Бейсенбі, 07 Мамыр 2020 13:38

Бар ойым суға батып бара жатқан баланы аман алып қалу болды — түркістандық полицей

Қыстыгүні суға батқан баланы құтқарған түркістандық полицей Марат Нұрымбетов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Полиция капитаны өзінің бұл әрекеті ерлік емес, азаматтық борышы екенін айтады.

Жетісай АПБ-нің анықтаушысы болып қызмет атқаратын Марат Тұрымбетов 2 ақпанда орын алған оқиғаны жадында сақтап қалған. Тәртіп сақшысының айтуынша, «Достық» каналында бала суға ағып бара жатыр, құтқару керек!!!» деген хабарламаны рация арқылы естіген. Сол каналға жақын болған соң, ойланбастан сол жерге жетіп барған.

«Қасымдағы әріптесіммен бірге көлік дабылын қостым да, оқиға болған аймаққа қарай зулай жөнелдім. Қызметтік көлікпен каналға 3 минутта жеттік. Қар ери бастағаннан соң ба, канал ішіндегі су одан сайын арнасына толған. Канал жағасына көлікпен жеткен бойда балаға қарай жүзе жөнелдім. Онда ағыс қатты, су да әжептеуір терең екен. Екеуімізді де су түбіне тартып кетуі мүмкін еді. Осындай жағдай болғанда ең болмаса баланы шлангаға орап құтқарып қалайын деген тосыннан ой туындаған. Жасөспірім бала суық суға бір батып, бір шығып, жан ұшыра айқайлап жатыр. Бар күшіммен жүзіп, санаулы секундтың ішінде оған жеттім. Балада дәрмен қалмаған, су жұтып қойыпты. Мен жеткенде, құтқарылғанын сезді ме ол сылқ түсті. Судың астына батып бара жатқан ұлдың денесін жұлқи тартып, жағаға қарай жүзе бастадым. Кенет жағаға жақындауға 5 метрдей жер қалғанда, аяғымды қайырып ауыртып алдым. Бала болса қолымда. Батып кетеміз бе деп едім, алайда бір Алла жар болды ма, бойыма қайта күш жиналып, жүзуді жалғастырдым. Жағадан әріптестерім күтіп алды», - дейді полиция капитаны.

30 жастағы тәртіп сақшысы жағаға шығысымен жедел жәрдемді күтпей, баланы қызметтік көлікпен ауруханаға жеткізген. Жолда кетіп бара жатып алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ес түссіз жатқан жасөспірімді жасанды жолмен тыныстандыруға тырысқан.

«Жеткіншек бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Ал бір күннен соң оның жағдайы жақсарып, палатаға ауыстырылды. Әрине, баланың анасы мен атасы ағынан жарылып алғыстарын айтты. Бірақ мен өзімді ерлік жасадым деп айта алмаймын. Себебі, баланы құрмет көрейін деп құтқарғаным жоқ. Менің орнымдағы кез келген адам осылай істейтін еді. Бар ойым баланы аман алып қалу болды», - дейді Марат Нұрымбетов. Полиция капитаны «адамның дұрыс мамандық таңдауы — өмірдің кілті іспеттес» дейді. Яғни, әрбір адам таңдаған мамандығымен өмір бойы бірге болады.

«Мен де өз мамандығымды таңдауда қателеспедім деп ойлаймын. Полиция қызметкері болу бұл бала кезгі арманым болатын. Бүгінгі заман ағымына сай полицейлер халыққа жанашыр, жәрдемші, қиындыққа тап болғанда көмек қолын созар батыл қызметкер болуы қажет. Қаһарман әрі парасатты ер полицей ретінде елдің аузынан түспейтін болуымыз керек. Ол үшін барынша қызметімізге адал, халықтың жағдайына қанық болғанымыз жөн. Сонда ғана үлкен мен кішінің алғысына бөленеміз», -дейді Марат Тұрымбетов.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.


 

Оқылды 660 рет