Сайрамда 1 келіге жуық гашиш табылды

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі затын сақтап, тасымалдаумен айналысты деген күдікпен Алматы облысының тұрғынын ұстады. Нақтырақ айтсақ, полицейлерге есірткі қылмысы бойынша шұғыл ақпарат түскен. Осының негізінде тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша СДТБТ-ға енгізіліп, қылмыстық іс қозғалды.

Хабарламада көрсетілген жайтты анықтау, күдіктіні ұстау мақсатында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Күдіктінің жүруі мүмкін аймақ анықталып, жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Осылайша жедел уәкілдер Сайрам ауданына қарасты республикалық «Алматы-Ташкент» тас жолының бойында орналасқан жанармай құю бекетінің маңында күдікті ретінде жаяу кетіп бара жатқан жолаушыны ұстады. Оның жеке басына тінту жүргізу кезінде, қолындағы сөмкесінің ішінен 14 дана полиэтилен пакетке салынған қоңыр-жасыл түсті айрықша иісі бар есірткіге ұқсас зат табылды. Әрі қарай күдікті өз еркімен өзіне тиесілі әмиянынан 1 дана пакетке салынған, сондай-ақ 1 дана қағазға оралған есірткіге ұқсас ұнтақ және «Трамадол» жазуы бар 5 дана психотроптық дәрісін тапсырды. Полицейлердің қырағылығы мен кәсіби шеберлігі арқасында табылған айғақты заттар толығымен тәркіленіп, сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысына сәйкес сөмкеден алынған  заттың салмағы 1 келіге жуық «гашиш» болып шықты. Ал әмияннан алынған пакеттегі зат 1,5 грамм синтетикалық есірткі, қағаз орамадағы зат 1 грамм «героин» екені расталды.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады. Күдікті қамауға алынды.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға тыйым салынған заттарды қолданып, сатуға, сақтауға болмайтынын, әр құқық бұзушылыққа заңға сәйкес шара көрілетінін ескертеді. Жалпы есірткі қолдану, бірінші кезекте сіздің денсаулығыңызға қауіпті екенін айтып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Төлебилік тұрғынның арыз-шағымын қабылдады

Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің нысандарын жою бойынша зорлық-зомбылыққа қарсы акциялар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Отбасындағы түрлі кикілжіңдер мен түсініспеушіліктер адамның психологиясына әсер етеді. Бұл ретте полиция қызметкерлері осындай зорлық-зомбылықтың алдын алу, оларды болдырмау, болған жағдайда тиісті шаралар қолдану керектігі жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. 

Мәселен, Төлеби аудандық полиция бөлімінің полиция капитаны Ақмарал Боташева мен полиция майоры Садат Асанова, әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу секторы қызметінің қызметкері Ердос Байсариевпен бірге орталық базарға барып, тұрғындармен кездесті. Тиісті мамандар зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда не істеу керектігі жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, олардың сауалдарына жауап берді.  Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындарға зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда олардың құқықтары қорғалатындығын ескертті. Қолдау білдіру үшін арнайы ұйым барын, сонымен қатар оларға психологиялық көмек ұсынылатындығы айтылды. 

Осы шарадан соң аудандық полиция бөліміне 35 жастағы әйел көмек сұрап келген. Оның айтуынша, заңды некедегі күйеуі үнемі жанжал шығарып, келіспеушілік туындағанда қол көтереді. Сонымен қатар, ол күйеуінің атынан арыз түсіруден бас тартып, алайда күйеуінен қорғауды сұраған. Өтініш айта келген тұрғынға полиция қызметкерлері құқықтық көмек көрсетіп, заң шеңберінде оның құқығын түсіндірді. Және де полицейлер аталған ер азаматты профилактикалық есепке алып, онымен 30 күн бойы іс-шара жүргізетін болды. Яғни, құқық бұзушы қорғау нұсқамасын бұзған жағдайда тиісті жауапкершілікке тартылады. 

Полиция қызметкерлері  әр тұлға өзінің құқығын қорғай алатындығын тұрғындардың есіне салады. Барлығы заң аясында шешіліп, құқық бұзған әр тұлға жауапкершілікке тартылады. Сондықтан құқығымызды қорғай білейік!

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

Түркістанда бір миллион теңге салынған сөмке табылды

Түркістан облысының полицейлеріне Қызылордалық тұрғын шынайы ризашылығын жеткізіп, алғыс бейнежазбасын жолдады.Мұнда әйел: «Мен Түркістан қаласына жеке жұмыстарыммен барып, қала ішінде белгісіз таксиге отырдым, діттеген жеріме келген соң түсіп қалдым. Арадан  бірнеше минут өткенде көлік ішінде 1 миллион теңге ақшасы бар кіші қол сөмкемді ұмытып кеткенімді байқадым. Бірден түскен жеріме қайта келгеніммен, ол көлікті таппай қалдым. Білетінім тек қана көліктің түсі және маркасы, ал оның мемлекеттік тіркеу нөмірі немесе байланыс телефондарынан мүлдем хабарсыз едім. Содан жүгіріп жақын маңдағы полиция пунктіне хабарласып, көлікті табуға көмек берулерін сұрадым. Бірақ іштей күдерімді үзген едім, табылмайды-ау деп. Алайда Түркістан облысының қырағы, кәсіби шебер полицейлерінің шұғыл жұмысы барысында 4 сағат ішінде көлік, сөмкем, ақшам да табылды. Өте қуаныштымын. Тәртіп сақшыларына Алла разы болсын!»-деп шынайы алғысын білдірді.  Нақтырақ айта кетсек, Түркістан ҚПБ-ның полицейлері ақпарат алысымен тез арада әйелдің ірі көлемде ақша салынған сөмкесін тауып беруге кіріскен. Тәртіп сақшылары қажетті деп танылған барлық шараларды іске асырған. Нәтижесінде жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары арқылы бірнеше сағат ішінде тұрғынның сөмкесі қалып кеткен көлік табылған. Яғни полицейлер тез арада облыс орталығында орналасқан бейнебақылау камераларын жіті тексеріп, автокөлікті анықтап, тапқан. Жоғалған сөмке, ішіндегі барлық ақшасымен заңды иесіне қайтарылған.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға бағалы заттарыңызға, сөмкелеріңіз бен ұялы телефондарыңызға барынша сақ болуға кеңес береді.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ӨНДІРІС ОРНЫ АШЫЛДЫ

Қала күні» мерекесі қарсаңында Шымкенттегі «Тассай» индустриялық аймағында жаңа өндіріс орны ашылды.  «Экофарм» өндіріс орны қорғаныс киімдері мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды шығарады. Жаңа мекеменің салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. Ол өз сөзінде Шымкенттің республикалық маңызы бар қала статусын алған 4 жыл ішінде шаһардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы артып, инвестиция тарту бойынша республикадағы үздік қалалар қатарында екендігін тілге тиек етті.Бүгінгі таңда «Тассай» ИА-да жалпы инвестициялық сомасы шамасымен 45 млрд. теңгені құрайтын 37 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі жоба қаланың экономикалық өркендеуі мен медициналық бұйым өндірісі саласында жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлкен серпін береді деген сенімдемін. Баршаңызды қала күнімен құттықтай отыра, жобаның арықарай өсіп өркендеуіне тілек білдіремін, - деді.

 3,4 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Тассай» индустриалды аймағынан 1,25 гектар жер телімін ұзақ мерзімге жалға алып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы субсидияланған. Жаңадан ашылған бұл өндірісте 150 адам жұмыспен қамтылған. Заманауи технологиялармен жабдықталған мекеменің жылына 600 мың дана қорғаныш киімінің 17 түрін, 500 мың дана медициналық киім, 20 миллион дана медициналық маска мен респиратор, 1 миллион дана медициналық көзілдірік шығаруға мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, «ЭкоФарм Интернейшнл» ЖШС — Қазақстанның фармацевтика нарығында өзіндік брендін қалыптастырып, «Алтын сапа» сыйлығының «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясын иеленген компания. 

«ЭкоФарм Интернейшнл» компаниясы Қазақстанда баламасы жоқ, медицинаға керекті заттардың 500-ден астам түрін шығармақ. Компанияның өнімдері «СК-Фармация» ЖШС арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі емханалар мен ауруханаларға таралып, медициналық бұйымдармен 100 пайызға қамтып отыр. Олардың қатарында вакуумдық құты, инелерден бөлек, жұқпалы дертке қарсы қорғаныш киімдері, бір реттік медициналық бетперделер де бар.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

АБАЙЛАҢЫЗ, ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРЫЛҒАН!

Шымшаһарда осындай жазуы бар орындар көбейді. Себебі, жаз басталып, күн ысығалы қалада шыбын-шіркей, маса мен кеміргіштер көбейді. Осы орайда сала мамандары өалада залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда масаға қарсы дәрі бүрку жұмыстарының екінші кезеңі жүзеге асырылды. Жалпы, қалада мұндай залалсыздандыру жұмыстарының 4 кезеңі жоспарланған. Бұған қоса кеміргіштерге қарсы күрес те қатар жүргізілуде.

Жауапты мамандар дендросаябақ пен «Қасірет» мемориялы секілді адамдар көп жүретін қоғамдық орындар аумағында залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Мұндағы жолдардың бойына арнайы техникамен дәрі бүркілді.

Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бұл дәрі тек масаға әсер етеді, адамдар мен құстарға зиянды әсері жоқ.

– Қаламызда биыл бірінші рет қолға алынған масаға қарсы дәрілеу жұмыстарына сәйкес, жалпы аумағы 4 млн шаршы метрге жуық жерді өңдеуден өткізу жоспарланған. Оның ішінде 1,3 млн шаршы метр – өзен-каналдар аумағы, 2,3 млн шаршы метр – саябақтар аумағы, ал қалған 855 мың шаршы метр – гүлзарлар мен аллеялар аумағы. Залалсыздандыру жұмыстары жаз бойы жүргізіледі. Саябақтар мен гүлзарлардағы тиісті жұмысты – бір мекеме, ал өзен-каналдар аумағында екінші мекеме жүргізеді, – деді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров.

Мамандардың айтуынша, бұған қоса, қала аумағындағы кеміргіштерге қарсы улау және ауыл шаруашылығы жануарларының энзоотиялық ауруларына қарсы жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде жылқы мен шошқаға дәрі бүркілсе, уақ мал арнайы сұйықтыққа тоғытылады, қора-жайлар мен буферлік аумақтарға дәрі бүркіледі.

Айта кетейік, көп қабатты тұрғын үйлердің қоқыс-жәшіктері, өзен-каналдар аумағын залалсыздандыру жергілікті бюджет есебінен тегін жүргізілетін болады. Ал жеке үйлер мен кәсіпкерлік нысан иелері өз қаражаты есебінен жүргізуге міндетті. 2022 жылы кеміргіштерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге 9 916,6 мың теңге қаржы қаралған.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ 10 ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Қала күніне орай «Шымкенттің шырайы – Шәмші» атты композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған концерт өтті. Мерекелік шараны қала әкімі М.Әйтенов,  қалалық мәслихаттың хатшысы Б. Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары тамашалады.

Концерт шаһар басшысының жылы лебізімен басталды. Қала әкімі жиылғандарды атаулы мерекемен құттықтап, Шымкент қаласының  әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық дамуына зор үлес қосқаны үшін «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын 10 азаматқа табыстады.

- Қала күні – қала халқы үшін ерекше мереке. Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына арналған түрлі іс-шаралар апта бойы өтіп жатыр. Солардың ішінде айрықша атап өтетін салтанатты концерт  – ұлтымыздың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың рухына бағышталады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ халқының музыка өнерін дамытудағы айрықша еңбегі үшін композитор Шәмші Қалдаяқовқажоғары дәрежелі ерекшелік белгісі  – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Халқымыздың ұлы тұлғасына, қазақ музыкасына көрсетілген құрметпен баршаңызды құттықтап қоюға рұқсат етіңіздер! Халқымыздың бағына туған Шәмші ағамызға арналған концерт аясында, қала күні қарсаңында бүгін біз дәстүр бойынша  «Шымкент қаласының құрметті азаматы» мәртебесін  салтанатты түрде марапаттағалы отырмыз. 4 жыл бұрынғы тарихи шешім өзінің өміршеңдігін көрсетті. 4 жылда қаламызда тұрғындар саны 12 пайызға, өнеркәсіп өнімінің көлемі 60 пайызға, қала бюджеті 3,9 есеге артты. Барша жетістік тұрғындардың белсенділігі мен қолдауының арқасында болып отыр. Талай жылдар бойы қаншама ұрпақтың терімен тұрғызылған қаламыз жылдан жылға дами берсін. Шәмшінің әуезді әндері әрбір үйдің қуанышында шырқалсын!- деп тілек білдірді М.Әйтенов.

Вальс падишасына арналған шығармашылық кеште елімізге еңбек сіңірген жұлдыздар - Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Нұрғали Нүсіпжанов, Медеу Арынбаев, Уралхан Сейілбекова, Нұржамал Үсенбаева, Жұбаныш Жексенұлы, Бауыржан Исаев секілді өнерпаздар өнер көрсетті. Шәмші Қалдаяқовтың үздік әндерін орындап, жиналғандардың көңілін бір көтеріп тастады.  

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ШЫМКЕНТТЕ КӨКТЕМГІ ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Шымкентте ағымдағы жылы 33 504 шаршы метр қоқыс тастайтын жәшіктердің аумағын, 2 272 680 шаршы метр өзен мен канал аумағын залалсыздандыру жоспарланған.

– Қаламызда биыл дәрілеу жұмыстарына сәйкес, жалпы аумағы 4 млн шаршы метрге жуық жерді өңдеуден өткізу жоспарланған. Оның ішінде 1,3 млн шаршы метр – өзен-каналдар аумағы, 2,3 млн шаршы метр – саябақтар аумағы, ал қалған 855 мың шаршы метр – гүлзарлар мен аллеялар аумағы. Залалсыздандыру жұмыстары жаз бойы жүргізіледі. Саябақтар мен гүлзарлардағы тиісті жұмысты – бір мекеме, ал өзен-каналдар аумағында екінші мекеме жүргізеді, – деді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров.

Басқарма басшысының айтуынша, бұған қоса, қала аумағындағы кеміргіштерге қарсы улау және ауыл шаруашылығы жануарларының энзоотиялық ауруларына қарсы жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде жылқы мен шошқаға дәрі бүркілсе, уақ мал арнайы сұйықтыққа тоғытылады, қора-жайлар мен буферлік аумақтарға дәрі бүркіледі.

2022 жылы кеміргіштерге қарсы көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге бюджет есебінен 9 916,6 мың теңге қаржы қаралды.мКөктемгі  кеміргіштерге  қарсы  залалсыздандыру жұмыстары   20.05. - 31.05.2022 жыл аралығында жүргізіліп, 16 752 ш.м. қоқыс-жәшіктердің, 1 136 340 ш.м өзен-каналдардың аумағы кеміргіштерге қарсы залалсыздандырылды. Мемлекет есебінен залалсыздандыру жұмыстар көп қабатты тұрғын үйлердің, өзен-каналдардың аумағына тегін жүргізіледі. Ал, жеке тұрғынжайлар мен кәсіпкерлік нысандардың иелері зиянкестерді залалсыздандыру жұмыстарын  өз қаражаты есебінен жүргізуге міндетті.

Көпқабатты  және жеке үйлердің тұрғындарының назарына!!!  Кеміргіштерге қарсы қойылған  арнайы қармақжемдерді  бүлдіршіндердің ұстамауы мен үй жануарлары жеп қоюдан абай болуы керектігін ескертеміз.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

ШЫМКЕНТТЕ 30 МЫҢ ГЕКТАРҒА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАҚЫЛДАРЫ ЕГІЛДІ

 

Биыл қала аумағындағы егіс егілетін жер 30 мың гектарға жетіп отыр.  Бұл 2021 жылдан 0,7 мың гектарға, ал 2019 жылмен салыстырғанда 1,9 мың гектарға артық. Осы егіс алқабынан диқандар 90,1 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр.

Осы және басқа да ақпараттармен Шымкент қаласының ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Джанбатыров Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте мәлімдеді.

-   Егістік алқабы өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 0,7 мың гектарға артқан.  Жалпы дәнді-дақылдар -13,0 мың га., жүгері - 0,1 мың га., майлы дақылдар - 3,6 мың га., мал азықтық дақылдар - 9,6 мың га., картоп - 0,4 мың га., көкөніс және бақша дақылдары - 3,4 мың га.  жерге егілді,-деді А.Джанбатыров.

Оның мәліметтеріне сенсек, қазіргі таңда көкөніс алқаптарынан 17,9 мың тонна өнім алынса, 10,1 мың тонна мал азықтық шөп жиналған.

-       Биыл мал азықтық өнімдерін өндіруге басымдық беріледі. 2021 жылы 8,9 мың га жерден мал азығы жиналса, осы жыл 10,1 мың гектардан өнім жинау көзделуде, -деді А.Джанбатыров.

Сондай-ақ, шаруалардың өтінімдеріне сәйкес, көктемгі дала жұмыстарына бөлінетін жанармай жеңілдетілген бағамен литріне 189 теңгеден босатылуда.  Бүгінгі күнге дизель отынының нарықтағы бағасы 220-230 теңгені құрап отыр.

 2022 жылы ауылшаруашылығы саласында өнімділікті арттыру мақсатында

- минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасына - 122 146,0 мың теңге. Бүгінгі күнге 32,1 мың тонна тыңайтқыш субсидияланды.

- тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 20 480,0 мың теңге бөлініп, бүгінгі таңда бірінші ұрпақ будандарының 141,0 мың дана тұқымдары субсидияланды.

 - пестицидтердің, биоагенттердiң (энтомофагтардың) құнын субсидиялауға 600,0 мың теңге бөлінген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 12%-артық (2021ж.-128,0 млн.тг.).

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

 

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ -2022" АНЫҚТАЛМАҚ

Шымкент қаласындағы Орталық саябақта «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме-байқауы өтіп жатыр. Шара қалалық әкімдік пен жергілікті кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өтуде.

Шараға қала әкімі мен  қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген қалалық мәслихат хатшысы кәсіпкерлік саласының дамып келе жатқаны көз қуантатын жағдай екенін жеткізді.

–Кәсіпкерлік әлеуетті халыққа таныстыру үшін осындай көрмелерді тұрақты түрде өткізу қажет. Статистика бойынша Шымкенттің өнімдері республикадағы үлестің 30 пайызын, ал фармацевтика 26 пайызын қамтиды. Мегаполистің потенциялы жоғары. Кәсіпкерліктің алға басуы қосымша жұмыс орнын арттырады. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Қаншама отбасы нәпақа тауып, бала-шағасын асырауға мүмкіндік алады, - деді Бахадыр Мәдәліұлы.

«Қазақстанның үздік тауары-2022» деп аталатын  өңірлік байқау-көрмесіне азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы мен құрылыс индустриясының 70-тен астам тауар өндірушілері өз экспозицияларын таныстырды. Мұндағы мақсат - халық арасында сапа идеясын насихаттау дейді,- Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры.

Бұл жылғы көрмеге алғаш рет оннан астам жаңа компания қатысуда, олардың ішінде «Бесқұдық тас» ЖШС (декоративтік тастар өндірісі), «Topseller of chemical products» ЖШС (дезинфекциялаушы және жуғыш заттар өндірісі), «Qut-Bereke Qurylys» ЖШС (металл құрылымы), «Quraq group» ЖШС (трансформер жиһазы), «Alem Luxury» ЖШС (жиһаз), «БАРАКА» ЖК (сүт өнімдері), «NURTAU distribution company» ЖШС (сұлы шоколад кәмпиттері мен сағыз өндірісі), «Петухова» ЖК (бөлмеаралық есіктер) бар. Мұнда ірі компаниялар ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдері де өздерін таныта алады.
Конкурс шартына сай, тәуелсіз сарапшы аудитор, бизнес-қауымдастық, салалық қоғамдық бірлестік және мемлекеттік орган өкілдерінен құралған. Аталған сараптамалық комиссия «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша үздіктерді таңдайды.

«Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталумен қатар, жыл соңында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық байқауға қатысу құқығына ие болады. Өңірлік көрме-байқауы үш күнге созылады.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

"Көне Шымқаладағы ұлттық бұйымдар" жәрмеңкесі өтті

 

Қала күніне орай «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде түрлі іс-шаралар өтуде. Соның бірі – «Ортағасырлық Шымқала керуені». Мерекелік жиын "Шымқала" тарихи-танымдық сағатымен басталды. Кешенге келуші қонақтарға қаламыздың өткені мен бүгінін таныту, келешек ұрпаққа терең тарихын насихаттау мақсатында танымдық экскурсия ұйымдастырылды.Қала б.з.д. II ғасырда салынған. Шымкент қаласы Ұлы Жібек Жолы керуен көшінің жолында орналасқан. «Оңтүстік Қазақстан зерттеушілерінің ойынша, Шымкентте отырықшылар ХІ-ХІІ ғ. пайда болған. Бірақ соңғы археологиялық деректер бойынша, Шымкентке VI-VII ғ. адамдар өмір сүрген деген негізді көрсетеді. Парсы тарихшысы Шараф ад-дин Али «Зафар Наме» кітабында Шымкент қала ретінде 1425 жылдары пайда болып, Ұлы Жібек жолымен қиылысқан. Шымкент қаласын ертедегі орта ғасырлық – Отырар, Исфиджаб (Сайрам), Яссы (Түркістан), Сүткент, Сығанақ, Сауран және тағы басқа аңызға айналған қалалар қоршаған. Шымкент - тарихи- мәдени қонақжайлық және индустриялық инфрақұрылымы туристік демалушылар үшін қызықтыратын аймақ болып қала бермек. Шымкенттің орталығында Ескі қалашық сақталып қалған, ол тек ғалымдардың ғана емес, сонымен қатар студенттердің, тарихшылардың, тіпті туристердің де қызығушылығын тудыруда»,- деді экскурсияны жүргізуші.

Мұнда сондай-ақ, "Көне Шымқаладағы ұлттық бұйымдар" жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Онда  ұлттық нақышта жасалған қолөнер шеберлерінің ағаштан, жүннен және былғарыдан жасалған бұйымдарынан сауда-саттық көрмесіне түрлі заттары қойылды. Қолөнер бұйымдарын жасаудан шеберлік сабақтар өтіп, ұмыт бола бастаған ұлттық бұйымдарымыздың жасалу жолы көрсетілді. Сонымен қатар, қала тұрғындары ашық алаңда ұлттық ойындар - аударыспақ, асық ату,  қол күрес, арқан тарту және тоғызқұмалақ ойындарын тамашалады.Мерекелік іс-шарада театрландырылған қойылым ұсынылып, этно-фольклорлық концертте ұлттық аспаптар насихатталды.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат