ШЫМКЕНТТЕГІ БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру мақсатында Шымкент қаласында ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту қолға алынуда. Бұл туралы қала әкімі М.Әйтенов ОКҚ-де өткен брифинг кезінде баяндады.

Бүгінгі таңға аумағы 133 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1500-ден астам жұмыс орны ашылатын болады. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында биыл құны 11 млрд. теңгені құрайтын 14 жоба іске асып, 369 жұмыс орны ашылады. Жобалар қайта өңдеу, өндірістік жылыжай кешені, сақтау қоймасы, тауарлы сүт фермасы мен құс шаруашылығын кеңейтетін болады.

Бағаны тұрақтандыру бағытында сауда-логистика аймағында 4 жаңа қойманың және 1 көтерме-тарату орталығының құрылысы жоспарлануда.

Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары бойынша тұрақтандыру қорына бюджет есебінен 7,7 млрд.теңге бөлініп, ірі сауда желілеріне, жергілікті тауар өндірушілерге және бизнес субъектілеріне айналым қаражаты берілді.

Естеріңізге сала кетейкі, 2021 жылы да Шымкентте жұмыртқа, күнбағыс майы және құмшекер тауарларының бағасы біршама қымбаттаған еді. Мәселен, 1 санатты жұмыртқаның бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорынан «Шымкент құс» тауар өндірушісіне 200 млн теңге айналымға қарыз қаражат берілді. Өндіруші кәсіпорынның өнімдері  «Грамад», «Фиркан» сауда желілерінде 10 данасы 322 теңгеден сатылған.

Ал 2020 жылдың қазан айынан бастап күнбағыс майы 27,7%-ға қымбаттаған. Осы ретте 2021 жылы  өңірлік тұрақтандыру қорының жұмысына жалпы 4,2 млрд теңге қаралған болатын. Яғни сауда нысандарға айналымға қарыз қаражат берілді. Атап айтқанда, «Фиркан» сауда желісіне (15 нысан) 300 млн теңге, «Turar» ЖШС-не 505 млн теңге, «Шымкент құс» ЖШС-не 200 млн теңге, «Грамад» сауда желісіне (4 нысан) 800 млн теңге, «Юпекс» ЖШС-не 500 млн теңге, «Hermes» ЖШС-не 28 млн теңге қарыз қаражаты берілген.

Сондай-ақ қала аумағының тығыз орналасқан аймақтарында әлеуметтік дүкендер ашу, сауда нысандарына мониторинг жүргізу, жәрмеңкелер ұйымдастыру жұмыстары атқарылды.

 

«Aq-qara.kz» -  ақпарат

ШЫМКЕНТТЕ 50 КӘСІПОРЫН АШЫЛМАҚ

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырған болатын. Осыған орай Шымкентте 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім етті.

«Бұл кәсіпорындар жалпы аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриялық аймағында салынады. Бүгінгі таңда аймақта инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Мұнда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 50-ден астам ірі жоба іске аспақ. Оған 200 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргі таңда 100 млрд. теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінді»,-деді әкім.

Бұдан бөлек, ел Презииденті шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырған болатын. Қала әкімі осы мақсатта Шымкент қаласында тағы да бір «Стандарт» жеке индустриалды аймағы ашылатынын жеткізді. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Аумағы 118,9 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың ш.м дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың ш.м қойма алаңдарын салу жоспарланып отыр.

Айта кетсек, Шымкент қаласы экономикаға тартылған инвестиция көлемінің өсімі бойынша республикада бірінші орында тұр. Биылғы жылдың 5 айында қалаға 131 миллиард 100 миллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,2 пайызға жоғары.  Өңірде жыл соңына дейін 538 млрд.теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 16%-ға артық. Бұл көрсеткішке 2022-2025 жылдары қалада жүзеге асырылатын құны 2,6 трлн. теңге құрайтын 242 инвестициялық жобалар тағы бар. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі саласында құны 550 млрд. теңгені құрайтын 50 жоба іске асырылады.

«Aq-qara.kz» -  ақпарат

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 5 КӘСІПОРЫН АШЫЛДЫ

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент әкімі М.Әйтенов халықтың табысын арттыра түсу үшін өндіріс орындары санын арттыру жұмыстары қолға алынғанын жеткізді.

- Бұл бағытта биыл 16 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Инвестиция көлемі 52,3 млрд. теңгені құрап, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда жоспарланған 5 кәсіпорын іске қосылды.

✔️ «KAZALPACK» компаниясы.

✔️ «DALA CONSTRUCTION» компаниясы.

✔️ "ЦВЕТЛИТ" КОМПАНИЯСЫ.

✔️ "ЭКО-ФАРМА" ЖШС.

✔️ «MEGA SMART B2B» компаниясы.

«Осылардың ішінде Орталық Азияда теңдесі жоқ «KazAlPack» ЖШС «Алюминий банкілерінің өндірісі» жобасын атап өткім келеді. Жоба құны 23,4 млрд. теңгені құрайды. Жаңадан 145 жұмыс орны ашылды. Онда жылына 500 млн. дана алюминий банкілерін шығару жоспарлануда. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60%-ын алмастырады», - деді әкім.

Сондай-ақ жоспарланған жобалардың ішінде қала экономикасына маңызды жобалардың бірі ретінде «Standard Steel KZ» ЖШС түсті металл концентраттарын алу зауыты (мыс, қорғасын, цинк, алтын) жобасы бар. Аталған жобаның құны 8,5 млрд теңге. Жоба аясында 250 жаңа жұмыс орны ашылмақ. «Бұл – қала үшін маңызды. Себебі бұрынғы қорғасын зауыты аумағындағы қорғасын қалдықтары тазартылып, қаланың экологиясына оң әсер ететін болады»,-деді қала әкімі.

Жалпы қаладағы 4 индустриялды аймақта 185,3 млрд.теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.Өңірде жыл соңына дейін 538 млрд.теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 16%-ға артық. Бұл көрсеткішке 2022-2025 жылдары қалада жүзеге асырылатын құны 2,6 трлн. теңге құрайтын 242 инвестициялық жобалардығ үлесі әсер етпек. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі саласында құны 550 млрд. теңгені құрайтын 45 жоба іске асырылады деген жоспар бар.

 

«Aq-qara.kz» -  ақпарат

М.ӘЙТЕНОВ: ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР – ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІР САПАСЫНА ТІКЕЛЕЙ ӘСЕР ЕТУІ ТИІС

 

«Биыл қаламызда «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 24 мыңға жуық мұғалімнің еңбекақысы 25 пайызға, 17 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жалақысы 20 пайызға, денсаулық сақтау және спорт салаларында еңбекақы 25 пайызға өсті»,-деді қала әкімі.  Ол өз сөзінде халықтың табысын арттыра түсу үшін өндіріс орындарын көптеп ашу қажет екенін айтты. Және осы ба,ытта Шымкентте биыл 16 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланғанын тілге тиек етті.

«Инвестиция көлемі – 52,3 млрд теңгені құрап, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда жоспарланған 5 кәсіпорын ісске қосылды»,- деді қала әкімі.

Жалпы Шымкент қаласында 2022 жылдың І тоқсанында орташа жалақы 23,3 пайызға өсіп, 216867 теңгені құрады.  Айта кетейкі, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың әл-ауқаты мен әлеу­меттік жағдайы мемлекеттің басты назар­ында болуы керек екенін үнемі айтып отырады. Осы орайда, Үкімет 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасын бекіткен болатын. Халықтың табысын арттыру бағдарламасы азаматтардың тұрмысын жақсарту  және әлеуметтік-еңбек саласында тәсілдерді жаңалау үшін әзірленді. Құжат  бірінші кезекте, халықтың нақты табысын арттыруға  және жұмыспен қамтуға бағытталып отыр. Ол жүйелі индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы  іске асырылады. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын өндірістік кластер құру, шағын және орта бизнес саласын қаржылай қолдау, ірі кәсіпорындар жанынан шағын кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау арқылы ұлғайту жоспарланған.

Бұған қоса бағдарлама аясында еңбек табысының айырмашылығын қысқартуға және халықтың сатып алу қабілетін арттыруға көңіл бөлінеді.

«Aq-qara.kz» -  ақпарат

ШЫМКЕНТ БЮДЖЕТІ СОҢҒЫ 4 ЖЫЛДА 4 ЕСЕГЕ АРТҚАН

Бұл жайында шаһар басшысы мәлімдеді.  Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялық қызметі алаңында өткен брифингте қаланың мегаполис мәртебесін алғаннан бергі негізгі даму көрсеткіштері мен осы жылдың алты айлық қорытындысын баяндады.

Әкім соңғы 4 жылда қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 30 пайызға, қала бюджеті 4 есеге өскенін айтты.

«Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 млрд. теңгеден 785,4 млрд. теңгеге ұлғайды. 1,5 трлн. теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл қалаға жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарланған. Инвестиция тарту бойынша Шымкент 2021 жылдан бері елімізде көш бастап келеді. Сонымен бірге 2,6 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, оның 1 миллионы өткен жылы берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асты. Ал, қала бюджеті 146,2 млрд. теңгеден 573,7 млрд. теңгеге дейін артты. Осы уақыт ішінде 673,4 шақырым жол жөнделді. Бұл – алдыңғы 8 жылмен бірдей»,-деді М.Әйтенов.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан 4 жыл бұрын, яғни 2018 жылыОңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып келген Шымкент қаласының тұрғын саны 1 млн-ға жетіп, республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына ауысып, облыстың да атауы Түркістан облысы болып өзгерді. Шымкентке қаражат республикалық бюджеттен қаралатын болды. Шымкентке республикалық дәрежедегі қала атауы ресми түрде бекітілгеннен кейін нақты жұмыстарды атқара бастады. Шымшаһарда көптеген өзгерістер болды, жаңа шағынаудандар құрылып, инфрақұрылымдар салынып, сәт сайын қала жаңа ғимараттармен толыға бастады. Және қаланың экономикалық әл-ахуалы да өздігінше дамыды.

«Aq-qara.kz» -  ақпарат

ШЫМКЕНТТЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАТЫН ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

 

Бүгінгі өткен Үкімет отырысында Шымкент әкімі М.Әйтенов қалада жүзеге асыралатын ірі инвестициялық жобаларды атады.

«KAZALPACK» - соның бірі. Аталмыш компания биыл құны 23,4 млрд. теңгені құрайтын алюмин банкілерінің өндірісі жобасын іске қосып, 150 жаңа жұмыс орны құрылды. Қосымша 2023-2025 жылдары алюмин тақталары мен листтер өндірісі жобасы іске асырады. Инвестиция көлемі  40 млрд. теңге, 350 жаңа жұмыс орны құрылады.

Келесі жоба - «Karlskrona». Бұл компания  құны 26 млрд. теңгені құрайтын гидравликалық насостар өндірісі  жобасын жүзеге асырады. Онда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

 Өзбекстандық инвестордың қатысуымен «Orient Ceramic» компаниясы құны  13 млрд. теңгеге керамикалық тақталар өндірісі жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда.  300-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылады.

1 000 орындық көпфункционалды университеттік клиника мен заманауи емхана жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі 120 млрд.теңге, 3 мыңға жуық жұмыс орны. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары аяқталып, сараптамадан өтуде.

«Asia Trafo» компаниясының құны 7 млрд. теңгені құрайтын трансформатор өндірісі. Жоба аясында Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғары кернеулі реакторлар шығарылады.

Айта кетейік, Шымкентте жалпы аумағы 743 га құрайтын 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд.теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Қала экономикасының қарқынды дамуына және инвесторлар тарапынан сұраныстың артуына байланысты жаңадан 4 өндірістік алаң ашу жұмыстары басталды.

Атап айтсақ,  «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Аумағы 306 га, қазір инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде. Бұл аймақта 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде. 5 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылады. Бүгінгі таңда 17 жобаға жер телімдері беріліп, инвесторлар жұмыстарын бастап кетті.

Аумағы 132 га құрайтын «Бозарық» агро-индустриялық аймағы. Басты бағыты - ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу. Инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. 21 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Бүгінгі таңда 7 млрд. теңгеге 6 жобаны іске асыруға жер телімдері ұсынылды.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту. Аймақты кеңейту бойынша қосымша 175 га жер учаскесі анықталды. Бұл аймақта құны 150 млрд. теңгеге 30-дан астам ірі жобаны жүзеге асырып, 3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

«Стандарт» жекеменшік индустриялық аймағы. Бұл аймақтың ерекшелігі -  инвестор өз қаражаты есебінен 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдарын салып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынады. Кәсіпкерлерге қаржы институттары мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда аумақтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Шымкент: Тауарлар 15-20 пайызға арзан сатылды

Жеміс-жидектер, көкөніс пен азық-түлік. Ет, сүт өнімдері,  макарон, шұжық, тұрмыстық химия, текстиль жəне өзге де өнімдер осында тиімді бағада саудалануда. Базар нарқынан тауар түрлеріне қарай  10-15 пайызға төмен ұсынылуда.

Шымкентте  ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бұл жәрмеңке өзгелерден ерек. Себебі, ауқымды түрде өтіп жатқан бұл іс-шара Шымшаһардың туған күніне орай ұйымдастырылды. Жалпы халық күнделікті бірінші кезекте тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері және олардың бағалары басты назарда. Бұл бойынша Шымөаламызда бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Қала күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңке - соның бірі.

Мақсат - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру, халықты тиімді бағадағы қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету және делдалдық қызметті шектеу болып табылады.Жәрмеңкеге Шымкенттегі тауар өндірушілермен қатар Түркістан облысының көрші аудандарынан ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілер, дихандар мен шаруалар қатысуда.

– Дәстүрлі жәрмеңкеге 200-ге жуық кәсіпкер қатысуда. Олар өз өнімдерін базар нарқынан 10-15 пайызға төмен сатуда. Жалпы көлемі 100 тоннадан астам өнім ұсынылған, – деді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жандос Ханаев.

Айта кетейік, жәрмеңкеде құмшекер де сатылуда. Жалпы салмағы 4 тонна шекер әр адамға бес келіге дейін, келісі 480 теңгеден босатылуда.

Тілге тиек етсек, ауылшаруашылығы - мемлекет экономикасының өсіміне септігін тигізетін сала. Бұл ретте, Шымкент өзінің болашағын ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеумен және АӨК саласындағы логистикамен тығыз байланыстырады. Өйткені, қала - аграрлық аймақтың орталығы.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ШЫМКЕНТТЕ 30 МЫҢ ГЕКТАРҒА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАҚЫЛДАРЫ ЕГІЛДІ

 

Биыл қала аумағындағы егіс егілетін жер 30 мың гектарға жетіп отыр.  Бұл 2021 жылдан 0,7 мың гектарға, ал 2019 жылмен салыстырғанда 1,9 мың гектарға артық. Осы егіс алқабынан диқандар 90,1 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр.

Осы және басқа да ақпараттармен Шымкент қаласының ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Джанбатыров Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте мәлімдеді.

-   Егістік алқабы өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,7 мың гектарға артқан.  Жалпы дәнді-дақылдар -13,0 мың га., жүгері - 0,1 мың га., майлы дақылдар - 3,6 мың га., мал азықтық дақылдар - 9,6 мың га., картоп - 0,4 мың га., көкөніс және бақша дақылдары - 3,4 мың га.  жерге егілді,-деді А.Джанбатыров.

Оның мәліметтеріне сенсек, қазіргі таңда көкөніс алқаптарынан 17,9 мың тонна өнім алынса, 10,1 мың тонна мал азықтық шөп жиналған.

-       Биыл мал азықтық өнімдерін өндіруге басымдық беріледі. 2021 жылы 8,9 мың га жерден мал азығы жиналса, осы жыл 10,1 мың гектардан өнім жинау көзделуде, -деді А.Джанбатыров.

Сондай-ақ, шаруалардың өтінімдеріне сәйкес, көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін жанармай жеңілдетілген бағамен литріне 189 теңгеден босатылуда.  Бүгінгі күнге дизель отынының нарықтағы бағасы 220-230 теңгені құрап отыр.

 2022 жылы ауылшаруашылығы саласында өнімділікті арттыру мақсатында

- минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасына - 122 146,0 мың теңге. Бүгінгі күнге 32,1 мың тонна тыңайтқыш субсидияланды.

- тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 20 480,0 мың теңге бөлініп, бүгінгі таңда бірінші ұрпақ будандарының 141,0 мың дана тұқымдары субсидияланды.

 - пестицидтердің, биоагенттердiң (энтомофагтардың) құнын субсидиялауға 600,0 мың теңге бөлінген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 12%-артық (2021ж.-128,0 млн.тг.).

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат