Бейсенбі, 26 Шілде 2018 13:20

Шымкент: «Қауіпсіз қала» жобасы нәтижесінде көшелердегі қылмыс саны азайды

Жақында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Селекторлық жиында еліміздегі «ақылды қалалар» жобасын іске асыру мәселелері қаралды. Олардың арасында Шымкент қаласы да бар. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайты хабарлады

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің деректеріне сәйкес, «Smart city» жобасын іске асыру аясында өңірлерде цифрландыру кеңселері құрылған. Жергілікті атқарушы органдар іске асыратын жобаларды үйлестіру процесін ҚР АКМ және «Зерде» АҚ негізінде құрылған цифрландырудың орталық штабы басқарады.

Жиында сөз алған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қазіргі таңда шаһардағы «Ақылды қала» жобасы бірнеше бағытта дамып келе жатқанын мәлімдеді. Бұл ретте ол «Қауіпсіз қала» жобасына тоқталды.

– «Қауіпсіз қала» жобасы аясында қаладағы бейнекамералар саны 479-ға дейін, интеллектуалды қиылыстар саны 21-ге дейін көбейтілді, - деді Шымкенттің әкімі. - Сараптама жұмыстары соның нәтижесінде көшелердегі қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 16,7%-ға азайғанын көрсетті.
Бұған қоса қазіргі таңда нейрондық жүйелер мен жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып бірыңғай бейне-бақылау жүйесін құру мақсатында әлеуеттік жеткізушілермен келіссөздер жүруде. Оқу жылы басталғанша қаладағы 30 криминогенді учаскені қамтитын «Сергек» жүйесін ендіру бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1402 рет