Отырар: аудан әкімі кәсіпкерлердің жұмыстарымен танысты

Отырар ауданы әкімінің сапары Балтакөл ауылында бастау алып, жеке кәсіпкер Бөкейхан Нурдаулет Жантөреұлының иелігіндегі «Бөкейхан» шаруақожалығында болды. 20 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер бүгінде Ресей еліне қауын сатумен қатар қауыннан қақ, қауын құрт өндірісін қолға алған.

ШЫМКЕНТ: МЕДИЦИНА – ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА ҚОЛАЙЛЫ САЛА

Шымкенттегі облыстық фтизиопульмонология орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын іске асыру бойынша кезекті кездесу өтті. ОФО басшысы И.Құдайбергеновтің төрағалығымен өткен жиынға медицина мекемесінің ұжымы қатысты.

- Президент Жолдауында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесі кеңінен сөз болды. Өйткені, медицина – инвестиция салуға қолайлы сала, тек оған дұрыс жағдай жасау қажеттігі, сонымен қатар, медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керектігі айтылды. Жалпы, осы тақырып төңірегінде өз пікірлеріңізді білдіру маңызды, - деді И.Құдайбергенов.

Еліміздің басты құндылығы – адам. Ал адам денсаулығына қатысты түйткілді мәселелерді кейін ысырып қоюға болмайды.

-Мемлекет басшысы еліміздегі емдеу мекемесі жоқ 650 елді мекенде екі жылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілетінін айтты. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасамақ. Демек, денсаулық сақтау саласындағы шешімін табуы тиіс мәселелер кезек күттірмейді, - дейді қоғамдық штаб мүшесі Рамазан Бектұрғанов.

Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдіру де өзекті мәселе. Бұл мәселе төңірегінде Президент медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылатынын қадап айтты. Яғни, алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізбек.

Жиынға қатысқан медицина қызметкерлері тақырып төңірегінде өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, көпшілікті еліміз үшін маңызды құжат саналатын Президент Жолдауын қолдауға шақырды.

Шымкент: Шағын және орта бизнесті қолдаудың маңыздылығы айтылды

Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мегаполистегі кәсіпорындарды аралады. Қоғам қайраткерлері "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағындағы "Әлем-БТ" кәсіпорнында еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы басым бағыттар туралы пікір алмасты.

– Қазақ халқында "Сананы тұрмыс билейді" деген сөз бар. Мемлекет басшысы Жолдауында осы мәселені көтеріп, экономикаға баса назар аударды. Ел экономикасын дамытуға Жолдаудың тұтас бір тарауы арналды. Сөздің тоқетеріне келсек, шағын және орта бизнеске қолдаудың маңызды екенін, оның ішінде банктер секілді қаржы институттары да жұмыс істеп, қолдау көрсетулері тиіс. Қазақстандағы кәсіпорындар елді өз өнімдерімен қамтамасыз ететіндей жағдай жасалуы керек. Біздің де ойымызша, банктер қаржыны төмен пайызбен кәсіпкерлерге берсе, бизнеске де, тиісінше, елге де пайда болар еді. Президент Жолдауының едәуір бір бөлігі саяси өзгерістерге, оның ішінде Президент және парламент сайлауына арналды. Ал парламент дегеніміз – елге қажет заң шығаратын орган. Сол парламент сайлауы келесі жылы өтеді деп күтілуде, – деді қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметұлы.

Қоғамдық кеңес мүшелері кәсіпорын басшыларымен де сөйлесіп, жұмысшыларға жасалған жағдай, компанияның экономикалық саясаты туралы әңгімелесті.

 Айта кетсек, «Әлем БТ» шұлық фабрикасының іргесі – 2015 жылы қаланған. Тоқу жабдықтарының жоғары технологиялық паркі 246 автоматты құрайды, олар ай сайын 1,5 млн.жұп өнім шығарады, бұл қазақстандық шұлық нарығының басқа өндірушілеріне қатысты даусыз артықшылық болып табылады. Отандық нарықты толық қамтамасыз етуден бөлек, шетелге де өнімдерін экспорттап жатқан ірі кәсіпорындардың бірі. Қазір мұнда 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын жылына 24 миллион жұп шұлық өндіреді.  Жетекшілерінің мәліметінше, өнімнің 95 пайызы экспортқа шығарылады.

 

"Aq-qara.kz" ақпарат

Шымкент барлық сала бойынша көш басында

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бүгінгі Үкімет отырысында еліміздің соңғы 9 айдағы әлеуметтік-даму қорытындысын жасау барысында Шымкент барлық сала бойынша оң өсімді сақтап, елімізде көш бастап тұрған өңірлер қатарында екенін айтып өтті. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың келтірген мәліметіне сәйкес, өнеркәсіп өнім көлемі 666,4 млрд.теңге жетіп, нақты көлем индексі 106,7 пайызды құрады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі – 108,1 пайыз болып отыр. Инвестиция көлемі 327,9 млрд.теңге болып, 20 пайызға артты.  Оның ішінде, мемлекеттік бюджеттен 80,3 млрд.теңге, жеке көздерден 247,6 млрд.теңге. Құрылыс жұмыстарының көлемі 131,4 млрд.теңге немесе 139,7 пайызды құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 507,1 мың шаршы метр немесе 127 пайыз болды.

Жалпы сауда көлемі 140,1 млрд.теңге болып, нақты көлем индексі 12,9 пайызға артты. Оның ішінде, бөлшек сауда 417,9 млрд.теңге, нақты көлем индексі 111,5 пайыз, көтерме сауда 944,3 млрд. теңге, 113,4 пайыз. Жалпы көлік көлемі 224,3 млрд. теңге болып, 107,9 пайызды құрады.

Жолаушылар айналымының нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңіне 0,8 пайызға, жүк айналымы 3,2 пайызға артты. Байланыс қызметі 5 724,9 млн. теңгені немесе 4,6 пайызға артты.

Айта кетейік, жалпы үшінші мегополис қай жағынан алғанда да көш басында. Естеріңізде болса, 01.07.2022 жылы Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифинг кезінде қаланың мегаполис мәртебесін алғаннан бергі негізгі даму көрсеткіштері мен осы жылдың алты айлық қорытындысы бойынша шаһардың даму динамикасы да өте жоғары екенін айтқан еді. Яғни, соңғы 4 жылда қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30 пайызға, қала бюджеті 4 есеге өскен.

 

"Aq-qara.kz" ақпарат

ШЫМКЕНТ: БИЗНЕС ПЕН ҮКІМЕТ АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕР

Әділетті Қазақстанда әр азаматтың өтініш-тілегі тыңдалады. Оның ішінде кәсіпкерлер мен қаржы ұйымдары арасындағы байланысқа баса назар аударылады. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Шымкент қалалық филиалында өткен дөңгелек үстел жиынында айтылды.

 Басқосуға Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері Мырзахмет Сынабаев, Рүстем Әшетаев, Азат Әміртай және жергілікті кәсіпкерлер келді. Кездесуде ҚР Президентінің Жолдауы аясындағы кәсіпкерлікке қолдау және дамыту тетіктері сөз болды.

 – Қалалық қоғамдық кеңес үкімет пен халықтың арасындағы «алтын көпір» рөлін атқарып жатыр деуге болады. Мысалы, бір жағынан, азаматтардың өтініштерін билік өкілдеріне жеткізу болса, екінші жағынан, құқықтық-нормативтік актілерді, жаңашылдықтарды халық арасында түсіндіру де бар. Мемлекет басшысы Жолдауында экономика, оның ішінде кәсіпкерлікке баса назар аударды. Оның ішінде қоғамдық кеңестің отырыстарында құрылыс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, қалалық сәулет, жер қатынастары, тұрғын үй, коммуналды шаруашылық тақырыптары жиі көтеріледі. Осы салаларға қатысты ой-пікірлеріңіз, талап-шағымдарыңыз болса, бірге талқылайық. Біз жауапты мамандарға жеткізуге тырысамыз, – деді Мырзахмет Сынабаев.

 Жиынға қатысушы кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Іскер азаматтарды, оның ішінде, әсіресе, жеңілдетілген несие алу мен басқа да қаржылық қолдау мәселелері мазалайтындарын жасырмады. Кейбір кәсіпкерлер жұмыс істеп тұрған өндірісі бола тұра екінші деңгейлі банктен несие алуда кедергіге тап болатындарын жеткізді.

Қоғамдық кеңес мүшелері көтерілген мәселелер мен сұрақтарды жазып алып, тиісті органдарға жеткізуге уәде берді.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Онда шағын және орта бизнесті дамыту, қолдау назардан қалмады.

 

ШЫМКЕНТ ӘКІМІ М.ӘЙТЕНОВ БИЗНЕС ҚАУЫМДАСТЫҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Шымкенттегі “Көрме” орталығында жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылып, бизнес қауымдастық өкілдерінің кездесуі өтті. Қалалық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылған шараға шаһар басшысы М.Әйтенов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары-Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков, құқық қорғау орган қызметкерлері, салалық құрылым басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.

Үшінші мегаполистің экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі драйвері - кәсіпкерлік саласы. Шымкенттегі жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шағын және орта бизнес өкілдері өндіреді.

Бүгінде қалада 95 мыңнан астам белсенді кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді.

“Республика бойынша 4-ші орындамыз, 180 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бұл да әрине сіздердің арқаларыңызда”,-деді М.Әйтенов салтанатты шараны ашу барысында.

Жалпы жиында бірқатар өткір де өзекті мәселелер қозғалды.

Қылмыстық процесс саласындағы қиындықтар, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту, қала құрылысында кездесетін проблемалар, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардағы жер учаскелерін қосалқы жалдау жолдары мен жанар-жағармайға дифференциациялық бағаның бекітілуіне байланысты туындаған салықтың есептілігі, т.б көптеген мәселелер көтеріліп, кездесу барысында оның шешілу жолдары айтылды.

Кездесу қорытындысымен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесін құру жобасын жүзеге асыруды бастады.

Бизнесті қорғаудың экожүйесі аясында кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын бұзу фактілерін және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде қажетсіз әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған біршама ұсыныстар әзірленетін болды.