Жиын заңсыздыққа жол бермеуге арналды

Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары  Құрманбек Сахов, қамаудағы, пробациялық бақылаудағы азаматтармен атқарылатын жұмыстарды талқылау, олардың қатысуымен болатын қандай да бір заңсыздықтарға жол бермеу мақсатында жиналыс өткізді. Іс-шараға Шымкент және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесінің департаменті бастығының бірінші орынбасары әділет подполковнигі Пархат Исақбаев, Криминалдық полиция, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармалары мен басқа да мүдделі қызметкерлер қатысты. Сондай-ақ Тергеу изоляторы мен Түзеу мекемелерінің басшылығы мен қызметкерлері де қатысушылар қатарында болды.    Аталған жиналыста тараптардың әрқайсысы өз саласында белгіленген заңдылықтарға сәйкес жауапкершілікпен қызмет ету мәселесі баса айтылды. Одан бөлек қылмыстылыққа қарсы күрес бағытында бірлесіп жұмыс атқару, пробациялық бақылаудағы азаматтар бойынша ҚР ІІМ-нің бұйрық талаптарын орындау, оларды іздестірудегі туындайтын қиындықтар және бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.  Кездесу соңында нәтижелі жұмысқа жету мақсатында, нақты тапсырмалар, бағыттар белгіленіп, алдағы уақытта барлық тарап жұмысты жандандыратындығы сөз етіліп, ұсыныстар қаралды.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ӨЗІНДІК ҚАУІПСІЗ БАСҚАРМАСЫНА ЖАҢА БАСШЫ КЕЛДІ

ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен Түркістан облысы Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы лауазымына полиция полковнигі Нұрбол Мырзатаев тағайындалды.

Жаңа басшыны ҚР ІІМ ӨҚБ бастығы А.Саданов арнайы киелі өңірге келіп, басшылық пен жеке құрамға таныстырды.

Нұрбол Мырзатаев 2005 жылға дейін ҚР ІІМ-нің басшылық лауазымдарында қызмет атқарған. Ал 2022 жылға дейін Сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында қызмет еткен. Соңғы лауазымы Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті бастығының орынбасары қызметінде болған.

Жалпы ТО ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының жаңа басшысы, түрлі лауазымдарда қызмет атқарған, құқық қорғау саласында тәжірибесі мол, білімді де білікті маман.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Түркістан: Әнұранды шырқады

Түркістан облысының қала мен аудандардағы полицейлері арақашықтыққа қарамастан бір уақытта Әнұранды шырқап шықты

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнінде Түркістан облысының полицейлері ерекше челлендж ұйымдастырды.

Нақтырақ айтар болсақ, Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты 2 басқарма мен 15 бөлім бар. Аталған басқарма, бөлімдер облыстың қалалары мен аудан орталықтарында орналасқан.

Олар бүгінгі айтулы мерекеге орай Мемлекеттің айрықша белгілеріне құрмет көрсету мен жастардың патриоттық сезімін ояту мақсатында, арақашықтыққа қарамастан таңғы сағат 10:00-де бірдей Әнұранды орындады. Бір сызықтың бойында қаз-қатар тізілген сақшылар Әнұранды дауыстап, тебірене шырқады.

Полицейлер өздерінің осы әрекеттерімен әрбір тұрғында ұлттық рәміздерге деген құрметтің ерекше болуы қажеттігін және алдағы уақытта да Туды, Әнұран мен Елтаңбаның мерейін одан әрі де асыру, жастар арасында ұлттық рухты, патриоттық сезімді жетілдіру үшін жалғасын табатынын жеткізді.

Иә, Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің егемендігіміздің берік негізінің кепілі. Шекарасы шегеленген, өзіндік ұстанымы бар ел екенімізді дәлелдейтін белгі. Егеменді еліміздің біртұтастығын бейнелейтін көрініс.

Ендеше барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтап, Отанымыздың патриоты болуға шақырамыз. Әр шаңыраққа бақ-береке мен ынтымақ, татулық тілейміз. Көк Тудың желбірегені – қазақтың көсегесінің көгергені. Мереке құтты болсын!

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Түркістан: Қонақ үйге ұрлыққа түсті

Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, қонақ үйдің жанында тұрған өзіне тиесілі зат тасымалдауға арналған темір құралын, 2 метрлік 2 дана релс темірін белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Жәбірленушіге жалпы 160 000 теңге материалдық шығын келген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.  Тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген білгендерден жауап алды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктінің мекенжайы анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.  Анықталғандай жас жігіт пайдакүнемдік мақсатта күндізгі уақытта ұрлыққа түсіп, ұрлаған мүлкін  темір қабылдайтын орынға сатып жіберген. Полицейлер темір терсек сатып алатын орыннан темірлерді тәркілеп, айғақты зат ретінде алды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.  Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлық қылмысының алдын алу үшін тұрғын үйлер мен ғимараттарға, дүкендерге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Облыстық дін істері басқармасына жаңа басшы келді

Облыс әкімінің өкімімен Рүстем Сабыржанұлы Түркістан облысының дін істері басқармасының басшысы болып тағайындалды. Басқарма басшысын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов таныстырды.Рүстем Сабыржанұлы 1979 жылы Түркістан облысында туған. Білімі жоғары. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін, Алматы экономикалық университетін және Халықаралық гуманитарлық техникалық университетін тәмамдаған. Мамандықтары – экономика және құқық негіздері; мемлекеттік және жергілікті басқару; құқықтану. Еңбек жолын 2001 жылы Леңгір қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2002-2019 жылдары Леңгір қаласы әкімі аппаратының бас маманы, сектор басшысы қызметтерінде болған. 2019-2022 жылдар аралығында Түркістан облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы, бөлім басшысы, бас инспекторы, қызметтерін атқарып келді.

 

Келес: Есірткі сақтаған...

 

Есірткі қылмысымен күресу мақсатында  полиция қызметкерлері күнделікті жұмыстарды атқарады. Мәселен  Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында, жергілікті тұрғынның есірткі затына ұқсас өсімдікті сақтап жүргенін анықтады.  Полицейлер күдіктіні тінту кезінде қағаз орамына оралған есірткі затына ұқсас кептірілген өсімдікті тәркілеп алды. Аталған өсімдікті айғақты зат ретінде алып, сараптама тағайындады. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен,сол тектестермен, прекусорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеді. Сараптама қорытындысына сәйкес ол  салмағы  5 грамға жуық «кептірілген марихуана» болып шықты. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.  Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Егер сізде, есірткіні заңсыз сақтау және өткізу жайттары туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияға хабарласыңыз.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

 

Бәйдібек: Полицейлер 3 жасар бүлдіршінді тапты

Күнделікті қоғам тыныштығын сақтау қызметіне кіріскен Бәйдібек аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің назарына Шаян-Жамбыл тас жолының бойында жүрген 3 жасар шамасындағы бала ілікті. Кішкентай баланың жалғыз жүргенін байқаған полицейлер, бірден оның қасына келді. Бүлдіршіннен оның ата-анасы, үйі қайда екенін сұрағанымен, бала дұрыс жауап бере алмады. Осыдан соң тәртіп сақшылары ұл баланы полиция бөліміне жеткізіп, оның жағдайын жасап, тамақ-суын әперді. Одан ары ата-анасын табуға бағытталған қажетті жұмыстарды жүргізді. Ауыл аймақтан сұрастырып, әлеуметтік желі арқылы суретін таратып, соның нәтижесінде 1 тәулікке жеткізбей ата-анасын тапты. Ата-ана мен бүлдіршінді қауыштырды. Анықталғандай, бала өзінің ауласында ойнап жүріп, үйінен 2 шақырым қашықтыққа дейін алыстап кеткен. Ал анасы оны жақын маңда ойнап жүр деп, бейқам жүре берген. Ұлымен аман-есен табысқан тұрғын полиция қызметкерлеріне: «Кішкентай баламды тауып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз еткендеріңіз үшін алғысым шексіз! Сіздердің жұмыстарыңызға табыс тілеймін» - деп ерекше алғысын білдірді.  Өз кезегінде облыс полицейлері ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауды, барынша сақ болуды ескертеді.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

3 жылға сотталды

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне 2022 жылдың ақпан айында жергілікті тұрғын хабарласып, өзін белгісіз біреу бопсалап, ұялы телефонын тартып алғанын жеткізді. Жәбірленушінің айтуынша, оның араласып жүрген қызы қонақ үйге шақырған. Содан екі жас бөлмеде болған кезде, бөгде ер адам кіріп келіп, менің сүйген қызыма зорлық көрсеттің, сотталып кеткің келмесе 1 апта ішінде 500 000 теңге әкел деп қорқытқан. Онымен қоймай бейнетаспаға түсіріп, талап еткен қаражатты әкелмесең, таратып жіберемін деп, жеңіл дәрежелі дене жарақатын салып, ұрып-соққан. Сондай-ақ қолындағы «Samsung S9» маркалы ұялы телефонын тартып алып, ақша әкелгенде аласың деп бопсалаған. Аталған жайтты полицейлер бірден ҚР ҚК-нің 194-бабы «Қорқытып алу» бойынша тіркеуге алды. 

Сарыағаштық тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, бірден іске кірісті. Жәбірленушінің жауабы бойынша күдіктінің жеке басын анықтап, оның аталған қонақ үйде екенін анықтады. Сезіктіні ұстап, полиция бөліміне жеткізді.

Аталған істі Сарыағаш АПБ-нің аға тергеушісі полиция майоры Тимур Момбеков жүргізіп, күдіктінің қылмыстық іс-әрекетін дәлелдеп шықты. Сонымен қатар жас жігіттің бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасап, 26.12.2019 жылы Қазығұрт аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 194-бабы «Қорқытып алу» бойынша 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын алғаны белгілі болды. Яғни күдікті жазасын өтеп болмай жатып, қайта қылмыс жасаған. Полицейлер жинақталған іс құжаттарды айыптау актісімен сотқа жолдады. Нәтижесінде 23 жасар жас жігіт ҚР ҚК-нің 194-бабы «Қорқытып алу» бойынша кінәлі деп танылып, Сарыағаш аудандық сотының шешімімен 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ішкі істер саласында 15 жылдан астам қызмет етіп, талай істің ақ-қарасын ажыратып жүрген тергеуші, тұрғындарға қандай да бір қылмыстың құрбаны не куәсі болғанда, тез арада құзырлы органдарға хабарлауға кеңес береді. Бұл өз кезегінде қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік бермек.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат