Кентаулық тәртіп сақшыларының балалары сурет салудан сайысты

Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері жасөспірімдер арасында көркем сурет салудан жарыс ұйымдастырды. Ерекшелігі сол, сайысқа полиция қызметкерлерінің 20-ға жуық ұл-қыздары қатысты. Жарыс барысында учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Бекзат Қабылбековтың қызы, А.Бөкейханов атындағы №23 мектептің 1 «в» сынып оқушысы Еркеназ Болат топ жарып шықты. Жарыс жеңімпазы Кентау қалалық полиция бөлімі бастығының грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар сайысқа қатысқан барлық балаларға ынталандыру ретінде алғыс хаттар беріліп, сыйлықтар табысталды. Бұл бағыттағы шаралар полицейлер тарапынан алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Сарыағаш: Сурет салған балаларға сыйлық берді

Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері балаларға арнайы шара ұйымдастырды. Шараға полиция аға лейтенанты Майра Елемесова және Әсемай Анарбаева қатысты. Олар аудандағы бөбекжай балабақшасына арнайы барып, балалармен тілдесті. Полицейлер бүлдіршіндерге мейрам қарсаңында ынталандыру үшін сурет салуға арналған дәптерлер мен қаламсаптарды сыйға тарту етті. Оларға еркін тақырыпта сурет салдырды. Балалар өздерінің қиялындағы ойларын қағаз бетіне түсірді. Бұндай мақсаттағы іс-шаралардың балаларға берері көп. Себебі балалардың көңілдері көтеріліп, оларды рухтандырады. Балалар қоғамның қолдауын сезініп, мейірімге бөленеді. Тәртіп сақшылары мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынына уәде берді.

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Төлебилік полицейлер балаларды зообаққа апарды

Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудандық ауруханамен бірлесіп, игі шара ұйымдастырды. Олар ерекше балаларды ауруханаға шақырып, дәрігер мамандардың қабылдауында болып, медициналық тексеруден өткізді. Сонымен қатар аурухананың ауласында концерттік бағдарлама ұйымдастырып, балалар өздерінің өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би биледі. Ұйымдастырушылар оларға сыйлық табыстады. 

Полицейлер балалардың көңілдерін көтеріп, олармен уақыт өткізу мақсатында арнайы автобус жалдап, Шымкент қаласындағы Зообаққа саяхатқа алып барды. Балаларға арнайы ақ дастархан жайып, сол жерден тамақтандырып, қайырымдылық шарасын өткізді.

шара соңында балалар шараны ұйымдастырушыларға өздерінің алғыстарын білдіріп, ерекше әсерлерімен бөлісті.  Ата-аналар да ризашылықтарын білдіріп, тәртіп сақшыларына ізгі тілектерін айтты.

 

 

                                                                                                                                                            «AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Арыстық полицейлер қайырымдылық жасады

Арыс аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Алмас Мырзахметов және полиция қызметкерлерінің бастауымен ауқымды шара ұйымдастырылды. Іс-шара Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылында өтті.

 Полиция қызметкерлері балаларға мерекелік концерт қойып, соңы қайырымдылық шараға ұласты. Тәртіп сақшылары балалардың көңілін аулап, оларға самокат, скейтборд сыйлыққа берді. Шара соңында Алмас Мырзахметов: «Құрметті балғындар, сіздерді 1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Елімізде жас өскін ұрпағымыз аман болсын! Барлығыңызға ашық аспан, бейбіт өмір, сәбилерге бақытты балалық шақ, әрқашанда сыңғырлаған күлкі тілейміз. Әр уақытта дендері сау болып, Отанымыздың мақтанышы болуларына тілектеспіз! Жұртымыз, еліміз тыныш, деніміз сау, басымыз аман, жұмысымыз жемісті болсын!» - деді.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Түркістанда жүгенсіз жүргізушілер жауапқа тартылды

Түркістан облысының полицейлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, күнделікті патрульдеу қызметтерінен бөлек әлеуметтік желілерге де тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. Осындай кезекті бақылау кезінде полицейлер бірқатар заңбұзушылықтарды анықтап, оны жасаған жүргізушілерді шұғыл тауып, жауапқа тартты. 

Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы ПД патрульдік полиция тобының назарына "Алматы-Ташкент-Термез" тас жолының 670 шақырымында мектеп бітіргендердің 10 жылдықты атап өту кезінде көліктер шеруін ұйымдастырған бірнеше көлік ілікті. Полиция қызметкерлері бейнежазбадағы жол ережесін бұзып, басқа көліктердің жүруіне кедергі келтірген, жолаушылары көліктің терезесінен денесін шығарып отырған көліктерді анықтауға бірден кірісті. Нәтижесінде бейнежазбадағы "Toyota Land Gruizer Prada", "Toyota Rav4" маркалы көліктерінің кімге тиесілі екені нақтыланып, жүргізушілері анықталды. Бұл екі жүргізуші Шымкенттің 20 жастағы тұрғындары болып шықты. Жол қозғалысы ережесін бұзған көлік тізгіндеушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ "Toyota Rav4" жүргізушіне ҚР ӘҚБтК-нің 614-бабымен "Көлік құралдарының жүруіне кедергі келтіру" хаттама толтырылды. Ал "Toyota Land Gruizer Prada" жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабымен «Жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» әкімшілік шара көрілді. Бұдан бөлек бейнежазбадағы тағы бірнеше көлік жүргізушісінің жеке басы анықталып, тез арада тауып, жауапқа тарту жұмыстары жүргізілуде. Өз кезегінде көлік тізгіндегендер мұндай бассыздықтарға алдағы уақытта жол бермейтіндіктерін жеткізді. Жалпы жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларын азайту мәселесі әрқайсымыз үшін маңызды! Сондықтан сақшылар тарапынан рейдтік және мониторинг жасау жұмыстары одан әрі жалғаса бермек. Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жолда абай болуға және жол ережесін қатаң ұстануға кеңес береді. Жол қателікті кешірмейді.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Мақтаарал: Жүргізуші куәлігі жоқ екен...

Тәртіп сақшылары қоғамның тыныштығын басты назарда ұстайды. Олар түрлі қылмысты болдырмау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Мәселен, Мақтаарал ауданының полицейлері Атакент-Жетісай тас жолы бойында таңғы сағат 07:30 шамасында алдыңғы және артқы мемлекеттік белгілері жоқ «AUDI C4» маркалы автокөлікті тоқтатады. Аталған көлік құралының жүргізушісін тексеру барысында оның куәлігінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткендігі белгілі болды. Сондай-ақ оның ішімдік ішкенінен күдіктенген полицейлер, оған медициналық сараптама тағайындады. Нәтижесінде оның алкагольдік мас халде екендігі анықталды.

Осыған байланысты жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 1-бөлігі «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігі Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы» және ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» әкімшілік хаттамалар толтырылып, жинақталған іс-құжаттар Мақтаарал аудандық сотына жолданған болатын. Аталған жайтқа сәйкес аудандық соттың қаулысымен жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға мас халде көлік жүргізбеуге кеңес береді. Ішімдік ішіп, заң бұзатындарға, оның ішінде көлік айдайтындарға қатаң жаза қарастырылған. Сондықтан өзіңіздің және өзгенің өміріне қауіп төндірмеңіз!

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Түркістан: 100 келіден астам балықты заңсыз аулаған

Тіршілік атаулының қайта түлеп, жаңаша кейіпке енетін көктем мезгілі шаруаға да қолайлы кезең. Осы кезеңде табиғаттың тірі байлығын қорғаудың да маңыздылығы арта түсетіні шын. Әсіресе су айдындарында балық аулаушылардың қарасы көбейетіні де осы уақыт. Біреу балықты бас пайдасы үшін ауласа, енді бірі әуесқойлықпен суға қармақ салады. Дей тұрғанмен, заңсыз балық аулаудың зардабы көп екенін екінің бірі ескере бермейді. Полицейлер рейдтік іс-шара жүргізу барысында балық аулап келе жатқан браконьерді ұстады. Браконьердің жүргізіп келе жатқан «Тойота камри» маркалы автокөлігін тексеру кезінде көліктің жүк салғышынан 97 дана сазан балығын айғақты зат ретінде алды. Полиция қызметкерлері күдіктіні істің мән-жайын анықтау үшін полиция бөліміне жеткізді.

Тергеу барысында анықталғандай күдікті бұған дейін де балық аулап, мейрамханаларға өткізіп жүргендігі белгілі болды.

Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігі бойынша «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу» бойынша тіркеуге алып, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулауға тыйым салынғанын ескертеді. Сондай-ақ Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктерге зиян келтіргендер заң аясында жауапқа тартылады.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Полиция династиясының келіні, полиция майоры Дина

Қазіргі таңда жасөспірімдердің тәртібін қадағалап, бақылауда ұстау полицейлерге жүктелген маңызды міндеттердің бірі.  Бұл қызметтің қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтау ұзақ жыл еңбектің арқасында келетіні белгілі. Ал Әубәкірова Дина Бекірқызы осы саланың нағыз маманы. Дина алғаш  құқық қорғау органындағы қызметін Жетісай аудандық полиция бөлімінде  кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция  инспекторы болып бастаған. Міне содан бері 10 жылдан астам уақыт өтсе де  бір лауазымнан тапжылмай балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тынбай еңбектеніп келеді. 

 Дина Әубәкірова 1992 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданында дүниеге келген. Атасы Сайын Әубәкірұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан келген соң, зейнет жасына дейін Ішкі істер органында абыройлы қызмет атқарған. Атасының жолын жалғаймын деген бойжеткен мектептен түлеп ұшқан соң, Оңтүстікке аттанып, Жоғарғы оқу орнына   түседі. Оқуды ойдағыдай аяқтап, құқық қорғау органына қызметке орналасады. Сөйтіп арман қуып келген Солтүстіктің аруы Оңтүстікте сүйіп қалаған жұмысын жасап, өмірлік серігінде осында кезіктіреді.

- Мен мектепті тәмамдаған соң Сайын атамның ізін жалғаймын деп, әкемнің қолдауымен өз жолымды таңдаған болатынмын. Әлі күнге бір полиция бөлімінде, бір лауазымда қызмет атқарып келемін. Әрине үйренген жұмыс, бірақ қиыншылығы да аз емес. Жасөспірімдермен жақсы қарым-қатынас жасап, елдің болашақ тұлғаларының қауіпсіз қоғамда жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін тыңғылықты жұмыс жасауға тура келеді. Оның үстіне өзім учаскелік полицейлер әулетіне келін болып түстім. Қайын атам учаскелік полиция инспекторы болып, капитан шенімен құқық қорғау органынан зейнеткерлікке шыққан. Жолдасым да осы лауазымда қызмет атқарады. Қазіргі таңда екеумізде әкеміздің мерейін үстем қылып, майор шенін иығымызға тақтық.

 Жұмысы да, отбасы да құқық қорғау саласымен тікелей байланысқан Дина өзіне жүктелген міндеттің жауапкершілігін жақсы түсінеді. Өзі 2 ұл мен 1 қызды тәрбиелеп отырған ана болған соң, әрбір жеткіншекке баласындай қарауға тырысады. Себебі жұмысына деген адалдығы, жасөспірімдерге деген қамқорлығы ерекше. Бұл  қызметтен орын ауыстырғысы да келмейді. Полиция майорының басты мақсаты қоғамдағы тыныштықты күзетуге, келешек ел тізгінін ұстар, саналы ұрпақтарды тәрбиелеп, бәсекеге қабілетті жастардың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосу. Ендеше алға нақты әрі сенімді  қадам жасай білетін полицей арудың діттеген мақсатына жетіп, дәрежесінің биіктей беруіне тілектеспіз!