Бейсенбі, 14 Мамыр 2020 11:03

Мақтаарал: Тасқын су алған ауылдарда тәртіп сақшыларыда тәулік бойы қызмет атқаруда

Мақтарал ауданында орын алған төтенше жағдай тұсында полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқарып, қалтқысыз қызметімен көрінді. Қазірде тәртіп сақшылары әлі де ауыл көшелерін аралап, ұрлықтың алдын алу, қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп жатыр,-деп хабарлайды ТО ПД-нің баспасөз қызметі.

Мақтарал аудандық полиция бөлімі ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы Ерлан Төлеген су ортасында қалған екі азаматты қауіпсіз аймаққа алып шыққан. Аталған видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті. Көпшілік те полиция қызметкерін қолдаған пікірлерін білдіріп, ықыластарын ізгі тілектер арқылы жеткізді.
- Бізге екі азаматтың қырда су ортасында қалып кеткендігі жайында хабарма түсті. Дереу іске кірісіп, оқиға орнына жолға шықтық. Қайықпен барып, қырда тұрған екі азаматты алып қайттық. Белгілі болғандай, ол екі кісі жайылымнан қайтпаған қойларын іздеп шыққан екен. Бірден келген тасқын судың ортасында қалып кеткен. Қазір жағдайлары қалыпты – дейді полиция майоры.
Ерлан Асқарұлының үйіне де судың қаупі көп болған. Сондықтан отбасын Сарығашқа жіберіпті. Қазір өзі қызметте. Күні-түні қоғамдық тыныштықты сақтау ісін атқарып келеді.
Учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Ибадулла Жақсылықов қазір қоғам күзетінде жүр. Әрбір көшені аралап, қараусыз қалған үйлердің мүлкіне бас-көз болуда. Арасында халыққа жәрдем беріп, жағдайын жасайды. Отбасына бармағалы бүгін 10 күн өткен.
-Су басқан Өргебес ауылында тұрғындардың қауіпсіздігін сақтаудамыз. Қылмыстың алдын алу, тонау қылмыстарының алдын алу жұмыстарын атқарып жатырмыз – дейді Ибадулла Сапарұлы.
Жалпы, топан судан бірнеше ауыл тұрғыны зардап шекті. Олардың ішінде Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Өргебастықтар бар.
Төтенше жағдай орын алған тұста Мақтаралдық полиция қызметкерлеріне Келес, Сарыағаш, Жетісай аудандарының да тәртіп сақшылары көмекке келді. Оларда тәулік бойы қалтқысыз қызметімен көрінді.
Келес аудандық полиция бөлімінің полицейлері Фирдоуси елді-мекенінде құтқару жұмыстарын жүргізу барысында үйінде қалып қойған егде жастағы азаматты тауып, қайықпен қауіпсіз аймаққа алып шыққан. Қазір қарияның жағдайы қалыпты. Отбасымен қауышып, қажетті көмекті алып жатыр.
Өргебас ауылын аралау барысында тізесінен жараланып, жүре алмай қалған Бағдаулет Бимырзаевқа да полиция қызметкерлері алғаш болып көмекке келген.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкері Сырбек Мамытов су ортасында қалған көліктегі азаматқа көмек беріп, көлігімен бірге қауіпсіз жерге дейін алып шыққан. Сондай-ақ, аулаларда қалып қойған төрт түлікті босатып, қауіпсіз жерге айдапты. Ватсап желісінде батпақ арасында жатқан бұзауды көтеріп алған көріністе көпшілікке үлкен әсер сыйлады.
Осылайша тосыннан болған су тасқынының салдарынан барынан айырылған тұрғындарға полицейлер барынша қолдау білдіруде.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 


Оқылды 697 рет