Сауран: Көршісінің үйіне ұрлыққа түскен ер адам анықталды

Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оның үйіне белгісіз біреу терезесі арқылы кіріп, 2 дана ноутбук пен алтын бұйымдарын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңге. Аталған жайт бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде жәбірленушінің ауылдасы анықталды. Полицейлер оны полиция бөліміне жеткізді.

Анықталғандай, ер адам түнгі уақытта жәбірленушінің үйінде ешкім жоқтығын байқап, арам ойын іске асырған. Яғни қоршаудан секіріп өтіп, пластик терезені күшпен ашу арқылы үйге ұрлыққа түскен. Нәтижесінде ұрлаған алтындарды облыс орталығындағы ломбардтардың біріне өткізсе, ноутбуктың біреуін сатып кеткен. Ал ақшасын жаратып жіберген.

Күдіктіден айғақты зат ретінде ұрланған ноутбуктың біреуі тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Облыс полицейлері ескертеді, ұрлық қылмысының алдын алу үшін үйлеріңіздің терезесіне темір тор қойып, бейнебақылау камераларын орнатыңыздар.

ҚР Қылмыстық Кодексi 188-бап. Ұрлық туралы былай жазылған.

1. Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру – 
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық – 
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Мынадай: 
1) ірi мөлшерде; 
2) бірнеше рет: 
3) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Мынадай: 
1) қылмыстық топ жасаған; 
2) мұнай-газ құбырынан; 
3) аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп.

Төлеби: «Мүгедектікке шығарып беремін» деп 11 тұрғынды алдаған әйел ұсталды

Төлеби аудандық полиция бөліміне арызданып келген жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғанын жеткізді. Оның айтуынша, сырттай танысы «мүгедектікке шығарып беремін» деп сеніміне кіріп, 2021 жылдың желтоқсан айында 300 000 теңге ақша алады.

Содан арадан 1 жылға жуық уақыт өтсе де уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармайды. Дәл осындай арызбен полицияға бірнеше әйелдер шағым түсіріп, алданғандарын көрсетті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркелді.

Хабар алысымен төлебилік полицейлер жедел әрекет етті. Тұрғындарды алдап, ақшасын алып кеткен сезіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді.

Алаяқтық қылмысын ашу мақсатында, жәбірленушілерден нақты ақпараттар алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, поилцияға жеткізілді. Ол жұмыссыз әйел, жергілікті тұрғын болып шықты.

Бұл алаяқтық қылмысы бойынша жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп, әйелдің 11 тұрғынды алдап, 6 миллион теңгеден аса қаражат алғаны белгілі болды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері тұрғындарға мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін ескертеді.

Айта кетйік, бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген. Алаяқтық - бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.   Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген. Егерде кінәлі адам жай алақтық жасаған болса, яғни  ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген. Егер алаяқтың  ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе  алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда  аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Қылмыстық топ жасаған немесе  аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшернінен  асатын алаяқтық  жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.

 

Түркістан: 16 мыңнан астам ірі қараның мойнына жарық шағылыстыратын таспа ілінді

Төрт түлікпен болатын жол апатын болдырмау үшін 16 мыңнан астам ірі қараның мойнына жарық шағылыстыратын таспа ілінді.

Түркістан облысында жыл басынан бері үй жануарларының қатысуымен 21 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 10 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алды. Осыған байланысты полицейлер төрт түліктің қатысуымен болатын жол апаттарын болдырмау, алдын алу бағытында жан-жақты рейдтік-профилактикалық іс-шараларды жүргізіп келеді.

Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Асылхан Төрехановтың айтуынша: «Облыс тұрғындарымен жол апатының басты себептері мен оның алдын алу туралы әңгімелесу жүргізілді.

Учаскелік полиция инспекторларының бастамасымен малдардың қатысуында болатын жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында жылқылардың мойнына жарық шағылыстыратын таспалар ілуді ұсынып, бірқатарына өзіміз тағып көрсеттік. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесінде бүгінгі таңда 16 383 ірі қараның мойнына жарық шағылыстыратын таспа ілінді.

Таспаның ерекшелігі сол, қараңғы кезде жүргізушілердің көзіне алыстан бірден байқалады. Сондықтан жол апатын болдырмауға бағытталған мұндай шаралар жалғаса береді»-деп атап өтті.

Айта кетсек, 2022 жылдың 10 айында малдарын қараусыз жіберген 5 596 тұрғынға ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды және жою қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік шара көрілді.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 408-бабында  «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу»:

1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдары белгілеген ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу – 

үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. 

2. Жеке тұлғалардың мүлкіне залал келтіруге әкеп соққан дәл сол әрекет – 

он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді деп жазылған.

Сауран: Полиция қызметкерлері жоғалған екі жасөспірімді отбасына қайтарды

Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келді. Онда ер адам сағат 10:30 шамасында кәмелет жасына толмаған екі ұлы үйінен шығып, белгісіз бағытқа кетіп қалғандығын көрсетеді. Жақындары өз беттерінше іздегенмен, еш нәтиже шықпаған. Содан соң әкесі полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды.

Аталған жайт бойынша полиция қызметкерлері жұмылдырылып, іздестіру шаралары жүргізілді. Тәртіп сақшылары үй маңындағы көшелерді аралап, куәлардан сұрастырды. Жасөспірімдердің баруы мүмкін жерлер, дос-туыстарынан жауап алынды. Басқа да қалалық, аудандық полиция бөлімдеріне бағытнамалар берілді.

Атқарылған іс-шара барысында жедел уәкілдер 1 тәулік ішінде Түркістан қаласының орталық базарларының бірінен екі жасөспірімді тауып, полиция бөліміне жеткізді. Табылған екі баланы ата-анасына аман-есен табыстады. Анықталғандай, 14 жасар ұл бала әкесіне ренжіп, таңертеңгісін інісін ертіп үйінен шығып кеткен. Содан Түркістан қаласына келіп, кешкісін базар маңындағы құрылысы бітпеген ғимаратта түнеп шыққан.

Полиция қызметкерлерінің атқарған істеріне риза болған балалардың ата-анасы Сауран ауданының полицейлеріне өз алғыстарын жеткізді. Түркістан облысы полицейлері ата-аналарға балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді. Ал, егер де, балаңыз жоғалса тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.

Түркістан облысының полицейлері жыл басынан бері 30-дан астам экологиялық қылмысты анықтады

Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау тобының полициейлері 2022 жылдың 10 айында браконьерлікті анықтау және жолын кесу бойынша жұмыс атқарып, нәтижесінде 33 экологиялық қылмысты тіркеді, оның ішінде 15 істі сотқа жіберді. Мобильдік топтар құрамындағы полицейлер "Браконьер", "Уылдырық" және басқа да жедел-профилактикалық іс-шаралар шеңберінде қазіргі заманғы техникалық құралдарды, квадроциклдерді, қайықтарды және қызметтік автокөліктерді пайдалана отырып, бүкіл аумақты және қорғалатын табиғи аймақтарды қамти отырып, рейд жүргізді.

Жыл басынан бері заңсыз балық аулау дерегі бойынша 18 қылмыс тіркеліп, балық аулау ережелерін бұзған 457 азамат анықталды. Оның ішінде 431 бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, 7,5 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді. Тыйым салынған құралдарды (Қытай ау-торлары және т.б.) пайдалана отырып, заңсыз балық аулағаны үшін 26 азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, жиналған материалдар сотқа жолданды. Браконьерлерден 3 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық, 36 жүзу құралы, 4 қайық қозғалтқышы мен 44 түрлі балық аулау құралдары тәркіленді.

Сонымен қатар заңсыз аң аулаудың алдын алу бойынша 10 ай бойы жүргізілген рейдтік-профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде тұрғындардан тіркелмеген 21 аңшы қаруы тәркіленді. Аң аулау ережелерін бұзған 100-ден астам азамат анықталып, оның ішінде 48 адамға айыппұл салынды, ал 53 құқық бұзушыға ескерту шарасы қолданылды. Аталған кезеңде табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері ағаштар мен бұталарды заңсыз кесудің 3 жайтын анықтап, сотқа жолдады.

6,2 текше метр жиналған ағаш түрлері тәркіленді. Жасыл желектерді күтіп ұстау мен қорғау ережелерін бұзудың 60 дерегі анықталды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары сексеуілді және басқа да ағаштарды заңсыз кесудің алдын алу мақсатында, облыстық орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен бірлескен рейдтерді жалғастыруда.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 383-бабында «Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу»:Балық аулау қағидаларын, сондай-ақ балық ресурстары мен басқа да су жануарларын пайдаланудың басқа да түрлерiн жүзеге асыру қағидаларын қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ бұзушылық –  жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет – жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 3. Әуесқойлық (спорттық) балық аулауды қоспағанда, тыйым салынған мерзімдерде, тыйым салынған құралдармен немесе тәсiлдермен, тыйым салынған жерлерде балық аулау қағидаларын, сондай-ақ балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдаланудың басқа да түрлерiн жүзеге асыру қағидаларын қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ өрескел бұзу – әкімшілік құқық бұзушылық заттары және (немесе) құралы тәркiлене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет – әкімшілік құқық бұзушылық заттары және (немесе) құралдары тәркiлене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға – қырық, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – сексен, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 5. Балықтың су тарту құрылыстарына түсуінен қорғау үшін арнайы бейімделген құрылғыларды орнатпай, балық шаруашылығының су айдындарынан су тарту – жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады делінген. Одан басқа облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы Полиция департаменті Жер қатынастары және кәсіпкерлік басқармаларымен бірлесіп, мобильдік топтар құрылып, табиғи жер қойнауын, оның ішінде пайдалы қазбаларды (тас, құм, қиыршық тас және т. б.) заңсыз өндіру мен өткізуді анықтау, алдын алу және жолын кесу бойынша рейдтік іс-шараларды жүргізуде. Нәтижесінде жыл басынан бері табиғатты қорғау полициясының инспекторлары 86 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 73 жайт ҚР ӘҚБтК-нің 139-бабы бойынша жинақталған материалдар құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту және шығынды өндіру үшін Түркістан облысы бойынша Экология департаментіне жіберілді.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 139-бабында «Жер қойнауына мемлекеттiк меншiк құқығын бұзу»:

1. Жерасты суларын қоспағанда, жер қойнауын заңсыз пайдалану, жер қойнауына мемлекеттiк меншiк құқығын тiкелей немесе жасырын нысанда бұзатын мәмiлелер жасау – 

жер қойнауының ресурстарына келтірілген залал сомасының бір жүз пайызы мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. 

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 

әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлік, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықты жасау кезінде пайдаланылған құралдар мен заттар тәркiлене отырып, жер қойнауының ресурстарына келтірілген залал сомасының екі жүз пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. 

Ескертпе. Осы бапта көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде жер қойнауының ресурстарына келтірілген залал деп жер қойнауының заңсыз алып қойылған ресурстарының нарықтық құны танылады. 

 

ҚР ҚК-нің 334-бабының негізінде 13 жайтқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, алдағы уақытта оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады.

Түркістан облысының полицейлері мұндай профилактикалық және рейдтік іс-шараларды өткізу, браконьерлікті және табиғи ресурстарды заңсыз өндіруді азайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар тәртіп сақшылары азаматтарды табиғатты қорғауға шақырады және табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылғанын ескертеді.

ҚР Қылмыстық Кодексi 334-бабында «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану»:1. Жер қойнауын өз бетінше пайдалану, сол сияқты пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру, егер бұл іс-әрекеттер ірі залал келтірсе, – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 
2. Аса ірі залал келтіруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекеттер – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер – 
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп жазылған.

 

Түркістан облысында 150-ге тарта көлік айыптұраққа қойылды

Түркістан облысы ПД қызметкерлері "Борышкер" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Оның негізгі мақсаты - әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қаулылардың орындалуына бақылауды күшейту, оларды төлеуден жалтарған адамдардан әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу тиімділігін арттыру. Шара кезінде полиция мен сот орындаушылары бірлесіп қызмет атқарды.

Мәселен "Борышкер" іс-шарасының 10 күнінде түркістандық тәртіп сақшылары 16 261 құқық бұзушылықты анықтап, мемлекет бюджетіне 74 миллион теңгеге жуық кіріс түсті. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыларды орындамағаны үшін айыппұл тұрағына 147 автокөлік қойылды.

Мәселен полицейлер әрқайсысында 1 миллион теңгеден астам төленбеген айыппұлы бар 8 автокөлік жүргізушісін анықтады.

Осыған байланысты полицейлер азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға және басқа да құқық бұзушылықтар жасамауға шақырады.

Түркістан: 10 айда 23 мыңға жуық азамат құжатты болды

 

Түркістан облысы Полиция департаментінің барлық қалалық, аудандық полиция басқармалары мен бөлімдеріне қарасты көші-қон қызметімен бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Соның ішінде облыс орталығы Түркістан қаласында 2022 жылдың 10 айында 22899 азамат құжаттандырылды. Оның 10585-і төлқұжатқа, ал 12776-сы жеке куәлікке өтініш тастаған. Бұл азаматтардың 5 пайызы кері қайтарылды.                                        

Ведомствоның берген мәліметіне сүйенсек, көші-қон қызметі бөлімімен жыл басынан бері 10 661 шетел азаматы Түркістан қаласы аумағына уақытша тіркеуге қойылды. Оның 5800-ден астамы жұмыс бойынша келіп, бюджетке жеке табыс салығымен 56 миллион теңгеден астам ақша өндірілді. Жұмыс істеу үшін уақытша тіркеуге қойылған шетелдіктердің 85 пайызы жұмысқа құжаттандырылды.                                                                                       

Сонымен қатар ағымдағы жылдың 10 айында ҚР Азаматтығына - 20 азамат, ҚР Азаматтығын растауға – 2 азамат, ҚР Азаматтығы жоқ адам деп тануға - 1 азамат өтініш білдірген. ҚР тұрғылықты тіркеуге - 11, ҚР-да тұрғылықты қалдыруға - 11 азамат, шетелге тұрақты шығуға - 2 азамат өтініш білдірген. Сондай-ақ түркістандық полицейлермен жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 690 хаттама толтырылып, 8 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілген.

Көші-қон заңдылығын бұзған 2641 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды

 

Елімізде Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 5 сәуір күні «Қазақстан Республикасындағы паспорттық жүйе туралы ереже» қабылданды. Бұл паспорттық-визалық қызметті қайта құрудың алғашқы қадамы болатын. Ал бұл қызмет 1999 жылдан бастап Көші-қон деп атала бастады. Міне содан бері оның міндеті мен құрылымы күрделеніп, қызмет ауқымы да кеңейген. Түркістан облысының Полиция департаменті Көші-қон қызмет басқармасы бұл саланы өрге сүйреп келеді. Облыс аумағында заңсыз көші-қонның алдын алу, елдегі шетел азаматтарының құқықтық тәртібін бақылап, құқықбұзушылыққа жол бермеу, көші-қон заңнамасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру сынды жұмыстарды тыңғылықты атқарып келеді.

Қазіргі таңда ТО ПД Көші-қон қызметі басқармасының басшылық қызметін полиция подполковнигі Есенғали Бейсебаев абыроймен атқаруда. Бұдан бөлек бұл басқармадағы полиция полковнигі Қайрат Жүнісбеков, полиция подполковниктері Ауезбек Мырзабаев, Руслан Бейсалиев, Нұрым Абдуалиев, Бекарыс Игисинов, Зарина Абылаева, полиция майорлары Руслан Оспан, Бауыржан Бекбаев, Камила Бердиева, Лаура Ауелбекова, Асқар Мақанов және полиция аға лейтенанты Ақнұр Шырынбековалар нағыз өз ісінің мамандары. Түркістан шаһары облыс орталығына айналғалы келуші шетел азаматтарының саны күрт өсті десек те болады. Ал олардың елдегі жүріп-тұру тәртібін, қауіпсіздігін бақылап отыру өте маңызды. Соңғы 3 айда түркістандық көші-қон қызметкерлері заңнамаға сәйкес облыс аумағынан азаматтығы жоқ 4115 шетелдікті анықтап, есепке қойған. Бұлардың көпшілігі Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елінің азаматтары. Ал осы уақыт ішінде Республиканың көші-қон заңдылығын бұзған жалпы 2641 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұдан бөлек көші-қон қызметі алимент төлеушілерді, борышкерлерді іздеу, халықты құжаттандырып,тіркеу және Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау жұмыстарын іске асырады. Осыған орай жұмыстың жан-жақтылығына байланысты Көші-қон қызметі прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментімен, шекара қызметімен, еңбек және әлеуметтік қорғау департаментімен, экстремизм, жергілікті полиция қызметі және криминалдық полиция басқармасымен бірлескен іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп отырады.

Халықты құжаттандыру, тіркеу жұмыстарын жүзеге асыру барысында биылғы жыл басталғалы 48680 азаматқа жеке куәлік немесе төлқұжат алуға 1-нысандағы арыздар ресімделген. Ал төлқұжат немес тіркеу ережелерін бұзған 1801 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

2022 жылдан бастап Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау жұмыстарын да қарқынды жүргізді. Аз ғана уақыт ішінде азаматтыққа қабылдауға 381 шетелдік пен азаматтығы жоқ тұлғалар тұрақты тіркелген екен. Ал бұл бойынша 701 адам арызданған.

 20 жылдан бері төлқұжатсыз жүрген 70 жастағы қарт әжейді құжаттандырды

 Шардара АПБ көші-қон қызметі бөліміне 70 жастағы қарт әйел Атиш Баянова жеке басын құжаттандыруға өтініш білдірді. Ол 2002 жылы Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына көшіп келіп, құжаттарын жоғалтып алған. Содан бері 20 жыл бойына құжатсыз жүрген. Өтінішті алысымен көші-қон полицейлері бірден тіркеуге алып, шұғыл түрде кейуанамыздың құжаттарын рәсімдеді. Нәтижесінде аз ғана уакыттың ішінде тәртіп сақшылары апаның жеке басын анықтайтын төлқұжатын жасап, өз қолына табыстады. Төлқұжат алғанына қуанған әйел көші-қон полицейлеріне ыстық ықыласын білдірді.

«Мен осы құжаттарымды алу үшін өтініш білдірген едім. Полиция қызметкерлеріне үлкен рақмет. Жасымды сыйлап, аз уақыттың ішінде бітіріп берді. Жұмыстарың алға баса берсін»,- деді. Бүгінде көпті көрген кейуана 2 ұл 3 қыз өсіріп, одан 18 немере 4 шөбере сүйіп отыр.

 Көші-қон заңнамасын бұзған Өзбекстан азаматы анықталды

 Көші-қон – адамдардың тұрғылықты мекенінен әр түрлі себептермен басқа жерге қоныс аударуы, көшіп-қонуы. Осындай азаматтармен арнайы жұмыс жасайтын полиция қызметкерлерінің жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуде.

Мәселен, Мақтаарал ауданы полиция бөлімінің Көші-қон қызметі тобының қызметкерлері рейдтік шара ұйымдастырып, нәтижесінде құқық бұзушы шетелдік азаматты анықтады. Содан соң Өзбекстан Республикасы азаматының құжаттарын тексеру кезінде, оның Алматы қаласының әкімшілік мамандандырылған сотының үкімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын білді.

Алайда шетелдік азамат жауапкершілікке тартылып, ҚР аумағынан шығуына шешім қабылданса да, заң талаптарын орындамаған. Аталған жайт ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы 1-бөлігі «Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау» бойынша тіркеліп, хаттама толтырылып, жинақталған іс құжаттар Мақтаарал аудандық сотына жолданды.

Түркістан облысының полицейлері орын алған құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Сонымен қатар көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескерту жасалды.

  83 шетелдікке айыппұл салынып, 15 өзбекстандық елден аластатылды

ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес ел аумағында «Жалданушы-2022» атты терроризмге қарсы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Осыған байланысты Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Көші-қон қызметі бөліністерінің қызметкерлері бірлесіп, облыс аумағында ауқымды жұмыстар атқарып, рейд жүргізуде.

Мәселен Түркістан облысының полицейлері іс-шара басталғаннан бері 150-ден астам шетел азаматын тексерді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасына келіп-кету заңнамаларын бұзған 83 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 517, 518-баптарымен хаттама толтырылды. Оған қоса Өзбекстан Республикасының 15 азаматы сот шешімімен ел аумағынан аластатылды.

Жалпы мұндағы негізі мақсат – заңсыз көші-қон арналарын әшкерелеу, шетел азаматтарымен жасалатын қылмыстардың алдын алу, болдырмау, теріс діни ағымда жүргендерді анықтау болып табылады.

Осы ретте Түркістан облысының полиция қызметкерлері құқық бұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары мен жұмыс берушілерге профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтауды қатаң ескертеді.

 көші-қон заңнамасын бұзудың 10-нан астам жайтын анықтады

 Жетісай ауданы аумағында заңсыз көші-қон қызметінің алдын алу, жолын кесу мақсатында "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мәселен жетісайлық полицейлер көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігімен 8 құқық бұзушыны анықталып, оларға қатысты іс құжаттар жинақталып, Жетісай аудандық сотына жолдады.

Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 3-бөлігімен 2 құқық бұзушы, 519-бабы 1-бөлігімен, яғни “Шет ел азаматтарын заңсыз жұмыс күшіне пайдалану" бойынша 2 әкімшілік хаттама толтырды.

Жалпы Жетісай ауданының полицейлерімен бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғаса береді.

 

 

Түркістан облысы әкімімен бірге облыстың бас полицейі 3 ауданда бірыңғай қабылдау күнін өткізді

Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды барлық құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен бірыңғай қабылдау өткізді. Оған Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Талапұлы Қабденов те қатысты.

Жұртшылықпен жүздесу облыстың 3 ауданында: Шардара, Жетісай және Мақтааралда ұйымдастырылды. Оған 200-ге жуық тұрғын қатысып, көкейдегі ойларын, ұсыныстарын жеткізді.

Кезесуде облыс әкімі және облыстағы барлық департаменттердің басшылары болды. Тұрғындардың арыз-шағымы мен өтініштері тыңдалып, ашық пікір алмасу өтті.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидатына сәйкес өткен кездесуде тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер қозғалды.

Кейбір тұрғындар тарапынан қысқарған істер мен тергеу жүргізілудегі заңдылықтар бойынша мәселелер айтылды.

Полиция департаменті бастығы М.Қабденов тарапынан кездесудегі азаматтардың әрбір сұрағына нақты жауаптар беріліп, құқықтық сауатталықты арттыру бойынша түсіндірмелер жүргізілді. Соңында департамент басшысы аудандағы полиция бөлімдерінің жұмыс барысын тексеріп, тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша тапсырмалар берді.