Түркістан облысының полицейлері "Учаске" іс-шарасының қорытындылады

Түркістан облысының аумағында Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері 1 айға жоспарланған "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Ондағы негізгі мақсат - қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелердегі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнату.

Іс-шара кезінде учаскелік полиция инспекторлары визит карточкаларын таратып, қызмет көрсетілетін әкімшілік аймақтарындағы аула және пәтерлерді аралап, жалға берілетін пәтерлерді, базарлар мен ойын-сауық мекемелерін, заңсыз келген шетелдіктерді, шаруа қожалықтарын, тіркелмеген қару сақтауды, сондай-ақ қолайсыз отбасылар мен профилактикалық есепте тұрған адамдарды тексерді.

Мәселен, "Учаске" шарасы кезінде полицейлер 357 мыңнан астам пәтер мен 336 мыңға жуық үйді аралады. Тәртіп сақшылары облыс бойынша 314 жалдамалы пәтерді анықтады. Сондай-ақ тұрғылықты жері жоқ 83 адам анықталып, оның ішінде 11-і қабылдап-тарату орнына орналастырылды. Сонымен қатар қару иелерінің тұрғылықты жері тексеріліп, заңсыз айналымнан 10 бірлік тіркелмеген қаруды тәркіленіп алынды. Учаскелік инспекторлар құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 829 ұсыныс енгізді.

Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша 450-ден астам құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Полицейлер атап өткендей, мұндай жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ полиция мен халықтың кері байланысын нығайтуға ықпал етеді.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 517-бабында «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» төмендегідей жазылған:

Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру қағидаларын сақтамаудан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 
он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарып жiберуге алып келеді. 
Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетпеуінен көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 
1) үш тәулік ішінде – 
ескерту жасауға алып келеді; 
2) үш тәуліктен астам бес тәулік өткенге дейін – 
он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді; 
3) бес тәуліктен астам он тәулік өткенге дейін – 
он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. 
Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтаруынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 
жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарып жiберуге алып келеді. 
Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе жергілікті атқарушы орган өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы немесе жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын жағдайда, мұндай анықтаманы не рұқсаттарды алмастан, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруы – 
жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберуге әкеп соғады. 
Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –  
он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады. 
Осы баптың екінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер –  Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жібере отырып, он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 

 

 

 

 

 

 

Түлкібас: Тәртіп сақшылары алаяқтардан абай болуға шақырады!

Түлкібас АПБ қызметкерлері аудан аумағында интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Себебі, соңғы кезде алаяқтардың құрығына ілінетіндер көбейді. Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. «Уақыт талабынан олар да қалыс қалмай келеді», деген тәртіп сақшылары ғаламтордағы әккілердің, әсіресе әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланып отырғанын мәлімдеді. «Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр»,-дейді түлкібастық тәртіп сақшылар.  Осыған орай Түлкібас ауданының полицейлері интернет алаяқтардан абай болу керектігін, өз жинақтарына ұқыпты болуы қажеттігін талап етеді. Сонымен қатар алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларын қолданып, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге шақырады. Сондай-ақ күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға және спам хабарламаларға сенбеу туралы ескертеді.Себебі,  интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды, деген полицейлер қолында компьютер, смартфон, планшеті бар кез келген адамның кез келген уақытта ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айнала алатынын ескертіп өтті. Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Әсіресе сұранысқа ие Instagram әлеуметтік желісінде кімнің ақ, кімнің арам екенін ажырату өте қиын.

Кейінгі кезде алаяқтардың «Сіздің нөміріңіз бір ұтыста жеңімпаз атанды» деп кез келген кездейсоқ абоненттік нөмірге қоңырау соғуы немесе SМS-хабарламалар жіберуі жиілеп кеткен. Арам ниеттілер ұтысты басқа қаладан алып кетуді немесе жеңіп алған тауардың құнын пластикалық картаға аударуды ұсынады.

«Айта кетерлік тағы бір жайт, интернет алаяқтықтың көпшілігі трансшекаралық сипатқа ие. Мәселен, бір қылмыстық істе қаскүнем басқа өңірде, кейде тіпті басқа мемлекетте жүруі мүмкін. Сол себепті қылмыстың бұл түрін ашуға бірталай уақыт жұмсауға тура келеді. Өйткені өзге елде жүрген күдіктінің немесе жәбірленушінің жеке тұлғасы мен мекенжайын анықтау үшін шет мемлекеттегі құқық қорғау органдарына сұрау салу мен тапсырмалар жіберу міндетті болып саналады. Ал бұл іс-шараның барлығы бірден шешіле қоятын оңай шаруа емес екенін айтпасада түсінідкіт. Сондықтанда мамандар аса мұқият болып, алаяқтардың құрығынан сақ болуға шақырады. 

 

Түркістан: Полицейлер жүргізушілерді қысқы маусымға автокөліктерін дайындауға шақырады

Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы мен патрульдік полиция қызметкерлері бірлесіп, облыс орталығының жолдарында жүргізушілерге көлік құралдарын қысқы кезеңге дайындау қажеттілігі туралы түсіндіру бойынша іс-шаралар жүргізуде. Тәртіп сақшылары рейд кезінде автокөлік жүргізушілеріне көліктерін қысқы мезгілге қалай дайындау керектігі туралы көрнекі ақпараты бар парақшалар таратты. Оның да себебі бар. Қазақстанның барлық өңірі бір мезгілде қар жамылып үлгермесе де алып территориямыздың көп бөлігі қысты қарсы алып қойған. Әйтсе де «қыс шанасын жаз сайлап алған» автокөлік жүргізушілері қаннен қаперсіз. «Темір тұлпарын» қыс мезгіліне сай тиісті техникалық жағдайға келтірмеген жандар көптеп табылады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін алаңдататын да осы жайт.

 

Қылышын сүйретіп қыс келгенде қамданбай жүрудің соңы қайғы-қа­сіретке, өкініш пен опы­нуға алып кел­мей қоймайды. Оған – тәртіп сақ­шы­ларының жыл­дар бойғы жұмыс тә­жі­рибесі куә.

Елімізде тіркелетін жол-кө­лік оқи­ғаларының басым көпшілігі де енжарлардың кесірінен орын алатын көрінеді. Полиция қыз­меткерлері осы мәселе туралы­ жұрт­шылықты құ­лақ­тан­ды­ру­дай-ақ құлақтандырып жат­қа­нымен, оқыс оқиғалар саны азай­май тұр. Сақтанбай жүріп сан соғып қал­ғандар көп. Сондықтан да, тәртіп сақшылары қазірден бастап, түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Олар жүргізушілерді жолға шықпас бұрын автокөліктің жай-күйіне және оның техникалық жарамдылығына байыппен қарауға шақырады. Қыс мерзіміндегі маңызды мәсе­ленің бірі – автокөліктерді пай­дала­ну­дың маусымдық әзір­лігі. Сондыұтан да, тәртіп сақшылары жүргізушілердің техникалық байқаудан өтуіне, жазғы доңғалақтарын қысқы доңғалаққа ауыстыруына назар аударуға шақыруда.  Сондай-ақ көлікке қажетті майларын ауыстырып, жаңа сүзгілерді қойып, тежегіш жастықшаларын, шамдарын, әйнек тазалағыштарын, салқындату жүйесін тексеріп қоюға кеңес берді. Сонымен қатар жолдарда мүмкіндігінше мұқият болу керек, әсіресе ауа райының қолайсыздығында жылдамдық режимін, маневр жасау ережелері мен қашықтықты сақтау қажеттігін жеткізді.Қыс мезгілі келгенде ауыр жүк көлік­терінің жүргізушілері сырғуға қарсы ті­реуіш құрыл­ғы­ларын үнемі өзімен бірге алып жүру­лері керек. Бұл құрылғылар авто­көліктің өз еркімен жылжуы­на, сыр­ғуына жол бермейді. Әсі­ресе, сырғуға қар­сы тіреуіш құ­рыл­­ғылары жүк көлігі тауға не бол­­маса өрге көтеріліп бара жат­қан­ кезінде міндетті түрде болуы тиіс. Автокөліктерді қыс мезгілінде пай­да­ланудың енді бір ерекшелігі – қауіп­сіз қозғала білу саналады. Ең алдымен қозғалыс жыл­дамдығын дұрыс таң­дау қажет. Себебі, қыс мезгілінде доң­ға­лақтың жол үсті жабыны­мен үй­­келісі өзгереді. Сондықтан те­жеуішті бас­қан кез­дегі авто­кө­ліктің сырғанау қа­шық­ты­ғы ұзарады, көлікті басқару па­раметрлері түрленеді. Тиісінше, қозғалыс жылдамдығын дұрыс таңдамау мен авто­көлікті тиімсіз тежеудің, көліктің бас­қаруға кел­меуінің кесірі жол-көлік оқи­ғасы­ның орын алуына себепкер болады. Қозғалыс барысында қандай да бір қауіпсіз әрекет ету (маневр) үшін автокөліктер арасындағы қашықтықты және бүйірдегі арқашықтықты сақтай білу қа­жет. Бұл да тежеуішті басқан кез­­дегі автокөліктің сырғанау қа­шық­тығына, көлікті басқару па­раметрлеріне әсер етеді.Автокөліктерді қыс мезгілінде пай­да­ланудың тағы бір ерекшелігі бар. Мә­селен, жол үстінде бұған дейін жүріп өт­кен автокөліктердің доңғалақтары қал­дырған сорап (колея) пайда болуы мүм­кін. Одан бөлек, қардағы із қалыңдап, омбы қар мен жол жиегіндегі күртік қар­­дың кесірінен әдеттегі жалпақ жолдар жіңішкеріп кетіп жатады. Осының бар­­лығы қозғалыс режіміне, қауіпсіз әрекет етуге кедергі келтіреді. Қозғалыс қар­қыны бәсеңдеп, жолдарда жүру мүм­кіндігі азаяды. Сондықтан автокөлік жүр­гізушілері қыс мез­гілінде жол-көлік оқи­ға­ла­рына тап болмау үшін аталған фак­­торлардың барлығын ескеру­лері керек. Полиция қызметкерлері қала аума­ғынан тыс, алыс елді мекендерге сапарлауды жоспарлап отырған жүргізушілерге өзімен бірге тіреу тросын, күрегін алып жүруге кеңес береді. Ал ауыр жүк көлік­тері мен автобустар үшін сыр­ғанауда­н сақтайтын шын­жырлары болған жөн. Ауыс­тырып киюге болатын жылы киім, жылы аяқкиім, басы артық жа­нар-жағар май алып жүру де ар­тық етпейді. «Бұл ретте  жаяу жүргіншілерді де құлақтандыра кеткен жөн болатын шығар. Мәселен, қыс мезгілінде күн қыс­қарып, түн ұзаратыны белгілі. Тиісін­ше, авто­көлік жүргізушілерінің анық кө­ру мүмкіншілігі азаяды. Сон­дай-ақ қар мен мұздың кесі­рінен тежеуішті басқан кездегі автокөліктің сырғанау қашықтығы ұзара түседі. Сондықтан жолды тек арнайы жабдықталған же­рінде ғана кесіп өту қажет. Жаяу жүргіншілер жолағымен, көше қиылыстарымен жүрмес бұрын автокөлік жүргізушісінің сізге жол берген сәтін күткен жөн бола­ды. Осындай қарапайым ере­же­лерді сақтай отырып жаяу жүр­гіншілер қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ете алады», дейді тәртіп сақшылары.  Сондай-ақ ауа райы болжамы мен жабылған жолдар туралы ақпаратты үнемі қадағалап отыру қажет екенін айтты.

«Еліміздің оң­түс­тік және шығыс өңірлеріндегі тау­лы аймақ­тарға қалың қар мен тұман­ның кесірінен жолдың көрін­беу кездері тән көрінеді. Сон­­­дықтан өз өңірлерінің ерек­шеліктерін білетін көлік жүр­гізушілері күн райының күрт бұ­зылуына байланысты ауа райын­ болжаушылардың құлақ­тан­ды­руына және құтқару қызметінің SMS хабарландыруларына дұрыс әрекет етуі қажет. Бұдан арғы са­пар­ларын осы ескертулер мен қам­данған әрекеттеріне қарай жос­­­парлаулары керек»,-дейді . Түркістан облысы ПД ӘПБ бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков. Оның айтуынша,жол үстінде қолайсыз күн райы­на тап бола қалған жағдайда жақын жер­дегі елді мекенге жетіп алып, күннің айық­қанын күткен жөн болады. Ал егер жолда жайсыз ауа райына тап бо­лып, жағдайдың түзелуін көлікте кү­туге мәжбүр болған болсаңыз, бірден құт­­қару қызметіне хабарласуыңыз қа­жет. Құтқарушыларға өзіңіздің нақты ор­на­ласқан жеріңізді көрсетіп, олардың ке­луін күткеніңіз дұрыс. "Құрметті облыс қонақтары мен тұрғындары! Алдымызда қыс мезгілі, осыған байланысты Сіздерге ең алдымен көктайғақ кезінде жолда тайып кетпеу үшін доңғалақтарыңызды ауыстыруға шақырамыз. Сондай-ақ жарық шамдарының дұрыстығын тексеру керек. Жалпы жолдарда абай болыңыздар!"- деп атап өтті.

 

Отырар: Жоғалған 15 жасар қыз Шымкенттен табылды

Отырар полициясына аудан тұрғыны 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Ер адамының айтуынша таңғы уақытта мектепке кеткен Қарақат есімді 15 жасар қызы үйіне қайта оралмаған.

Отырар АПБ ювеналдық полиция тобының қызметкерлері хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Мектеп оқушысын табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Полицейдің жан-жақты іздестіру жұмыстарының арқасында, небары тәулік ішінде қыз Шымкент қаласындағы саябақтан табылды. Осылайша, жоғалған қыз ата-анасына аман-сау күйінде тапсырылды. Тәртіп сақшысының анықтауынша жасөспірім қыз мектептен шығып, достарымен қыдырмақ болып Шымкент қаласына кетіп қалған.

Өз кезегінде баланың әкесі полицейдің қырағылығына риза болып, алғысын білдірді. «Мен қызымды азанда сабаққа шығарып салған болатынмын. Содан түскі уақытта қызым мектептен келмеді. Қызымды өздігімнен іздеп таба алмаған соң полицейлерден көмек сұрадым. Тәртіп сақшылары дер кезінде қызымды тауып берді. Алғысым шексіз.»-деп жүрекжарды сөзін арнады.

Созақ: Қоян еті мен мылтық тәркіленді

Полицейлер қойшыдан қоян еті мен мылтық тәркіледі.

"Браконьер" жедел алдын алу іс-шарасы аясында Түркістан облысы ПД табиғатты қорғау полициясының инспекторлары жабайы жануарларды заңсыз аулау жайтын анықтады. Нақтырақ айтсақ рейд кезінде созақтық полицейлер Орман-қорық жеріндегі жайылымдық жерден қояндарды аулаған қойшыны анықтады. Сондай-ақ орта жастағы азаматтың үйін тінту кезінде 16 калибрлі тәркілеген аңшы мылтығы табылды. Тәртіп сақшылары браконьерден өлтірілген 3 дана қоян мен қаруды тәркілеп, жағдайды анықтау үшін азаматты полиция бөліміне жеткізді.

Құқық бұзушыға қатысты полицейлер ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы 1-бөлігі "жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау ережелерін бұзу" және ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Айта кетейкі, бірнеше жыл бойы бра­ко­ньер­лерге қарсы заңды күшейту туралы айтылып келді. Өйткені түз тағысын атып, өзен-көлдерде балықтарды заңсыз аулайтындар көбейіп кетті. Арнайы рұқсаты жоқ аңшылар далада ойқастап, өздерін қожайын санағандары сондай, адамдарға да қару ке­зен­ді. Бір жылда екі қорықшы қан­ды қолдың оғынан қаза тапты. Енді заңды белшесінен бас­қан браконьерлер қатаң жазала­натын болды. Өйткені 2020 жыл­дан бастап Қазақстанда заңсыз аң­шылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шығары­лып, орта деңгейдегі қылмыс са­­натына жат­қы­зылатын болды. Осындай қыл­мыстар үшін 10 мил­лион теңгеге дейінгі айыппұл және 4 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру, қорықта заңсыз аңшылық пен балық аулағаны үшін 6 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру, ірі мөлшерде және ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалса, 10 жыл­­ға дейін бас бостандығынан айы­ру, киік­терді атқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жаза­сымен қатар брако­ньерлік қыл­мыстың барлық сана­ты бо­йынша заңсыз аң аулау құ­ралда­ры – қару-жарақ, көлік пен мүлікті тәркілеу қарастырылған.«АҚШ-та «жануардың құ­ты­луына мүмкіндік беру» деп ата­ла­тын заң бар. Ол бойынша бөлтірік ерткен қасқырды атуға болмайды. Жайбарақат жайылып жүрген бұ­ғыларды баспалап кеп атуға бол­майды. Қандай әділетті? Қазақ та бір кездері осындай емес пе еді? Иә. Біздің жұрт, бұ­рын аң ұстауда өте әділетті болатын. Түлкіге бүр­кіт салатын, мылтықпен атып ал­­­майтын. Бүркітінің бабы кел­месе немесе шамасы жетпесе, түл­кі құ­тылып кетеді. Ол түлкінің мүм­кін­дігі. АҚШ заңындағыдай, киікті ыс­қырып, бір үркітіп барып ата­тын. Сол кезде құтылса, құты­лып кетті, қашып үлгермесе, обал жоқ. Ол замандарда қасқырды қарумен емес, айла-тәсілмен алу­шы еді.Айта кетсек, көршіміз Ресей жыл сайын браконьерлердің ке­сірінен 18 миллиард рублін жоғал­тады. Ал осы заңсыз аң аулау­шылардың кесірінен ауру тарап жататыны да әлемдік тарихта жа­зылып қалды. Мысалы, 1990-жыл­дары Конго мен Габонеде брако­ньерлер аулаған шимпанзе етін жеу арқылы тараған Эбола вирусы, Қытайда борсық, жыртқыш аң­дарды тамақ ретінде пайдаланудан тараған SARS індеті біраз әбігерге салған болатын.Иә, біз аяушылық деген түй­сіктен айырылып барамыз. Та­биғатты аялау орнына аямаймыз! Жаңа заң күшіне енді, мүмкін осыдан кейін ойланармыз?Өйткені заңсыз аң атушы мен балық аулаушы тәртіп бұзушы емес, ол енді қылмыскер!

Сайрам: Мейрамханадан ұялы телефон ұрлады...

Мейрамханаға қонақ болып келіп, ұялы телефон ұрлаған егде жастағы әйел анықталды.

Сайрам АПБ-ға мейрамхана даяшысы өзінің ұялы телефонының ұрланғанын жеткізген. Жәбірленушінің айтуынша, аудан орталығындағы мейрамхана үстелінен «Redmi» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреулер алып кеткен. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.  Айта кетейік, ҚР Қылмыстық Кодексінде ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мынадай:

 1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;

2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 3. Мынадай: 

1) ірi мөлшерде;

2) бірнеше рет: 

3) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық – мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 4. Мынадай: 

1) қылмыстық топ жасаған; 

2) мұнай-газ құбырынан; 

3) аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық – мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп жазылған. Бұл ұрлық қылмысын ашу мақсатында полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асыру үшін ақпарат көздеріне сүйенді. Соның нәтижесінде күдікті егде жастағы әйел анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Белгілі болғандай күдікті әйел мейрамханаға қонақ ретінде келген. Содан қараусыз тұрған ұялы телефонды көріп жымқырған. Айғақты зат ретінде ұялы телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және ұялы телефондарды қараусыз қалдырмауды ескертеді.

Түркістан: Сервистік полиция моделін енгізу бойынша құрылған топ қылмыстарды саралауда

Түркістан облысының полицейлері Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұстаздары мен студенттерін қатыстыра отырып, полицияның сервистік моделін енгізу бойынша жиналыс өткізді. Мұнда пилоттық режимге енгізілген Түркістан қаласында атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар айтылды. Кездесуде модератор ретінде Түркістан облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыс әкімдігі жанында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ мүшесі Зуппархан Чалданов жүргізді. Келелі кездесуде Түркістан қалалық Полиция басқармасының бірінші орынбасары полиция полковнигі Шералы Абдраманов, Түркістан облыстық Полиция департаментінің инспекторы полиция капитаны Көкаршын Қанат, Түркістан қалалық пробация бөлімінің инспектор-психологы әділет аға лейтенанты Ақмарал Бекбай баяндама жасады. Полицейлердің баяндамасында көрсетлігендей, полицияның сервистік моделін енгізу бойынша құрылған топ, қылмысты болдырмау және қылмыстың алдын-алу  мақсатында, 2019-2021 жылдар аралығында тіркелген қылмыс түрлері бойынша талдау жүргізген. Яғни, топ мүшелерімен қылмысты талдау барысында, Түркістан қаласында соңғы 3 жылда «Ұрлық» қылмысы төмендеп, керісінше «Алаяқтық» қылмысы өскен. Бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену арқылы талай адамды осындай қиындыққа душар болатынын мамандар жасырмайды. Бұл жөнінде Қылмыстық кодексінің 190-бабында алаяқтық 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Соған сәйкес мүлікті тәркілеу, өмір бойы құқығынан немесе белгілі бір қызмет түрімен айналысуына шектеу қойылады. Әдетте, соттың назары алаяқтықтың міндетті белгісі кінәлі адамның пайдакүнемдік мақсатының болуы жағдайына назар аударады. Қоғамға қауіпті кеселге айналған аталған жат қылық алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы жасалады. Олардың ықпалымен меншік немесе мүліктің өзге иесі мүлікті немесе оған құқықты басқа адамдарға өз еркімен береді.Осыған қатысты қылмыстық істерді саралап көрсек, көп түйткілді мәселеге көз жеткізуге болады. Алдау бөтен мүлікті жымқыру немесе бөтен мүлікке құқықты иемдену мақсатында жүзеге асады. Бұл алаяқтық жасау тәсілі болып табылады. Алаяқтық кезінде алдау ауызша, сонымен қатар жазбаша нысанда болуы мүмкін. Жымқыру кезінде жалған құжаттарды пайдалану алдау нысандарының бірі болып табылады. Басқа адам әзірлеген жалған ресми құжатты пайдалана отырып жасалған жымқыру алаяқтық құрамымен толық қамтылады. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді. Егер адам құқық беретін немесе міндеттерден босататын жалған ресми құжатты қолдан жасау жолымен аляқтық жасаса, жасалған әрекетті ҚК-нің 385-бабының бірінші бөлігінде және ҚК-нің 190-бабының тиісті бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралаған жөн. Сондай-ақ, қазіргі технология дамыған кезеңде алаяқтық жағдайы күрделене түсті. Интернет пен цифрлы технологияны пайдалана отырып, өзінің жымысқы әрекетін жүзеге асыратын адамдар бар. Бұл оған қатысты қылмыс түрлерін түебегейлі өзгертті. Рас, интернет пен цифрлы технологиялардың кеңінен таралуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын, соның ішінде қылмыс түрін түбегейлі өзгертті. Қазір бәріміздің өмірі­мізде цифрлы технологиялар маңызды рөл атқарады. Бүгінде жаһандық желі игілігін пайдалана отырып, виртуалды қызметтер мен өнімдерге қол жеткізуге мүмкіндік алған едік. Нәтижесінде кейбір тауарлар түріне сол арқылы тапсырыс беруге қолайлы жағдай туды. Дегенмен соңғы 10 жылдың көлемінде интернет көзі арқылы жасалатын қылмыстық құқық бұзушылық түрінде айқын көріне бастады.Бас прокуратура интернет-алаяқтыққа байланысты ел тұрғындарына үндеу жариялаған болатын. Жат әдеттің көбейіп бара жатқанын айтып, қазақстандықтарға ескерту жасады.Ведомство мәліметінше, статистика бойынша, кейінгі 5 жылда елімізде интернет-алаяқтық дерегі 10 есе өскен, Ол 2017 жылы 2 мыңды құраса ол 2021 жылы 21 мыңға дейін жеткен. Азаматтардың әлеуметтік желілердегі онлайн сауда мен танымал сайттар арқылы алаяқтық құрбаны болу көрсеткіші айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар, қылмыскерлер онлайн - қарыз алу жолымен және банк карталарынан ақша жымқырады.Алаяқтар көбіне құрбанына инвестиция салу, бәс тігу, ойын және лотереяны жарнамалайды.Сонымен қатар, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге заңсыз онлайн несиелер бойынша ақпарат алмасу туралы Меморандум жасалған. Бұл интернет алаяқтарына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызды бөлігі. Қазірдің өзінде алдын алу шаралары оң нәтиже берген. Жалпы айтқанда, интернет алаяқтықтың көбейіп кетуіне себепкер болып жүрген жағдайлар аз емес. Елімізде интернеттегі түрлі хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем алу кеңінен етек жайып барады. Кейбір тұрғындардың сеніміне кіре отырып, олардан қомақты қаржыны алаяқтық жолмен алуға тырысады.Жалпы интернет алаяқтық жағдайының  жартысы дәл осындай жолмен жасалғанын назарға алуымыз қажет.Сондай-ақ, микрокредиттік ұйымдардың сайттары арқылы онлайн қарыз рәсімдеу жағдайы кездеседі. Еліміздің ішкі істер министрлігі мәліметі бойынша қарағанда, жыл басынан бері осы тәсілді қолдану арқылы алаяқтар 3 мыңға жуық қылмыс жасаған.Қазіргі таңда қаржы пирамидалары өзін жоғары табысты инвестициялар саласындағы табысты ұйымдар ретінде көрсетеді.Өздерін жарнамалау мәселесіне ерекше назар аударады. Бұл бағытты «инновациялық жоба», «жоғары табысты бизнес», «табысқа кепілдік береміз» деген жалған уәделерді үйіп-төгеді.Осы мақсатта заңды микроқаржылық ұйымдар, букмекерлік кеңселер, тұтыну кооперативтерін пайдалануға тырысады.Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар әлеуметтік желі беттерінде қарқынды әрекет жасайды.Белсенді жұмыс жүргізіп, онлайн-табыс немесе жоғары табысты онлайн-жобаны ұсынады, танымал мессенджерлерде чаттар құрып, қатысушыларды түрлі ұтыс ойындарымен, сауалнамалармен және басқа да маркетингтік амалдармен тартады.Осы себепті полицейлер жастарға алаяқтарға алданбау керектігі ескертіліп, тура жолмен жүруге кеңес берілді. Полицияны қорғаным деп біліп, кез келген мәселеде көмек сұрауға болатындығы айтылды. Сондай-ақ студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ашық әңгіме өрбіді. Жиын соңында "Біздің қазіргі басты мақсат - қаланың деңгейін көтеру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барынша ыңғайлы жағдай жасау және әлемге таныту",- деп қорытындылады ұйымдастырушылар.

 

САЙРАМ АУДАНЫНДА "ЗАҢ КЕРУЕНІ" АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ескере отырып, Сайрам ауданының прокуратурасымен құқық қорғау, уәкілетті және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Ақсукент ауылының орталығындағы Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде «Заң керуені» акциясы өткізілді.

Акцияның мақсаты - жергілікті жерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мəдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ əлеуметтік топтарды анықтау, прокуратураның құқық қорғау рөлін іске асыру, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тəртіпті нығайту үшін азаматтық қоғам мен құқық қорғау органдарының күш-жігерін біріктіру.

Аталған акцияға Түркістан облысы прокуратурасының өкілі Н.Қосбаев, облыстық полиция департаментінің өкілі А.Төреханов, аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаев, аудан әкімдігіне қарасты барлық бөлім басшылары, ауыл округтерінің әкімдері, аудандық мемлекеттік кірістер, санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармалары, мемлекеттік сот орындаушы, құқық қорғау органдарынан аудандық прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция, төтенше жағдайлар басқармаларының бірінші басшылары және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры қатысты.

Аталған шара барысында аудан тұрғындары тарапынан коммуналдық қызметтермен қамту,

жерді заңдастыру, әлеуметтік көмек көрсету және өзге де салаларға қатысты көтерілген мәселелерге заң аясында құқықтық түсіндірмелер берілді.

Акция нәтижесімен жергілікті тұрғындар көкейінде жүрген сұрақтарына толық жауаптарын алып, мемлекеттік органдарға ризашылықтарын жеткізді.