Жиынға Сауран ауданының Бас Имамы бауыржан Ильясұлы Акауов және аудан мешіттерінің ұстаздары қатысып, құттықтау сөздерін айтты.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Құранды оқушы құлға қиямет күні, оқы көтеріл, дүние өмірінде қалай көркемдеп оқысаң солай оқы. Сенің мәртебең, ең соңғы оқитын аятың» дейді. Құран өзін оқығанға шапағатшы. Шараға қатысқан және демеушілік жасаған жомарт жандарға алғыс айтылды.
Адамзатты тура жолға бастауға жіберілген, кемел адам қалыптастыратын қағидалардан тұратын Құранның бойында бізге құпия қаншама қазына жатыр.
Жаратушы Алла Тағаланың құлдарына деген шексіз рақымдылығының айқын көрінісі – Құран кәрімнің адамзатқа тура жол көрсету үшін түсірілуі. Құран – барша әлемге түсірілген ұлы мұғжиза.
Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) айтты: «Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, амал дәптері тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: жария берілген садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салихалы ұрпақ» – деген болса, басқа бір хадисте Айша (р.а.) анамыздан келген риуаяттан көреміз: «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда кекештеніп қиналса, екі сауап алады» – деген.
Ислам шариғаты кез келген адамға екінші бір адамның дүниесін, кәсібін, абыройын қызғануыға жол берілмейді. Тек екі жағдайда ғана қызғануға рұқсат етіледі. Ол жайында Пайғамбарымыздың (с.а.у) мүбәрак хадисінде: «Тек екі нәрседе ғана қызғаныш танытуға болады. Алла Тағала Құран беріп, онымен күні-түні құлшылық жасаған және Алла Тағала мал-дүние беріп, күні-түні қолындағы дүниесімен қайырымдылық еткен кісіге» – делінген.
Муслимнен жеткен хадисте Адамзаттың ардақтысы (с.а.у): «Расында, денеде бір кесек ет бар, ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса қалған дүние түгелімен бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек» — деген. Ал, жүрек Құран оқумен тыныштық таппаушы ма еді? «Солар – иманға келгендер және Алланың еске салуымен (Құранмен) жүректері тыныштық тауып, орныққандар. Біліңдер! Жүректер Алланың Еске салуымен (Құранмен) тыныштық тауып, орнығады» («Рағд» сүресі, 28-аят).
Мұсылман адам құран оқу арқылы тәні мен жанына шипа табады. Өйткені, Алла тағала бұл турасында «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз» («Исра» сүресі, 82-аят) деп сүйіншіледі.
Құран оқыған кісіге ақыретте шапағатшы болады әрі дәрежелерді көтереді.
Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде: «Екі нұрды оқыңдар: «Бақара» және «Әли Имран». Қиямет күні олар екі бұлт күйінде келеді және өзін оқушыларды қорғайды» — делінсе, «Мүлк» сүресі турасында: «Құранда отыз аяттан тұратын сүре бар. Кім оны оқыса, Қияметте оның күнәсі кешірілмейінше шапағат етуін тоқтатпайды. Ол – Мүлк сүресі» — деп айтылады. Ал келесі бір даналық бұлағына айналған хадисте: «Қиямет күні Құран келіп: «Я, Алла, Құран оқушыны көріктендір» дейді, сонда оған қошемет тәжі кигізіледі. Содан кейін Құран: « Я Алла, одан сайын еселе!» дейді, сонда оған қошемет киімі кигізіледі. Содан кейін Құран: «Я, Алла, оған разы бол!» дейді, сонда оған разы болынады. Осыдан кейін ғана Құран оқушыға: «Оқы және биіктей түс» делінеді, сонда ол оқыған әрбір аятқа сауап жазылады» — делінген.
Құранның бір әріпін оқу он сауапқа тең: Ибн Мәсғуд (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у) айтқаның келтіред: «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса – бір сауап, ал бір сауап он сауапқа тең. Әлиф-ләм-мим («Бақара» сүресінің басы) бір әріп деп айтпаймын, әлиф бір әріп, ләм бір әріп, мим бір әріп». Имам Бұхари риуаятынан жеткен хадисте :«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны үйреткендерің» — делінген. Құран оқудың осыншалықты сыйы мен пайдасын білген жан оны ашуға асығары рас.
Кез келген кітапты оқу арқылы адам баласы белгілі бір өмірлік пайдаларды алуы мүмкін. Ал, қасиетті Құран Кәрімді оқу арқылы адам баласы өмірлік пайдалармен қатар ақыреттік сауапқа да кенеледі. Өйткені, Құран – мәңгілік мұғжиза. Өмірде де, ақыретте де қасиеттілігін жоғалтпайтын Алланың сөзі. Құран оқудың артықшылығы пендені көптеген жоғары дәрежелерге жеткізеді. Мұны біз Құран оқыған сайын кісінің Алла алдындағы дәрежесінің артатындығы жайлы айтылған хадистерден байқаймыз. Қасиетті Құранды оқуға талпынған адамның да сауабы еселене түседі. Әлбетте, Құранды көркем, тәжуидіне сәйкес оқудың артықшылықтары бір бөлек. Десек те, шариғи қағидаға сәйкес машақат көбейген сайын сауаптың артатынын ескерсек, Құран оқуға талпыну барысында белгілі қиындықтарға кезіккен кісінің сауабы арта түсері сөзсіз. Бұл жайлы Пайғамбарымыздан (с.а.с) Айша анамыз жеткізген хадисте: «Құранды мәнерлеп оқыған қари ұлы періштелермен бір дәрежеде. Тілі сынбай, қиналып оқығанға екі есе сауап беріледі», - деген [Бухари мен Муслим риуаяты].
Міне осы хадистен де қырағат ету қиындай түскен сайын дәрежеміздің артатындығын байқаймыз. Өйткені, қиналмай оқыған кісі бір сауап алатын болса, қиналып оқыған кісі қиыншылығы және Құранды оқығаны үшін екі сауап алады. Сол арқылы Алла құзырында да абыройы арта түседі. Тағы бір құдси хадисте Алла Тағала былай дейді: «Кімде кімді Құран оқу, Маған дұға етуден тосып қалса, оған сұрағандарға бергенімнен де ең абзалын беремін. Алла сөзінің ұлықтығы Алланың басқа барлық жаратылыстардан ұлықтығы сияқты» [Термизи риуаяты, хасан-ғариб хадис].
Осы құдси хадистен де Құран оқу арқылы тілегіміздің бірден қабыл болатындығын, қабыл болуымен қатар, сұрағанымыздан артығы берілетіндігін байқауымызға болады. Себебі, Құран оқушы әрдайым Алланың рахметінде болады. Оны періштелер қоршап, айналасында тыныштық орнайды. Ал періштелер қоршаған жерге Алланың назары түсіп, ол жерге береке орнайды.
Құран оқушының жүрегі нұрланады. Ол нұр кісіні дүниедегі қараңғылықтардан, ақырет зұлыматынан сақтайды. Сонымен қатар, Құранды оқумен бірге оның ішіндегі үкімдерді орындап, тыйымдардан тыйылу сауабымызды еселейді. Кімде-кім Құранды оқып, мағыналарын түсінсе тура бір берік арқанға жабысқан кісідей болады. Ол арқан ол кісіні Алла разылығына жетелейді.Сол сияқты Құранды нәпіл намаздарда да көбірек оқудың артықшылығын айта кеткен жөн. Ибн Бурайда әкесінен Пайғамбарымыздың (с.а.с) былай дегенін жеткізеді: «Құран қиямет күні әлі жоқ адам кейпінде келіп: «Сені түні бойы ұйықтатпаған, күндіз шөлдеткен менмін», - дейді қариға» [ибн Мәжа мен Ахмад риуаяты].
Осы хадисте айтылғанда Құран қиямет күні өзін оқыған кісіге келіп: «Сені дүниеде түндері ұйқыдан тыйдым, күндіз ашығып, шөлдеп жүруіңе себепші болдым. Сен дүниеде арып-ашып, әлің құрып мені оқығаныңдай менде сенің алдыңа әлі жоқ кісі күйінде келіп тұрмын», - деп шапағат етеді. Пенде бұл дүниеде Құран жолында қызмет етер болса, ақыретте Құран пенде үшін қызмет қылып шапағатшы болады.
Ибн Бурайда әкесінен жеткізген тағы бір хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.с) былай дегенін жеткізеді: «Мен Пайғамбымыздың (с.а.с) құзырында отырған кезімде Ол кісі (с.а.с) былай деді: «Бақара сүресін оқыңыздар! Оны оқу береке, тәрік қылу қасірет. Оған сиқырдың күші жүрмейді!». Сосын біраз уақыттан кейін: «Бақара және Әл-Имран сүрелерін үйреніңіздер! Өйткені ол екеуі екі нұр. Қиямет күні бұлыт, яки екі қолшатыр не бір топ құстар күйінде келіп өзін жаттағандарға сая болады. Қиямет қайымда қабірлер ашылып, пенде қабірден тұрғанда Құран оған шаршаған адам күйінде жолығады да: «Мені таныдың ба?» дейді. Пенде: «Сені танымадым». Сонда Құран: «Мені танымағанын қалай?». Пенде: «Иә, мен сені танымаймын». Құран: «Мен сені ыстық күндері шөлдеткен, түнде ұйықтатпаған досың Құранмын ғой! Әрбір саудагер саудасы соңынан пайда көретіні сияқты, сен де бүгін өз саудаңның соңынан пайдаңды көретін боласың», - дейді. Оның оң қолына мүлік, сол қолына мәңгілік беріледі. Оның басына тәж кигізіледі. Ата-анасына екі киім кидіріледі. Ол екеуіне дүниедегі ешкім тең келе алмайды. Соңда ата-ана: «Бұл не үшін?», - деп таң қалысады. Сонда: «Балаларыңыз Құранды үйренгені үшін!», - деген дауыс шығады. Кейін, Құран қариға: «Оқы, жәннат және ондағы бөлмелерге қарай көтеріле бер!», - дейді. Қари тез оқыса да, асықпай оқыса да ақырын жоғарылап кете береді», - деді. [Дәрими, Ахмад, Бәйһақи риуаят еткен].
Осы хадистен-ақ Құранның қасиеті мен Құран оқудың көптеген артықшылығын көруімізге болады. Соған байланысты Ибраһим Нәһәи: «Түнде аз болса да Құран оқыңдар», - десе, имам Әузағи: «Кім түнде ұйқысыздық көріп, Құранды көп тіләуат қылса, қиямет күні оның есебі жеңіл болады», - деген. Түнде қырағат қылудың артықшылығы, себебі ол кезде жүрек бір қалыпты, әр түрлі нәрселерден, ойлардан ұзақ болады. Сонда пенденің дүниелік істерді ұмытып, Жаратушыға сыйынуы оңай болады. Сол сияқты рия, тағы басқа сауаптан мақрұм қылатын нәрселерден жырақтайтын кезең түнгі уақыт. Пайғамбарымыздың (с.а.с) Исра және Миғраж оқиғалары да түнде болғанын естен шығармағанымыз жөн. Түнде қырағат қылудың да өз жөні бар. Түні бойы қырағат қылудан гөрі денеге салмақ салмай үздіксіз, күн ара қырағат қылып отыру абзалырақ.
Абдурахман ибн Язид (р.а) Абдулладан (р.а) риуаят етеді: «Кім Құранды жақсы көрсе, қуансын!», [Имам Дәрими риуаяты]. Кім Құранды жақсы көрсе, Құранға махаббат қойса ол кісі қуансын! Себебі, ондай пендені Алла да жақсы көреді. Құранды ол кісі үшін ақыретте дәлел және шапағатшы етеді. Алла сүйген пенде азапқа ұшырамайды, тек қана құрмет пен сыйға лайық болады.
Құранды жақсы көрудің де өзіндік белгілері бар. Тек қана тілмен: «мен Құранды жақсы көремін», - деу жеткілісіз. Құранды жақсы көру, оны үнемі тіләуат қылудан, жаттап жүруден, үйреніп, амал етуден байқалады.
Абдулла ибн Масғудтың (р.а) нәпіл оразаларды аз тұтуының бірден-бір себебі де Құран тіләуәтін жақсы көруінде еді. Себебі, көп ораза тұтқан адам физикалық тұрғыда намаз, құран оқу сияқты қосымша нәпіл ғибадаттарға құлықсыз болып қалады. Осыдан байқайтынымыз, кісі өзіне тиісті, пайдасы тиетін амалдарды бірінші орынға шығарып, бұл амалдарға кедергі беретін амалдарды кейінге қалдыруы керек. Құран қырағатының нәпіл оразадан артық тұруының тағы бір себебі, нәпіл ораза кісінің өзіне ғана пайда келтіретін болса, Құран қырағаты өзіне де өзгеге де әсер етеді.
Әбу Умәмә (р.а) Пайғамбарымыздан (с.а.с) жеткізген хадисте: «Құран оқыңыздар! Өйткені Алла Тағала құран сіңген жүректі азаптмайды!», - дейді [Тәмим Рази риуаят еткен].
Құран сіңген деген тіркесті, оны жаттау, оқу, аяттарға ой жүгірту деп түсінуімізге болады. Пенде Құран оқыған сәтте оны ой елегінен өткізеді. Аяттар жүрекке жетіп, сіңеді. Құраннан әсер алады. Пенде мұны сезінсін, сезінбесін, кім Құран оқыса, оны жаттаса, түсінсе оны Алла азаптамайды. Оны түрлі қиыншылықтардан құтқарады.
Қорыта келгенде, Құран оқудың артықшылықтарын төмендегіше түсіндіруге болады:
Әуелі, қари Құран оқушы ғұламалар қатарында, адамдардың ең абзалы, ең құрметтісі болады.
Құран оқылған сәтте, әрбір әріп үшін жақсылық, бір сауап жазылып, ол Алла құзырында еселене береді.
Құран оқушы әрдайым Алланың назарында болады.
Алла Тағала Құран оқушының жүрегін, Өз Кәләмымен (Сөзімен) нұрландырады.
Құран оқушы қырағат ілімдерін толық меңгеріп, Құранды кемел дәрежеде оқитын болса, Алла Тағала оны қиямет қайымда пайғамбарлар, шыншылдар, шәһидтер және салихалы пенделерімен бірге тірілтеді.
Құранды әрдайым оқып, оған амал еткен кісі дүние және ақыретте ешқандай қауіп-қатерге ұшырамайды. Өйткені ол Алланың қамқорлығында болады. Кімде-кім Құранды ұлықтаса, Алла оны ұлықтап, қиыншылықтардан құтқарады. Құран оқушы және оған амал етушінің ата-анасы қияметте Алланың рақметіне ие болады. Балалары Алланың сөзін ұлықтағаны үшін оларға рақым етіледі.
Қари кісі жәннатта да жоғары мәртебеге ие болады. Құранды қаншалықты білуіне байланысты қадір-қасиеті арта бередіҚұранды оқу қаридың жан-жағына періштелердің жиналуына себепші болады. Тиісінше періштелер оған кешірім тілеп, дұға қылады.Құран оқушы және оған амал етуші Алланың әулие достары қатарында болады. Алла оларға рақыметін жаудырып, өз кешіріміне алады.
Құран оқып жатқан әрбір кісі осы қасиеттерді ой иелігінен өткізер болса, Құран оқуға деген махаббаты артып, Құранды үйрену жеңілдей түседі. Себебі, мұның бәрі Құранды оқуға, жаттауға, оны түсініп білуге үндейтін негізгі қасиеттер. Осының барлығын бойына сіңіріп, амал еткен кісінің тірі Құран, яғни әрбір ісі, жүріс-тұрысы Құранға сәйкес болары сөзсіз. Ал бұл Алла разылығына жетелейтін негізгі жол.