Super User

Super User

Түркістан облысында жоғалған 15 жасар жасөспірім бауда жасырынып отырған жерінен табылды

Төлеби аудандық полиция бөліміне 05.09.2022 жылы сағат 16:25 шамасында Тасарық ауылының тұрғыны көмек сұрап хабарласқан. Жас қыздың айтуынша, оның ағасының 15 жасар ұлы 1 күн алдын үйден шығып кетіп, қайта оралмаған.

Осы хабарлама негізінде полиция бөлімнің ювеналды полиция тобының қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы бірден аталған мекенжайға жетті. Тәртіп сақшылары баланың көршілері мен сыныптастарынан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Тасарық, Оңтүстік, Ханарық, Қасқасу, Майбұлақ, Керегетас, Көксәйек ауылдарында полицейлерден бөлек, ауыл әкімдігі бастамасымен жергілікті тұрғындардан құрылған 40 адамнан тұратын еріктілер қосылып, іздестірді. Осылайша бірнеше сағатқа созылған іздестіру нәтижесінде, жасөспірімнің жүрген жері анықталды.

Нақтырақ айтсақ, полиция майоры Мұрат Камалов, полиция аға лейтенанты Абай Кубеев, полиция лейтенанты Самат Амиров пен еріктілердің үздіксіз іздестіруі оң нәтижеге жеткізді. Яғни жоғалған жасөспірім тұрғылықты үй жайынан 3 шақырым қашықтықтан, туыс ағасының үлкен бауында шөптер арасында жасырынып отырғаны анықталды. Жасөспірім заңды өкілдеріне аман-есен тапсырылды.

Өз кезегінде жасөспірімнің әжесі қуаныштан еріксіз көзіне жас алып: "Төлеби аудандық полиция бөлімі қызметкерлеріне және де іздестіруге қатысқан барша тұрғындарға алғысымды айтамын! Әсіресе полиция қызметкерлерінің жұмысына риза болдым. Ойлаған едік, өзіміз іздеп табамыз деп. Содан болмағасын полициядан жәрдем сұрадық. Міне, немерем қасымда. Баршаңызға Алла разы болсын!"-деп ризашылығын білдірді.

Анықталғандай, баланың ата-анасы ажырасқан. Ал жасөспірім әжесімен бірге тұрады. Жоғалар күні жасөспірім мен отбасы арасында түсінбеушілік орын алғаны белгілі болды. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Келіспеушіліктен болған кісі өлімі қылмысы дер кезінде ашылды

Кентау ҚПБ-нің кезекші бөліміне кешкі сағат 21:00 шамасында құрылысы аяқталмаған ғимараттың бірінің аумағында зорлық белгілері бар ер адамның денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы бірден шықты. Нәтижесінде жәбірленушінің жеке басы анықталып, ол Кентау қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Бұл деректі полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша тіркеді.

Аталған ауыр қылмысты ашу мақсатында, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы мен Кентау қаласының тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер күдіктіні ұстауға бағытталған шұғыл шаралар кешенін жүзеге асырды. Соның ішінде аулаларды аралап, ықтимал куәлардан жауап алды. Қылмыс орнын, жәбірленушінің қозғалу бағытын және жақын маңдағы көшелерге орнатылған бейнебақылау камераларын мұқият тексеріп шықты. Сондай-ақ барлық полиция бөлімшелеріне күдіктінің белгілері бар бағдар жолдады.

Осындай жан-жақты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Криминалдық полиция қызметкерлері бір тәуліктен кейін күдіктіні Алматы қаласынан ұстады. Ол бұрын тонау үшін сотталған Кентау қаласының тұрғыны болып шықты. Ер адам полиция бөліміне жеткізілді.

Белгілі болғандай, яғни алдын ала болжам бойынша екі ер адам дүкен есігінен кірер сәтте иық тіресіп, артынан сол үшін сөзге келіп қалған. Содан жәбірленуші оқиға орнынан шығып кетіп, бірер минуттардан соң аталған дүкенге «Rаnge Rover» маркалы көлігімен қайта келіп, күдіктімен дауды шешпек болады. Одан әрі жанжал Кентау қаласына кіреберіс маңындағы аяқталмаған нысан аумағында жалғасқан. Онда екі ер адам төбелесіп, соңында күдікті жәбірленушіні пышақтап, қылмыс орнынан қашып кеткен.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заттай дәлел ретінде пышақ алынды. Күдікті қамауда. Бүгінгі таңда тергеу оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.

Түркістан облысының полицейлері гараждан көліктің 4 дөңгелегін жымқырып кеткен күдіктіні анықтады

Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, түнгі уақытта белгісіз біреулер үйіне кіріп, гаражында тұрған автокөліктің 4 бірдей дөңгелегін жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 80 000 теңгені. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.

Ақпарат алысымен ұрлық болған мекенжайға бірден жедел-тергеу тобы жетті. Тұрғынның дөңгелегін ұрлап, жеңіл жолмен пайда таппақ болған ұрыларды ұстау мақсатында, тәртіп сақшылары қажетті шараларды іске асырды.

Оқиға орнынан дәлелдерді жинақтап, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде осы ұрлыққа күдікті ретінде жұмыссыз жергілікті тұрғын анықталды.

Бүгінде полицейлер дөңгелектерді айғақты зат ретінде тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындары мен қонақтарына, автокөлік салонында бағалы заттарды қалдырып кетпеуге және көлікті күзетілетін арнайы тұраққа қойып, дабыл жүйесін орнатуға кеңес береді.

Қой ұрлаған жас жігіттер анықталды

Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, сағат 15:00 шамасында мал жайылымында жайылып жүрген 600-ден астам бас қойының ішінен 3-еуін қойын белгісіз біреулер ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 150 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды.

Ақпарат келіп түскен бойда тәртіп сақшылары мал ұрлығы қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде күдікті ретінде 4 жас жігіт анықталды.

Тексеру кезінде қылмысқа қатысы бар төрт жігіттің мал ұрлап кетіп бара жатқан сәтте жол апатына ұшырағаны белгілі болды. Олар қарсы бағытта келе жатқан «Мерседес» маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Жас жігіттер ауруханаға жеткізіліп, мамандардан алғашқы көмек көрсетілді. Қазіргі таңда оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Көлік автотұраққа қойылып, қойлар иесіне қайтарылды.

Облыс полицейлері тұрғындарға мал ұрлығының алдын алу үшін жайылымға малдарды қараусыз жібермеу керектігін ескертеді. Сонымен қатар үш жақты келісім шарт жасауға кеңес береді.

 

Осы RSS каналға жазылу