Бейсенбі, 03 Қыркүйек 2020 09:04

Шымкент: Мобильді топ 351 құқық бұзушылықты анықтаған

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы, полиция-генерал майоры Е.Жұмаханбетовтің қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Ералы Мұсаәліұлы қаладағы карантин талаптарының сақталуы және құқық бұзу фактілерінің алдын алу бойынша сөз қозғады.

– Елімізде карантин режимі енгізілгеннен бері Шымкент қаласында ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ, гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша 513 құқық бұзушылық дерегі болған. Оның ішінде 351-ін мобильді топ өкілдері анықтаған, – деді Е.Жұмаханбетов.

Оның айтуынша, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің Қаулысының талаптарын ескермей, бұрынғы қалыпты кестемен жұмыс істеп жатқандықтары белгілі болған. Атап айтсақ, ресторан, кафе, клуб, компьютерлік ойынханалар мен букмекерлік кеңселер бойынша 91, шаштараз, массаж, монша, сауна, әсемдік салондар бойынша 20, сауда үйлері, базар, дүкендер бойынша 142, ал басқа да қоғамдық жерлерде (саябақ, аллея) карантиндік тәртіпті бұзған 98 жайт анықталған.

Ералы Мұсаәліұлының сөзіне сүйенсек, қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде 162 құқық бұзушылық болған. Мұндағы жинақталған іс-құжаттар Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданған.

Айта кетейік, қалада карантин талаптарын сақтамаған тұлғаларға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлімімен 407 хаттама толтырылып, бүгінге дейін 27 миллион 2160 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 535 рет