Полицейлер мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көрсетті

Бұған дейін де облыста қайырымдылық, қоғамдық шаралардан қалыс қалмайтын Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері тағы бір сауапты іске мұрындық болды. Өйткені әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға қолдау білдіру азаматтық парыз болып табылады.

Аталмыш қайырлы істі Қазығұрт АПБ бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Мадияр Алтынбеков, кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция полковнигі Бауыржан Алдабергенов, кадр саясаты тобының инспекторы полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Турекуловтар ұйымдастырып, жеке құрам атынан қайырымдылық жасады. Яғни 5 баланы жалғыз өзі өсіріп отырған жалғызбасты ананың отбасын қуантты. Сонымен қатар күйеуі ІІ-топ мүгедегі, жалдамалы пәтерде тұратын жанұяға барды. Екі отбасыға арнап, 1 бас қойды сойып, етін жеткізіп берді.

Өз кезегінде жақсылық жасаудан жарысып, нағыз жомарттық танытқан азаматтарға көпшілік мол сауапқа кенелуді тіледі. Полицейлердің жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық тілей отырып, ақ баталарын берді.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Полицейлер Халықаралық турнирде 2 бірдей алтын медалді иеленді

 Қазақстан бойынша  алғаш рет Түркі тілдес халықтарының арасында грэпплинг сайысынан халықаралық турнир Түркістан қаласында  ұйымдастырылды. Түркі халықтарының рухани астанасына айналған киелі шаһарда өткен сайыста Түркістан облысы Полиция департаменті Оқу-жаттығу взводының инспекторлары да өз бақтарын сынады.

 Аталған турнирге түркістандық сақшылардан  іріктеліп алынған, тәжірибелі күресшілер қатысты. Түркі тілдес 7 мемлекеттен 300-ден астам спортшы сынға түскен байрақты бәсекеде полицейлер  жеңіс тұғырынан көрініп, 2 бірдей алтын медалді иеленді. Атап айтсақ, 83 кг салмақта сайысқа түскен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, полиция капитаны  Жәнібек Айдарбек пен 91 кг салмақта белдескен полиция аға лейтенанты Жолдасбек Ануаров бір-бір алтынды қанжығасына байлады.

Бұдан бөлек қандай сайыс болса да өзінің әмбебаптығын танытып жүрген Жәнібек Айдарбек  Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында «Әмбебап жекпе-жек» спорт түрінен өткен Әлем чемпионатының да  күміс жүлдегері атанған болатын. Әлемнің 40-тан астам елінен 700-ге тарта жекпе-жек шеберлері қатысқан бәсекеде топ жарған полиция капитаны елге жүлдемен оралған соң, оған Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы беріліп, Түркістан облысы әкімінің арнайы алғыс хаты табысталды.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Көкнардың тағы бір егістігін жойды

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 1 маусымы мен 31 қазаны аралығында Түркістан облысының аумағында полиция қызметкерлері "Қарасора-2022" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Оның мақсаты есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы деректерін анықтау, есірткіні жеткізу арналарын жабу және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіру және дайындау фактілерінің жолын кесу болып табылады.

Аталған жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Сарыағаш ауданының полицейлері бірлесіп, ауыл тұрғындарының бірінің үйіндегі ірі есірткі егістігін жойды. Толығырақ айтсақ, кезекші бөлімге тұрғындардың бірі құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысады деген хабарлама келіп түсті.

Ақпарат алысымен полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің мекенжайы анықталды. Жедел уәкілдер тінту кезінде оның ауласынан 2400 түп есірткіге ұқсас өсімдікті айғақты зат ретінде алып, сараптамаға жіберді. Зерттеу қорытындысына сәйкес ол, жалпы салмағы 47 келі болатын «көкнар» болып шықты.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 300-бабымен "Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеу істің толық мән-жайын және күдіктінің үйде есірткі заттарын қандай мақсатта өсіргенін анықтайды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және өткізгені, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Егер де, сіз, есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың куәсі болсаңыз немесе осындай жайттар туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

20-дан астам тұрғынды алдаған алаяқ әйелдер сотталды

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтықтың құрбаны болғандығын жеткізді. Олардың айтуынша, сырттай таныс әйел «мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қайтарымсыз 5 миллион теңге алып беремін» деп сеніміне кіріп, әрқайсысынан 300 000 теңгеден алған. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық " бойынша тіркелді.

Хабар алысымен сарыағаштық полицейлер жедел әрекет етіп, тұрғындарды алдап, ақшасын алып кеткен күдіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді. Алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушілерден нақты мәліметтер алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы тұрғындарды алдаған екі бірдей әйел екені анықталды. Олардың жеке-бастары анықталып, тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Күдіктінің бірі жергілікті тұрғын болса, екіншісі Алматы облысының тұрғыны болып шықты.  Анықталғандай, күдікті екеу мемлекеттен қайтарымсыз ақша алып береміз деп, таныстарының әрқайсысынан 300 000 теңгеден алып, бас пайдаларына жаратып жіберген. Полицейлер осы қылмыстық істі соңына жеткізу үшін, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Нақты дәлелдерді келтіре отырып, іс-құжаттарын жинақтады. Осылайша екі әйел 20-дан астам жәбірленушілерден 6,5 миллионнан астам ақша алған. Жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Бүгінде Сарыағаш аудандық сотының шешімімен 37 және 32  жастағы жұмыссыз әйелдер ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

Бүгінгі таңда, мемлекеттік жеңілдетілген жәрдемақыларды алып беремін деп алаяқтық жолмен азаматтарды алдап, сенімге кіріп, соңында полицейлердің көмегіне жүгініп жатқандар көбеюде. Сондықтан, Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін айтады. Егер де, сіз, осындай қылмыстардың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде полицияның жедел желісіне хабарласыңыз.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Заңсыз жұмыс істеп жүрген 40-қа жуық шетелдікті елден аластатты

Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қон желілерінің алдын-алу және оларды ұйымдастырушыларды анықтау мақсатында қарқынды қызмет етіп келеді. Сондай-ақ облыс аумағында жүрген шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдардың көші-қон саласындағы заңнаманы сақталуы қатаң қадағалауға алынған. Осындай кезекті тексеріс кезінде елде заңсыз жүргендер анықталды. Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы ПД Көші-қон қызметі тобы мен Ордабасы ауданының тәртіп сақшылары, Қайнар ауылының Оңтүстік беткейінде орналасқан тауық фермасының аумағында тиісті құжаттары болмаған 38 Тәжікстан Республикасының азаматтарын анықтады. Тексеру барысында аталған ферманың егесі шетелдіктерді Арыс ауданы аумағында кеурек өсімдігін теру үшін алып келіп, осында жұмыс күтіп жатқандығы белгілі болды. Қазақстандық шаруашылық егесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабының 2-бөлігімен "Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы" әкімшілік хаттама толтырылды.  Сонымен қатар 38 Тәжікстан Республикасының азаматтарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша жауапқашара көріліп, әкімшілік хаттама толтырылып, іс-құжаттар сотқа жолданды. Ордабасы аудандық сотының шешіміне сәйкес бұл шетелдіктердің барлығы ҚР аумағынан шеттетілді. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тек орын алған құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескерту жасады.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ТҮРКІСТАН: ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНДЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖИЫН ӨТТІ

Әскери сала мамандары арасында аймақ шекарасындағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын-алу мақсатында семинар-кеңес өтті.Аталған жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов, ҚР ҰҚК Сарыағаш гарнизоны бойынша Әскери полиция басқармасының бастығы М.Имрамзаев, Сарыағаш аудандық әкім аппаратының басшысы А.Шамбулов пен Шекара қызметінің жеке құрамы қатысты. 

Жиын барысында сөз алған Ержан Әлиұлы Ел Президенті биылғы жылы 1 ақпанда өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі Кеңесте кеден саласындағы белең алып тұрған сыбайлас жемқорлық мәселелеріне айрықша назар аударып, Агенттікке осы саладағы жемқорлық тәуекелдерін жоюды тапсырғанын жеткізді. «Еркін экономикалық аймақта сатылатын өнімге қосымша құн салығы салынбайды. Бірақ, жемқорлар тауарды қағаз жүзінде ғана көрсетіп, жеңілдікті салықтан жалтару үшін пайдаланып жүр. Түйткілді шешу – Қаржы министрлігінің тікелей міндеті. Кеден саласындағы мәселелерге бөлек тоқталайын. Мен бұған дейін кеденнен түсетін табысты арттыру туралы бірнеше рет тапсырма бердім. Ондағы көлеңкелі айналымның ауқымы орасан зор. Қаржы министрлігі бұл бағытта нақты жұмыс атқаруда. Электронды декларация және тәуекелдерді басқару жүйесін енгізіп, түрлі ақпараттық базаларды біріктіріп жатыр. Құқық қорғау органдары кеденнің төңірегіндегі қылмыстық топтарды анықтап, тергеу жүргізуде. Дегенмен, бұл жұмыс нәтиже бермей отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Соның ішінде Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі екенін, олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар екенін айтты.

 

«Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда. Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысындағы үш көліктік бақылау бекетін жемқорлық әбден жайлағанын анықтады. Елімізде мұндай 49 бекет бар. Кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиынға қатысқандар  4 айда Департаментпен тіркелген 48 сыбайлас жемқорлықтың қылмыстарының басым көпшілігі, соның ішінде 5 қылмыс - кедендік бақылау саласына қатысты екенін баяндап, осы саладағы жемқорлық фактілері жедел кедендік ресімдеу, кедендік баждар мен әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін парақорлықпен, қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланумен байланысты екенін хабарлады.Ержан Әлиұлы өз сөзінде шекарадағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін, ең алдымен делдалдардың заңсыз іс-әрекеттерімен бірлесіп күресуге шақырды.Кеден саласын жетілдіру мақсатында электронды декларация тапсыру жұмысы жетілдірілді, тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді, басқа органдардың ақпарат жүйелерімен интеграция орнатылып, құжат алмасу, ұйымдастыру ісі жолға қойылды. Кеден саласына қатысты заңнаманы жетілдіру бағытында мемлекет шекарасында заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары қабылданып, Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді.Кездесу соңында жиынға қатысушылар назарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта түсірілген әлеуметтік бейнеролик ұсынылып, шекара қызметкерлері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Түркістан облысының полицейлері жоғалған қызды анасына қайтарды

5 маусым күні таңғы сағат 04:00 шамасында Сарыағаш АПБ-ға такси жүргізушілері хабарласып, Қапланбек кентінің жанындағы Шымкент-Шыназ тас жолында 5-6 жастағы адасқан қыз баланың жүргенін байқағанын жеткізді. Тәртіп сақшылары жедел түрде оқиға орнына шығып, кішкентай қызды полиция бөліміне жеткізді. Олар бүлдіршінді тамақтандырып, ата-анасы туралы сұрады және бірден оның туыстарын іздеуге кірісті.

Кәмелетке толмаған қыздың ата-анасын іздеуге Сарыағаш АПБ-нің жедел уәкілдері мен ювеналды полиция тобының инспекторлары жұмылдырылды. Полиция жақын маңдағы аумақтарды аралап, сол аумақтағы тұрғындарға 6 жасар қыздың суретін жолдаған.

Нәтижесінде жоғалған қызын суреттен таныған қыздың анасы аудандық полиция бөлімге келді. Белгілі болғандай, кішкентай қыз түнде үйден көшеге шығып, жоғалып кеткен. Полицейлер кішкентай қызды анасына дін аман табыстады. Тұрғын сарыағаштық полицейлерге алғысын білдірді.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары қыздың ата-анасымен баланы қараусыз қалдыруға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізді. Балаларды дұрыс тәрбиелемеу жайты бойынша қыздың анасына қатысты жиналған іс құжаттар Сарыағаш аудандық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға заңды шешім қабылдау үшін жолданады.

Осындай жағдайлардың алдын алу үшін Түркістан облысының полицейлері барлық ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақырады. Балалар жоғалған жағдайда 102 телефоны бойынша дереу полицияға хабарласу қажет.

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Мақтаарал: Балаларға кітап сыйлады

 Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері, «Мейірім-шапағаты» оңалту орталығының мүмкіндігі шектеулі балаларына тосынсый жасады. Полицейлер ерекше бүлдіршіндердің сауығып, қанаттанып кетуіне ниет білдіріп, түрлі тәттілер мен балалардың ой өрісін дамытатын «Халық ертегілері» кітаптарын тарту етті. Сонымен қатар денсаулықты жақсартып, балалардың сауығып кетуіне жәрдемші болатын жаттығу жасауға арналған спорттық құрал-жабдықтар сыйлады.

 

 

 «AQ-QARA.KZ»- ақпарат