«Түркі дүниесінің келешек келбеті – 2040» атты халықаралық семинары өтті

Түркілер төрі саналатын рухани шаһардың білім ордасында «Түркі дүниесінің келешек келбеті – 2040» атты халықаралық семинар өтіп жатыр. Маңызды жиын аясында түрлі тақырыптарды қамтитын пленарлық отырыстар өтуде. Аталған шараға түркі мемлекеттерінен келген өкілдер мен оқытушылар және білімгер жастар қатысты.

Түркі әлемінің экономикалық мәселелерін талқылап, түрлі ұсыныстар айтылған пленералық отырыста маңызды дүниелер ортаға салынды. Онда Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан мен Қазақстан өкілдері өз елдерінің экономикалық жағдайларын айтып, отырыс тақырыбына сәйкес ұсыныстарын жеткізді.
Мәселен, елдегі мұнай бағасының әр өңірде әртүрлі бағада қойылуы бойынша баяндама жасаған оқытушымыз Сәбит Баймағанбетовтың сөзін, доктор, профессор Али Рыза Гөкбунар қуаттап, алдағы уақытта қара алтын арқылы түркі мемлекеттеріне бірегей дәліз қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, Түркі мемлекеттері арасындағы білім деңгейі мен өзара ынтымақтастық жайында баяндама жасаған Қырғызстандық өкіл доктор, профессор Сейіл Нажимудинова QS рейтингісі бойынша Түркия алғашқы орынды иеленсе, екінші орында Қазақстан екендігін айтты. Егер осылай бірігіп, тәжірибе алмасу мен ортақ құндылықтарды жүзеге асыратын болсақ түркі мемлекеттері арасындағы білім деңгейі көш бастайтын болады деді.
Экономика саласын талқылаған пленарлық отырыста айтылған маңызды ұсыныстың бірі-ортақ қаржы институттарын құру және қауіпсіздікті күшейту, яғни қорғаныс саласын жетілдіру.
Осылайша ілкімді дүниелер сөз болған алқалы отырыста бауырлас елдердің экономикалық байланыстарын нығайту, қаржы институттарын, көлік-транзит саласын жетілдіру, су-ресурстарын тиімді пайдалану, білім беру ісінде ынтымақтастықты нығайту сияқты маңызды бағыттар талқыланды.
Айта кетейік, халықаралық семинарда талқыланған, қаралған баяндамалар мен ұсыныстар 2022 жылдың 11 қараша күні Самарқан қаласында өтетін Түркі тілдес мемлекеттері ұйымының саммитіне ұсынылатын болады.

ШЫМКЕНТТЕ «БІРЛІК АЛАҢЫ» КОВОРКИНГ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

25 қазан – Республика күніне орай үшінші мегаполистегі Достық үйінде «Бірлік алаңы» коворкинг орталығы ашылды. Салтанатты жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, зиялы қауым өкілдері, қалалық Ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қоғамдық құрылымдардың жетекшілері, жастар қатысты.

– Баршаңызды 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. 1990 жылы егемендік декларациясы қабылданып, Қазақстан халқына үлкен үміт сыйлаған болатын. Содан бері талай заман өтсе де тарихи даталар өзгеріске ұшырамақ емес. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы мерекеге мемлекеттік мейрам мәртебесі қайтарылды. Бұл мемлекеттіктің белгісі ғана емес, елімізде тату-тәтті өмір сүріп отырған біздің бірлігіміздің, ынтымағымыздың жемісі деп айтсақ та болады. Біз – Қазақстан халқы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» отырмыз. Бірлігіміз бекем. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында өңірлерде осындай орталықтар құру туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес қаламызда «Бірлік алаңы» коворкинг орталығы ашылып отыр. Баршамызға құтты болсын! – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

«Бірлік алаңы» орталығының жұмысы 4 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Біріншісі – Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы 7 қоғамдық құрылым мен 17 этномәдени бірлестіктердің қатысуымен тұрақты негізде брифингтер ұйымдастыру. Екіншісі – қоғам тұрақтылығын нығайту мәселесі бойынша халықтық жобаларды іріктеу, оларға қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастыру. Үшіншіден – «Ассамблея жастары» ұйымы шеңберінде жастардың диалог алаңын қалыптастыру, дебаттар, пікір-сайыстар ұйымдастыру. Төртіншісі – мемлекеттік тілді үйрету мақсатында түрлі бағыттар бойынша семинар-тренингтер ұйымдастырып, өткізу.

Жиында Шыңғыс Жұмабекұлы ел бірлігі мен татулықты нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматқа марапат табыстады. Атап айтқанда татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахиржан Хакимбеков, Әл-Фараби аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрайымы Нуриниса Досметова және еврей этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Белла Атран марапатталды. Сонымен қоса ҚХА «Құрмет» грамотасымен «Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Динмұхамед Искендиров, ал татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Ася Мухаметова, иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Мали Сулеймани, күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы Исмат Сулайманов Алғыс хатпен марапатталды.

Жиын соңы «Қазақ дастарханы» іс-шарасына ұласып, қонақтар түрлі этномәдени бірлестіктер қойған дәмнен ауыз тиді. Ал жастар алғашқы дебаттарын өткізді.

Бәйдібектік тәртіп сақшылар жасөспірімдермен кездесті

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды болдырмау мақсатында кездесу өткізілді.

Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің бастамасымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кең көлемде жиын өтті. Кездесуге аудан прокуроры, аудан әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков, Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Нұрдаулет Әжібеков, ақсақалдар кеңесі, үкіметтік емес ұйым өкілдері, құзырлы органдар білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Күн тәртібінде жастар мен жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын қылмыстың алдын алу, жолын кесу мәселелері талқыланды. Осы жөнінде полиция басшысы Н.Әжібеков баяндама жасады. «Елімізде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс саны артып отыр. Олардың ішінде ұрлық, тонау фактілері жиі кездеседі»,- деп бастады баяндамасын ол. Н.Әжібековтың сөзінше, биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша елімізде қылмыстық жауапкершілікке тартылған 1,1 мың кәмелетке толмаған жасөспірім тіркеліпті. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,1% жоғары. Олардың арасында,  78 қыз болған.Қылмыскерлердің 539-ы студенттер, тағы 510-ы жұмыс істемейді және оқымайды. 336 жасөспірім топтық құқық бұзушылық жасаған, оның ішінде ересектердің қатысуымен 158 адам. Олардың ішінде 71 жасөспірім құқық бұзушылыққа барған.Салыстырар болсақ өткен жылдың сәйкес кезеңінде кәмелетке толмаған құқық бұзушылар саны жылына 23,3%-ға, 1 мың адамға дейін төмендеген. Өңірлік тұрғыда қылмыстық жауапкершілікке тартылған кәмелетке толмағандардың басым бөлігі Алматы облысында болды: 118 адам – бір жыл бұрынғыдан бірден 32,6%-ға артық. Одан кейінгі орында Жамбыл (97 адам, +70,2%) және Түркістан (92 адам, – 24%) облыстары тұр.Кәмелетке толмағандар арасында қылмыс жасағандардың ең азы Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында тіркелген. Ұрлық жасаған кәмелетке толмағандардың 43,7%-ы бірден ұсталды (468 адам – бір жыл бұрынғыдан 7,1%-ға көп).Жасөспірімдер жиі жасайтын басқа қылмыстардың қатарында тонау (120 адам, жылына 23,7%-ға өсті), сондай-ақ бұзақылық (79 адам, 22,5%-ға төмендеді), алаяқтық (58 адам, жылына 7,4%-ға өсті) және басқа көлік құралын  ұрлау мақсатынсыз(47 адам, – 2,1%) заңсыз иелену фактілері болды.Еліміз бойынша статистикалық мәлімет келтірген полиция басшысы ағымдағы 9 айда атқарлған жұмыстарға да тоқталды. «Ағымдағы жылдың 9 ай көлемінде мүдделі органдармен бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар қылмысының алдын-алуға бағытталған «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім-заң-қауіпсіздік» іс-шарасы өткізілді. Білім беру ұйымдарында ата-аналармен және оқушылармен кездесулер өткізіліп құқықтық тақырыптарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді»-деп атап өтті ауданның бас полицейі. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында прокуратура, білім бөлімі және басқа да жергілікті құрылым қызметкерлерімен бірлесе білім беру орындарында, оқушылар арасында құқықтық тақырыптарда кездесулер өткізіліп, Қазақстан Республикасының Заң актілерінен түсіндірмелер берілді.

 

ШЫМКЕНТТІКТЕР РЕСПУБЛИКА КҮНІН ТОЙЛАУДЫ БАСТАП КЕТТІ

Шымкенттегі “Көрме” орталығында Ұлттық мерекеге арналған салтанатты шара өтті. Оған шаһар басшысы М. Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау орган басшылары мен қызметкерлері, сот, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ қатысты.

Бұл жолғы ісшара бұрынғысынан өзгерек. Алаштың айбынын асқақтатып, мерейін үстем ететін арнайы бейнероликтен басталды. “Егемен елдің” өткені мен келешегі сараланып, Ұлы дала халқының дархандығы мен дара көңілі көрсетілді. “Сазген сазы” фолькорлық-этнографиялық ансамблі “Бақтыбайдың күйімен” қазақтың сыры мен сазын әуелетіп жеткізді. Бұдан соң қала әкімі сөз алып, барша жұртты тарихи датамен құттықтады.

Республика күні - туған еліміздің егемендігі бастау алған күн. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы кеңесі мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылдады. Дәл осы күні Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды.

Аттай 13 жылдан соң, дәл биыл Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылып, бостандық пен еркіндіктің бастауы болған айтулы датаны барша халық қуана тойлауда.

Сын сағаттарда сүрінбей, еңсесін тік ұстай білген еліміздің жеңісті сәттерінен сөз саптаған шаһар басшысы Ұлттық мереке – Республика күніне Шымкент қаласының да зор жетістіктермен жеткенін қысқа-нұсқа баяндап берді.

- Қаланың республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізді. Үшінші мегаполиске соңғы 5 жылда 1,8 триллион теңге, ал биылғы жылдың 9 айында 327,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 530 миллиардқа жеткізуді жоспарлаудамыз, ол үшін нақты қадамдар жасалған-деді М.Әйтенов.

М. Дүйсенбекұлының айтуынша, қала экономикасы қарқынды дамып жатқан соң, соңғы 3-4 жылда инфрақұрылым мәселесі де шешімін тауып келеді.

Ауыз сумен қамтуда 32 нысан, электрмен қамтуда 28 нысан, газбен қамтуда 21 нысан құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде, ауыз сумен қамту 93%-дан 98%-ға, электрмен қамту 91%-дан 97%-ға, тұрғындарға табиғи газ жеткізу 92%-дан 93%-ға өсті.

Инженерлік инфрақұрылым мәселесінің бір бөлігі 2023 жылы, ал 2025 жылы барлығы толық шешіледі.

“Осы және бұдан басқа да айтуға тұрарлық жетістіктеріміз бар. Бірақ бізге мұнымен тоқмейілсуге болмайды”-деген қала басшысы Шым шаһардың дамуы мен өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп, тер төккен азаматтардың бірпарасын сахна төрінде марапаттап, құттықтады.

Соңы Ж.Жексен, Б.Исаев сынды елге танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.

 

 

Саурандық тұрғындар атынан тәртіп сақшыларына «Алғыс хат» келді

Бұл тұрғындар зейнеткер ұстаз Амит Тажибаев, ауыл ақсақалдары Төлбасы Құрманбеков, Абдусаттар Джаханов, «Алтын алқа» иегері Анжир Қожамбердиева. Аталған ауыл тұрғындары Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков пен осы басқарманың инспекторы полиция аға лейтенанты Жасдәурен Нұрғазиевке алғыстарын жаудырып, хат жолдады.

Нақтырақ айтсақ, ауыл үлкендері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өздерінің ұсыныс-пікірлерін жазып, мемлекеттік органға өтініш қалдырған. Ал мұны тиісті құрылым қызметкерлері назарға алып, бірден зерттеп жұмыстарын жүргізеді. Тұрғындар көрсеткен аймақты түгел қарап, қандай да бір қажетті жол белгілерін қою мүмкіншілігін қарастырады. Нәтисінде зерделеу жұмыстары мәселенің оң шешілуіне ықпал етеді.

Атап айтсақ, Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінің 18-500 шақырымы толық тексеріліп, аталған жолға екінші жолмен қиылысатын 4 дана жол белгісі қойылады. Оған қоса 4 дана жаяу жүргінші өтпесі, 2 дана ең жоғары жылдамдықты шектеу (60) жол белгісі, 2 дана басты жол белгісі, 2 дана жол беріңдер белгілері орнатылады. Сондай-ақ жылдамдықты өлшейтін 2 дана «Сергек» бейнебақылау камералары қойылды.

Осы жұмыстардың атқарылуына тікелей септігін тигізген полицейлерге тұрғындар шынайы ризашылықтарын жеткізді. Өз міндеттерін кәсіби деңгейде орындаған, өзекті мәселені шешуге уақтылы көмектескен, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалған жұмыстарына шексіз алғыстарын білдірді. Олар полицейлердің қызметтеріне сәттілік, ел мүддесі үшін жасалатын істеріне абырой тілеп, хатқа түсірді.

Түлкібас: Сауда жасаймын деп танысының банк қосымшасын алып, несие рәсімдеген...

Сауда жасаймын деп танысының банк қосымшасын алып, несие рәсімдеген алаяқ ер адам анықталды.

Түлкібас ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын шағымданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, танысы оның атынан 1 миллион теңге несие рәсімдеп жіберген.

Жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан осы жағдайдың толық мән-жайын анықтауға көмек берулерін сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында түлкібастық полицейлер қажетті іс-шараларды жүргізді. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар, жергілікті тұрғын ер адам анықталды.

Анықталғандай, күдікті азамат танысына хабарласып, сауда жасау үшін банк қосымшасын бере тұруын өтінеді. Алаяқтың сөзіне сенген жәбірленуші өзінің банк қосымшасының құпия сандарын айтып береді. Біраз уақыт өткен соң банктен несие алдыңыз деген хабарлама келеді. Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

ҚР Қылмыстық Кодекстің 190-бабы «Алаяқтық»:

1. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – 

мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; 

5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Мынадай: 

1) ірі мөлшерде; 

2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; 

3) екі немесе одан да көп адамға қатысты; 

4) бірнеше рет жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: 

1) қылмыстық топ жасаса; 

2) аса iрi мөлшерде жасалса, – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп тайға таңба басқандай көрсетілген.

 

Республика күнінде 70-ке жуық полиция қызметкері марапатталды

Биылғы жылдан бастап, 25-қазан «Республика күні» ретінде аталып өтіледі. Бұл күн мереке қатарынан алынып тасталғанымен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті. Осыған орай Түркістан облысы ПД-нің мәжіліс залында мерекелік шара ұйымдастырылды. Іс-шара ҚР-ның мемлекеттік әнұранымен бастау алды. Сондай-ақ мерекелік бейнеролик көрсетілді. Алғашқы құттықтау сөзін алған Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов: «Құрметті әріптестер, бүгінгі айтулы мереке құтты болсын!

Барлықтарыңыздың қызметеріңізге сәттілік тілеймін. Әрқашан елдің тыныштығын сақтап, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда мінсіз қызмет ете беріңіздер! Республикамызды қылмыссыз ету жолында аянбайық!»-деп атап өтті. Одан кейін салтанатты шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген қызметкерлерді облыстың бас полицейі марапаттады. Атап айтсақ, ҚР ІІМ-нің бұйрығымен «Кезектен тыс полиция полковнигі» арнаулы атағын полиция подполковнигі Еркеғали Мейірбеков алды. Ал «Бір саты жоғары полиция подполковнигі» арнаулы атағын полиция майоры Нұрбол Сейітбеков иеленді. «Кезектен тыс полиция майоры» Еркебұлан Опабековке тапсырылды. «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» меедалімен полиция подполковнигі М.Бердиев, полиция аға лейтенанты Н.Утешов наградталды. Сондай-ақ ҚР ІІМ-нің Грамотасымен 2 қызметкер, «Алғыс хатымен» 4 қызметкер марапатталды.

Оған қоса «Қазақстан полициясына 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен полиция полковнигі Әшімхан Мырзаханов, полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Мұхамеджанов, полиция капитаны Дулат Асқар, полиция аға лейтенанты Нұрахмет Түймебай наградталды. Ал Түркістан облысы Полиция департаментінің Грамотасын 16 қызметкер, Алғыс хатын 13 қызметкер иеленді. Сондай-ақ 18 қызметкерге Түркістан облысы Полиция департаментінің Алғысы жарияланды. Айта кетсек, 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. Дәл осы күні мемлекеттің егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ендеше тәуелсіздігіміз тұғырлы, мереке құтты болсын! Көк туымыз көкте желбірей берсін!

 

Қалтасына есірткі жасырып, шекарадан өтпек болған шетелдікті қамауға алды

Cарыағаш аудандық полиция бөліміне шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама келіп түсті. Онда «Наоми» атты қызметтік ит Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жаяу өтіп бара жатқан жолаушыны көріп үріп, полицейлерге белгі береді.

Полицейлер күмән тудырған азаматты тоқтатып, тексереді. Осы сәтте күдіктінің шалбарының қалтасынан есірткіге ұқсас зат табылады. Алынған зат сараптамаға жолданып, оның «гашиш» есірткісі екені расталды.

 Ұсталған орта жастағы азаматтың Өзбекстан елінің тұрғыны болып шықты. Күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. 

ҚР Қылмыстық Кодекстің 286-бабында «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы»төмендегідей жазылған:

 

1. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды, күштi әсер ететiн, улы, уландырғыш, радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды, жарылғыш заттарды, қару-жарақты, әскери техниканы, жарғыш құрылғыларды, атыс қаруын, газды пистолетті және револьверді, жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар газды қаруды, үрлемелі қуаты 7,5 Джоульдан жоғары пневматикалық қаруды, оқсыз атылатын, белгі беретін және лақтырылатын қаруды, олардың негізгі (құрамдас) бөліктерін, оқ-дәрiлердi, жаппай қырып-жою қаруының ядролық, химиялық, биологиялық немесе басқа да түрлерiн, жаппай қырып-жою қаруын жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн материалдарды, жабдықтарды немесе құрауыштарды кедендік бақылаудан тыс немесе одан жасырын не құжаттарды немесе кедендiк сәйкестендiру құралдарын алдап пайдалана отырып не декларацияламаумен немесе анық емес декларациялаумен не тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарлар шығару туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтер көрсетумен, оның ішінде жарамсыз, қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді қамтитын құжаттар ұсынумен ұштасқан, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендiк шекарасы арқылы өткізу, сол сияқты Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы заңсыз өткізу – 

мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) бірнеше рет; 

2) лауазымды адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

3) шекаралық немесе кедендік бақылауды жүзеге асыратын адамға күш қолданып; 

4) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

5) iрi мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарға, сол тектестерге, прекурсорларға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, есiрткi, психотроптық заттармен, сол тектестермен байланысты, аса iрi мөлшерде жасалған іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

 

 

ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ «ЖАСА, ЖАЙНА ҚАЗАҚСТАН!» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Түркістанда 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай «Жаса, жайна Қазақстан!» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылды. «Қыран елім – Қазақстан» хореографиялық - сазды театрландырылған қойылыммен ашылған мерекелік кеште ұлттық мерекенің мән-мазмұны жан-жақты айшықталды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті Республика күнімен құттықтап, тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екенін айтты.

– Баршаңызды Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мерекенің мәні айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен бірінші құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Биыл, 25 қазан – ұлттық мерекеге айналып, Республика күні болып бекітілді. Әлемде тілі, діні, мәдениеті бар болса да, тәуелсіздік ала алмай жүрген ұлттар көп. Бұл ретте басқа қонған бақты бағалаған жөн. Қазақстан Республикасының тұрақтылығын сақтау, дамыту – баршамыздың міндетіміз. Мызғымас бірлік пен ізгі тірлігіміз арқылы Жаңа Қазақстанды дамытуға атсалыса берейік. Түркістанымыз түрленіп, Қазақстанымыз гүлдене берсін! – деген Дархан Сатыбалды елді дамытуға үлес қосқан бір топ азаматқа мемлекеттік марапаттарды тапсырды.

Атап айтсақ, Түркістан өңірінің еңбегімен дараланған азаматтарына «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері ұсынылды. Сонымен бірге «Ерен еңбегі үшін», «Ерлігі үшін», «Шапағат» медалдары мен Құрмет Грамоталары да өз иелерін тапты.

Республика күніне арналған салтанатты жиында облыс әкімі өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды да баяндады.

– Тәуелсіздігіміздің арқасында еліміз өркендеп, тарихымыз дәріптелді. Соның бір дәлелі – Түркістан облысының құрылуы. Түркістан қаласының тарихи рөліне мән беріліп, рухани орталыққа айналды. 4 жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны арта түсті. 2018 жылмен салыстырғанда жалпы өңірлік өнім 1,6 есеге артып, көлемі 2 трлн. 796 млрд. теңгені құрады. Биыл оны 3 трлн. теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз. Алдағы уақытта бағдарымызды өзгертіп, күшті облыстың өнеркәсіп әлеуетін дамытуға бағыттауымыз қажет. Бүгінгі таңда облыс үшін маңызды бірнеше ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Жалпы облыста өнеркәсіпті дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Аудан, қалаларда индустриалды аймақтар ашылған. Сонымен қатар өңірге инвесторлар тарту мақсатында Түркістан қаласы аумағында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Осыған байланысты жергілікті бизнес өкілдерін жаңа жұмыс және өндіріс орындарын ашуға атсалысуға шақырамын. Біз тиісті жер учаскесін бөліп, қажетті инфрақұрылымды тартуға және басқа да жеңілдіктермен қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

«Конгресс холл» кешенінің заманауи концерт залында өткен мерекелік кеште облыстың танымал өнерпаздары отаншылдық бағыттағы әндерді шырқап, бишілер өз өнерлерімен көрермендерді серпілтті. Тәуелсіздік, Отан, бірлік, отаншылдық ұғымдары ән мен жырға арқау етіліп, ұлттық аспаптардан рухты оятатын күй төгілді.

Жалпы Республика күніне орай Түркістанда 1200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінде басым бөлігі өтіліп үлгерген.

ТҮРКІСТАН: ОРТАЛЫҚТА МЕРЕКЕ ҚЫЗМЕТ АЛУШЫЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАУДАН БАСТАЛДЫ

13 жылдан кейін мерекелік күнтізбеге қайта енген Республика күні Түркістанда ерекше басталды.

Бүгін Түркістан қалалық "Халыққа қызмет көрсету орталығының" №1 бөлімшесінде Мемлекеттік әнұран қызмет алушылардың назарын өзіне аударды.

Әнұран орындалып болған соң, филиал директоры Бахыт Мүсіралиұлы орталыққа келушілерге мерекелік құттықтау ашық хаттары мен сыйлықтарын үлестірді.

Тұрғындар тосын құттықтауға ризашылықтарын білдірді.