ТҮРКІСТАН: ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА ӨТКІЗІЛГЕН ТҮНГІ РЕЙД

Түркістан қаласы ішкі саясат және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері және Түркістан қалалық ювеналды полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында беймезгіл уақытта заңды өкілінсіз жүруін анықтау барысында түнгі рейд өтті.

Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының заңына сәйкес кәмелеттік жасқа толмаған жастардың түңгі 23:00 ден кейін заңды өкілінсіз көшеде немесе ойын сауық орталықтарында жүруі бойынша тексеру. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршіп тұруы, ата-ананың қарауынсыз қалуы, тәлім – тәрбие мәселелерін қолға алу және келеңсіз жағдайлардың алдын алу.

Сонымен қатар іс-шара барысында жастар мен жасөспірімдерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің жаңа баптары 127-бап ата-ананың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларға тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы туралы:

1. Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы – 

он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. 

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – 

он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді. 

3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, ата-ананың немесе осы мiндеттер жүктелген өзге де адамның, сол сияқты педагогтің немесе білім беру, денсаулық сақтау ұйымының немесе өзге де ұйымның тәрбиелеу және (немесе) білім беру жөніндегі міндеттер жүктелген басқа да жұмыскерінің жасаған, кәмелетке толмаған адамның алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуына не қаңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуына не оның қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауына алып келген іс-әрекеті – 

жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келетіндігі жөнінде айтылды.

441-бап жекелеген қоғамдық орында темекі шегуге тиым салуды бұзу: 1. Осы баптың 1-2-бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтыну - жеке тұлғаларға он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. 

1-2. Әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтыну - 
жеке тұлғаларға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. 
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – 
жеке тұлғаларға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. 
3. Жұмыс берушiнiң темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды бұл үшiн арнайы айқындалмаған орындарда тұтынатын адамдарға шаралар қолданбауы - 
лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келетіндігі туралы айтылды. 

442-бап кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын жайдан тыс жерде болуға тыйым салынатындығы жайлы:  1. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – 
заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

2. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы – 

заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғады. 

3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 

заңды өкілдеріне жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғадындығы ескертілді.

Бәйдібек: Тау арқарын өлтірген...

Полицейлер Қызыл кітапқа енген тау арқарын ұстап, сойып алған тұрғынды анықтады.

Экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында, Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғыннан арқар етін тапты.

Нақтырақ айтсақ, Бәйдібек ауданы Табиғатты қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Алмас Серіков, күнделікті жұмысын атқару кезінде, таулы аймақта атты ер адамды байқап, оны тоқтатып не мақсатпен жүргенін сұрастырады. Сондай-ақ тұрғынның өзімен бірге алып келе жатқан қапқа көзі түсіп, күмәнданған полицей тексереді. Осы кезде қап ішінен белгісіз аңның жаңа сойылған еті табылып, тәркіленіп алынды. Сараптама тағайындалды.

Тәртіп сақшылары сезікті жас жігіттен жауап алу барысында, ол қаптағы ет арқардың еті екенін, оны ұстаған кезін өз ұялы телефонына түсіріп алғанын жеткізді. Анықталғандай, мал бағып жүрген жас жігіт өзінің иттерімен бірге арқарды ұстап алған. Бұдан кейін аталмыш жануарды сойып алып, қайтып келе жатқанында полицейге ұсталған.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 339-бабы «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға ҚР-ның "Қызыл кітабына" енгізілген сирек кездесетін жануарларға байланысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын қатаң ескертеді.

ҚР Қылмыстық Кодексi 339-бап. Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу:

1. Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде олардың айналымы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттелетін түрлерін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жою – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

1-1. Киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау – мүлкі тәркіленіп, үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Осы баптың бірінші немесе 1-1-бөліктерінде көзделген, мынадай: 

1) бірнеше рет жасалған; 

2) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған; 

3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалған; 

4) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған; 

5) ірі залал келтіре отырып жасалған іс-әрекеттер – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш мыңнан жеті мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Осы баптың бірінші, 1-1 немесе екінші бөліктерінде көзделген, мынадай: 

1) қылмыстық топ жасаған; 

2) аса ірі залал келтіре отырып жасалған іс-әрекеттер – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Ескерту. 339-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік о
н күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

Түркістан облысында бірнеше көліктің қатысуымен жол апаты орын алды

02.11.2022 жылы Қазығұрт АПБ-ға Алматы-Термез тас жолы «Қазығұрт асуында» жол апаты орын алғаны бойынша хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, патрульдік полиция батальонының қызметкері терезесін күңгірттеп алған «Mercedes-Benz Е-350» маркалы көлігіне әкімшілік шара көріп тұрған сәтте, Шымкент бағытына қарай кетіп бара жатқан «Лада 21015» маркалы автокөлігінің жүргізушісі абайсызда артынан келіп соққан.

Өз кезегінде «Mercedes-Benz Е-350» көлігі өзінің алдында тұрған полицейдің «KIA RIO» маркалы қызметтік көлігіне соқтығысқан. Осылайша бірнеше көлікке материалдық шығын келтірілді. Адам шығыны жоқ. Жол апаты салдарынан «Лада 21015» көлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен орталық ауруханаға түсті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігі бойынша тіркеуге алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, ҚР Қылмыстық Кодексi 345-1-бап. Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы:

1. Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге алып келген бұзуы – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге алып келген дәл сол іс-әрекет – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекет – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген іс-әрекет – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ескертпе. Осы бапта көрсетілген адамдарға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамдар жатпайды. 

Түркістан облысында тергеуші полицей хабар-ошарсыз жоғалып кеткен тұрғынды тапты

Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол үйінде жүрген мүмкіндігі шектеулі 46 жастағы әпкесінің белгісіз бағытқа шығып кеткенін және қайта оралмағанын көрсеткен. Содан жәбірленушілер өз беттерінше іздеуден нәтиже шықпағаннан соң, полиция қызметкерлерінен көмек сұрады.

Аталған жайт бойынша Түркістан ҚПБ тергеушісі полиция аға лейтенанты Айбек Пернебек Сәдуақасұлы жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Соның нәтижесінде бір тәулік ішінде жоғалған әйел табылып, отбасына қайтарылды.

Анықталғандай күндізгі уақытта орта жастағы әйел үйінен шығып кетіп, көше бойында жүрген. Сондай-ақ полицейлер әйелдің түн ортасы болғанда көршісінің үйіне ескертпестен кіріп қонғанын анықтады. Жоғалған әйелдің туыстары полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Белгісіз бағытта үйден шығып кеткен туыс әпкемді тауып берген полиция қызметкерлеріне және полиция қызметкері Айбекке алғысымды айтамын. Жұмыстарына сәттілік тілеймін!»- деп өз ризашылығын білдірді.

Түркістан: "Адал көмек" жобасы аясында азаматтарға тұрғын үй және жер саласына қатысты кеңестер берілді

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) азаматтарға құқықтық көмек көрсету, халықтың әлеуметтік осал топтарына өмірлік маңызды мәселелерді шешуде заң көмегін көрсететін «Адал көмек» жобасын жүргізіп келеді.Келелі жобаның негізгі мақсаты - ашықтықты қамтамасыз ету, тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің шешу жолдарын тікелей әлеуметтік объектілерде қарастыру және заң аясында құқықтық көмек көрсету.Жұртшылықпен оң бағаланған аталмыш жобаның жалғасымен өткен кезекті іс-шара Түркістан қаласы әкімдігінің «Халықтық кеңсесінде» тұрғын үй және жер салаларындағы проблемалы мәселелерге байланысты мемлекеттік орган өкілдері өңір тұрғындарын толғантқан мәселелеріне құлақ түріп, олардың шешу жолында азаматтармен кері байланыс орнатып, құқықтық кеңестер берді.Тұрғындарға құқықтық кеңес беру шарасында Департаментпен бірлесіп, Түркістан қаласы әкім аппараты, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалы /жылжымайтын мүлік, кадастр бойынша/, Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі, Түркістан қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі, Түркістан қаласы әкімдігінің  тұрғын үй қатынастары бөлімі және тұрғын үй инспекциясының өкілдері қатысты.Шараға қатысқан азаматтардың негізгі мәселелері зейнеткер ретінде тұрғын үй кезегіне тұру, мүгедектігіне байланысты тұрғын үй кезегіне тұру, тұрғын үйіне мемлекеттік акті алу және тұрғын үй салу үшін жер алу мәселелеріне қатысты болды. Тұрғындарға заң шеңберінде түсіндірмелер берілді.Іс - шараға келген азаматтарға мамандармен заң асында құқықтық кеңестер және бірқатар азаматтарға тұрғын үй алу үшін тұрған кезегінің реттік нөмірі туралы мәліметтер берілді.Айта кетейік, «Адал көмек» жобасы аясындағы іс-шаралар жыл соңына дейін айына екі рет тұрғындардың келуіне қолайлы, жұртшылық көп шоғырланатын орындарда өтетін болады.

Мақтаарал: Несие рәсімдеп, шығын келтірген...

Біреудің атынан несие рәсімдеп, тұрғындарға шығын келтірген жігіт ұсталды.

Мақтаарал полициясына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның атынан белгісіз 900 мың. тенге астам несие алып, банкке қарыз еткен. Біраз уақыт өткен соң берешектері көбейіп, банктен хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында мақтааралдық полицейлер қажетті іс-шараларды жүргізді. Нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысы бар күдіктіні тұрғылықты мекенжайынан анықтады. Ол жұмыссыз ер азамат болып шықты.

Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеңіздер деп ескертеді. Банктік карточкаларыңыз бен жеке куәлігіңізге, жалпы құжаттарыңызға ұқыпты болыңыздар.

Айта кетйік, бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген. Алаяқтық - бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.   Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген. Егерде кінәлі адам жай алақтық жасаған болса, яғни  ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген. Егер алаяқтың  ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе  алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда  аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Қылмыстық топ жасаған немесе  аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшернінен  асатын алаяқтық  жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.

Түркістан: Деструктивті діни уағызшылардың қоғамға қауіптілігі

Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарында дін саласындағы бос орынның біраз бөлігін сырттан келген діни топтар мен ұйымдар толтырды. Олардың бір бөлігі араб елдерінен, орталық Азия арқылы Үндістан, Ауғанстаннан, Таяу Шығыс пен Түркия елінен келген діни жамағаттар да болды. Әрбір әлеуметтік топтың бір мақсат айналасында топтасып, ұйымдасып, өзіне сай сипат қалыптастыруының артында үлкен әлеуметтік, экономикалық, саяси және тағы да басқа факторлар жатады. Әсіресе бұл діни топ болса тіпті нәзік тақырып болмақ. Біздің елімізге келген діни жамағаттардың барлығы да экстремистік топқа немесе қандай да бір секта категориясына жатпауы мүмкін. Дегенмен ол жамағаттарды жақсы немесе жаман деп ажыратудың да керегі жоқ. Барлығы да сырттан келген діни жамағат категориясында қарастырылу керек. Осы діни топтардың тарихи кезеңін, харизмалы көшбасшысын, ол елдегі беделін, бар болса олар жайында жауабын таппаған сұрақтарын егжей-тегжейлі қарастырып өз көзқарасымыз бен дүниетанымымыз тұрғысынан баға беру біздің міндетіміз. Сонымен қатар, топқа бөлінушілікке себеп болу ықтималдығы. Мұндай мәселе болса да, болмаса да біз оны қаперде ұстауымыз қажет.

Ал, әрбір діни жамағаттың міндетті түрде идеологиялық көшбасшылары болады. Олар алғашқы жылдары шетелдерден келген уағыз-насихатшылар болса, уақыт өте келе көшбасшылар қазақстандық жастардың арасынан таңдап алынды. Мысалды алыстан келтірудің қажеті шамалы. Түркістан облысының өзінен елімізге танымал деструктивті діни ағымдардың уағыз-насихатшылары, бірнеше көшбасшылары қалыптасты. Атап айтқанда, Қазақстанға «тәкфирлік» көзқарастың түбегейлі еніп, бірнеше азаматтарымыздың террористік іс-әрекеттерге қол ұруына, «жиһад» деп шекара асуына ықпал еткен «шейх Халил» атымен танымал болған Абдухалил Абдужаппаров Сайрам ауданының тумасы болып табылады. Ол еліміздің батыс облыстары діндарлары арасында «тәкфир» идеясын таратқан. Жалған уағыздаушының әрекеті Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларында жасырын радикалды ұйымдардың пайда болуына ықпал еткен.

Сол секілді бір ғана Сайрам ауданынан Октам Заурбеков, Абдурафи Рахматуллаев, Мамыржан Хайтметов секілді «сәләфилік» бағыттағы бірнеше уағыз-насихатшылар, көшбасшылар шықты. Ал, Дильмурат Махамадов болса Сарыағаш ауданының тумасы болып табылады. Аталған азаматтар  әр жылдары экстремизм мен терроризмді насихаттау, ұлттық және діни алауыздықты қоздыру бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алайда, олардың діни уағыздары мен насихаттары әлі күнге дейін әлеуметтік желілер мен «Ютуб» арналарда жоғары сұранысқа ие.

Ендігі кезекте жоғарыда аты аталып, түсі түстелген азаматтарға ортақ мәселелер мен олардан қоғамға келген, осы секілді болашақта әлеуметке зиянды болуы мүмкін дүниелердің басын ашып кетуді жөн санадық.

Біріншіден, олардың діни білімді шетелдерден, атап айтқанда Сауд Арабиясы, Пәкістан секілді елдерден алуы. Олар діни білімді аталған мемлекеттердегі ресми оқу орындарынан емес, хужралар немесе марказдардан бастап алғандығын ескерген жөн. Ал, хужра, марказ жүйесімен берілген білім мемлекет тарапынан бақыланбайды. Бұл дегеніміз аталған жүйенің жемістері болашақта қоғамға, елге қауіп тудыруы мүмкін. Шетелдердің осындай күмәнді оқу орындарына білім алған жастар болашақта сол елдің сойылын соғуы мүмкін. Шетелдерден келген діни ағымдардың, олардың көшбасшыларының біздің еліміз үшін ең басты қаупі ол – сырттан басқарылуында.

Екіншіден, діни ағымдар мен олардың көшбасшыларының қаражат көздерінің жабықтығы. Мысалы, Абдухалил Абдужаппаров, Октам Заурбеков және Дильмурат Махамадов секілді уағызшылар елімізде бірнеше жылдар бойы ресми жұмыссыз болған. Алайда, олардың материалдық жағдайы өзгелерге қарағанда анағұрлым жақсы еді. Сондай-ақ, Абдухалил Абдужаппаров және Дильмурат Махамадов он жылға жуық Сауд Арабиясында отбасымен бірге тұрды. Дегенмен, қаржылық мәселелері әлі күнге дейін жұмбақ болып қалуда.

Үшіншіден, дін деп өзге ұлттың мәдениетін елге алып келіп қоғамға тықпалау. Мысалы, түрік, араб елдерінде білім алғандар сол елдің салт-дәстүрін, киім кию әдебін тасымалдауда. Осындай жаңсақ түсініктің салдарынан дін атын жамылып, тұтас бір қазақ деген ұлттың салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихы мен өмір сүру дағдысына соққы жасап, оны өшіруге, жоюға ұмтылуда.

Төртіншіден, олардың ең потенциалды проблемасы бөлінушілік, бір-бірін мойындамайды. Тіпті, бір «сәләфилік» ағымының өзінде ішінара алауыздық пен бөлінушілік басым. Сонымен қатар, олар ҚМДБ-ның ресми имамдарын тыңдамауға шақырады. Ал, түрік жамағаттары өздерінің имамдарын, пірлерін ғана тыңдап, дінді тек өз ұстазының түсінігімен шектеп келеді. Бұл түптеп келгенде қоғамды біріктіруге емес, бөлшектеуге алып келуде.

Қорыта айтқанда, біз жоғарыда тізбектеп өткен мәселелердің қауіптілігі баяу білінгенімен, қоғамға тигізер зардабы ауыр болмақ. Түптеп келгенде олардың іс-әрекетінің салдары қоғамның бөлшектенуі мен елдің бүлінуіне әкеліп соғады. Идеологиялық тұрғыдан бүлінген қоғамды қайта түзеуге ұзақ уақыт пен ұрпақтар ауысымы қажет. Сондықтан тұрғындарымыз дін мәселесіне бей-жай қарамай, жылтыр-жұмсақ сөйлеген уағызшыларға көзсіз ермесе дейміз. Тек ресми діни бірлестіктердің заңды өкілдеріне жүгінгені абзал.

 

Медет Халықов

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары             

Төлеби: Мал ұрлығымен айналысқан...

Жайылымнан мал ұрлаумен айналысқан екеу қамауға алынды.

Төлеби ауданы полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, түнгі уақытта жайылымда жүрген 1 бас биесі мен құлынын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алынды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне мал ұрлығына қатысты жаңа бап енгізілді. Бұл қылмыс үшін тағайындалатын жаза басқа ұрлықтарға қарағанда қатаң болмақ. Кодекстің бұрынғы нормалары бойынша мал ұрлығына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар жалпы ұрлық санаты бойынша бір баппен (188-бап) сараланып келген болатын. Жоғарыда аталған заң талаптарына сәйкес қазіргі уақытта мал ұрлығы өз алдына бөлек баппен (188-1-бап) сараланатын болып белгіленді. Егер, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы әрі ірi мөлшерде жасалған қылмыс болса – 7 жылға дейін, бірнеше рет және мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалса – 10 жылға дейін, қылмыстық топ әрі аса iрi мөлшерде жасалған жағдайда – 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сонымен қатар, қосымша жаза ретінде мүлкін тәркілеу міндетті түрде тағайындау көзделген. Тағы бір ескерте кететін жәйт, осы баптың 1-бөлігі ауырлығы орташа қылмыстар санатына жататын болса, қалған 2, 3 және 4-бөліктері ауыр қылмыстар болып есептеледі. Осы бап бойынша  ірі қара мал, жылқылар мен есектер,  түйелер, ұсақ мал және шошқалар мал деп түсініледі, яғни, аталған жануарларды ұрлаған жағдайда Кодекстің 188-1-бабымен қылмыстық жауаптылық туындайтынын ескергеніңіз жөн. Ақпарат алысымен мал ұрыларын ұстау мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Куәлардан жауап алып, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Осындай жедел әрекеттің нәтижесінде, полицейлер күдіктінің ізіне түсіп ұстады. Полиция бөліміне жеткізілген екеу, Сайрам ауданының тұрғындары болып шықты. Анықталғандай, күдіктілер түнгі уақытта жайылымда қараусыз жүрген бие мен құлынды айдап әкеткен. Содан оңай жолмен келген олжаларын арзан бағада сатып жіберген. Тергеу кезінде күдіктілердің бұдан бөлек 3 жайт мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Онда мал ұрылары үш сиыр мен 1 бас жылқыны жымқырған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеден асады. Ұрланған малдарды сатып, ақшаларын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.