Super User

Super User

Түркістан: Көршісінің құралдарын қолды еткен

Полицейлер көршісінің құрылысқа қажетті құрал саймандарын ұрлаған күдіктіні анықтады.

Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып келді. Жәбірленушінің айтуынша, түнгі уақытта белгісіз біреулер оның тұрғын үйіне заңсыз кіріп, құрылысқа қажетті бұрғылағыш аппараты мен ұсақтағыш құралын жымқырып кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 100 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.

Орын алған оқиға бойынша тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел тергеу тобы құрылып, қылмысты ашу мақсатында бірден іске кірісті. Ұрлық болған аймақты шолып айналадағы бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты.

Нәтижесінде осы жайтқа қатысы бар жергілікті тұрғын, жұмыссыз ер азамат анықталды. Ол жәбірленушінің көршісі болып шықты.

Белгілі болғандай күдікті ер адам мас халде көршісінің үйіне кіріп, құрылысқа қажетті құралдарды жымқырған. Қазіргі таңда оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Полицейлер тұрғындарға өз мүліктеріне ие болуды, қараусыз қалдырмауды ескертеді. Егер, сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада полицейлерге хабарласыңыз.

Сайрам: Мемлекеттен 550 000 теңге әлеуметтік жәрдемақы алып беремін деп алдап кеткен

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның танысы «Мемлекет тарапынан 550 000 теңге әлеуметтік жәрдемақы алып беремін» - деп сендірген. Әбден сенімге кірген ол жәбірленушіден 400 000 теңге ақша алған. Алайда, уәде бергеніне бір жылдан аса уақыт өтсе де, созбалаңқылыққа салып жүрген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Жедел-іздестіру жұмыстары барысында қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын екен. Белгілі болғандай күдікті әйел жәбірленушіден алған ақшаны жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтық қылмысын болдырмас үшін сақ болуды ескертеді. Күмәнді қызмет ұсынатын таныс немесе бейтаныс адамдарға сенім артпауға кеңес береді.

Арыс: Айдалаға есірткі еккен...

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ҚР ІІМ мен Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының полицейлері ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып, есірткі егістіктерін анықтауда. Мәселен аталған полиция қызметкерлері мен Ұлттық Ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы бірлесіп, тікұшақ арқылы бақылап, тексеру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде Арыс ауданы Байырқұм ауылы маңынан есірткіге ұқсас өсімдіктері бар егістікті анықтады. Бұл аймақ тікенек шөппен қоршалған. Осы бойынша тәртіп сақшылары бірден тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде полицейлер аталған егістікті қарау барысында 146 түп есірткі затын тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған түптер "сора" болып шықты.

Аталған жайт СДТТБТ-ға ҚР ҚК-нің 300-бабы "Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" бойынша тіркелді.

Полицейлер аталған есірткіні егіп, күтіп-баптаған арыстық ер адамды анықтады. Ол далалы, бос жатқан жерге есірткі еккенін мойындады. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда оған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде полиция қызметкерлері күдіктінің тыйым салынған құрамында есірткі заты бар өсімдікті қандай мақсатта өсіргенін анықтауда.

Түркістан облысының полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымын жедел-іздестіру және алдын алу іс-шаралары аясында бірқатар қылмыстарды ашып, есірткі сатқан, еккен, сақтаған күдіктілерді құрықтауда. Сондықтан сіз, есірткі бойынша қандай да бір ақпараттарды білсеңіз бірден полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз. Бұл өз кезегінде есірткіге байланысты қылмыстардың азаюы мен жолын кесуге септігін тигізеді.

 

Қазығұрт: Жайылымнан мал ұрлаған шетелдік екі азамат қамауға алынды

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны шағымданды. Ер адамның айтуынша, Қазығұрт ауданына қарасты жайылымдық жерден оның әрқайсысының құны 70 000 теңге тұратын 27 бас қойын белгісіз біреулер жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 2 000 000 теңгеге жуық. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды.

Хабар алған бойда тәртіп сақшылары жедел іске кірісті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті жұмыстардың барлығын жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, осы қылмысқа күдікті ретінде шетелдік екі ер адам анықталып, ұсталды. Олар Өзбекстан және Қырғызстан Республикасының азаматтары болып шықты.

Белгілі болғандай, күдіктілер жәбірленушінің малшысымен таныс болып шықты. Яғни, күдіктілер көрші жайылымда малшы болып жұмыс жасаған. Олар кешкі уақытта жиналып, бірге ішімдік ішкен. Содан сезікті шетелдіктер жәбірленушінің малшысының ұйықтап қалған сәтін пайдаланып, жайылымнан қойларды «Нива» маркалы автокөлікке тиеп, алып кеткен. Ұрлаған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда сезіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Облысымыздың тәртіп сақшылары барлық тұрғындарға ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне жол бермеңіз.

Осы RSS каналға жазылу