын бұлақ" көтерме сауда базары мен "Яссы" көкөніс базарындағы баға тұрақтылығы бойынша бақылау жасады.

"Баға көтерілді" деген ақпараттың қаншалықты рас екендігін анықтаған мамандар, бағаның тұрақты екендігіне көз жеткізді. Дегенмен, жаңадан сұрыпталған картоп пен пиязда өсім болғаны байқалады. Бағаның төмендеуін жауаптылар қолға алады. Бүгінде пияздың ең қымбаты 120 теңге болса, картоп 150 теңгені құрап отыр. Ал, орамжапырақ 80-90 теңге болса, қазірде 60 теңгеге түскен. Саудагерлер өзге шаһардан келгенде емес, жергілікті өнімдер пісіп, қоймаларға жөнелтілген жағдайда, бағаның төмендейтініне кепіл беріп отыр.
Ұн, нан, макарон, күріш, сиыр еті, жұмыртқа, күнбағыс майы, ас тұзы және қарақұмық жармасының облыс бойынша шекті мәні белгіленген болатын. Саудагерлерге бұл бойынша нұсқаулық беріліп, мониторинг жасалған. Осы 9 тауардың бастапқыда 4-і ғана шекті мәнмен тепе-тең болса, бүгінде супермаркеттер бағаны бір қалыпқа келтірген. Егер, алда баға тұрақсыздығы анықталса, әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынатын болады.
Ал, бүгінгі тексеріс бойынша "Яссы" базарында қызанақ 700-ден 550-ге, ал қияр 400-ден 350 теңгеге төмендеген.
"Amazing Turkistan" арқылы тапсырыс беру үшін 20 көлік тартылған. Азық-түлік таситын көліктерге рұқсатнама құжаттар берілді. Бүгін бұл қосымша арқылы 50 тапсырыс келген. Кей супермаркеттер де бұл онлайн жүйеге сұраныс танытуда.
Дей тұрғанмен, азық-түлік сатушылар мен алушылар үшін қиындық туындағаны белгілі. Әзірге, бұл жүйе ретке келтірілгенше, қосымша арқылы тіркеліп, https://blokpost.amazingturkistan.kz сайтындағы өзіңіздің қызметіңізге қатысты бағытқа сұраныс тастау қажеттігін және жұмыс орнынан анықтама алуды ұмытпауыңызды сұраймыз.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 


Оқылды 717 рет