Сейсенбі, 07 Қараша 2023 15:41

Түркістан облысында су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары күшейтілді

Түркістан облысында қысқы және көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары бекітілген жоспарға сай жүргізілуде. Бұл мәселе облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейте түсуді, тапсырмаларды уақтылы орындауды тапсырды.

– Былтыр ұйымдастырылған жедел әрекеттер нәтижесінде көптеген елді мекенде су басу қаупінің алдын ала білдік. Бірақ кейбір аудандарда кемшіліктер байқалды. Биыл олқылыққа мүлдем жол берілмей, жағдай былтырғыдан жақсы болуы тиіс. Су басу қаупі бар арықтар мен каналдар түгел тазартылып, ауылдарда қауіпсіздік шаралары күшейтілсін. Су тасқынының алдын алу бойынша 24 іс-шара түгел орындалуы керек. Аудан, қала әкімдеріне үш апта уақыт беремін. Мәселені түбегейлі шешіп, қауіпсіздікті нығайтыңыздар. Әкімдіктер, Төтенше жағдай департаменті, «Тұран су» мекемесі жұмысты бірлесе атқарғаны жөн, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешовтің айтуынша, Сауран ауданында су басқан 5 елді мекенде 4,6 шақырым қашыртқы қазылып, 2 жерге қашырты құбырлар орнатылды. Бәйдібек ауданында 5,2 млн. теңге қаралып, су басқан елді мекендерде 3 шақырым қашыртқы арна қазылып, Шақпақ елді мекенінде тасқын суды бұратын 3 дана тоспа қойылды. Кентау қаласы Қарнақ елді мекенінде 1 шақырым арық, 1,3 шақырым Ырмақ өзені, 800 метр ішкі каналдардың арнасы қоқыстан тазартылған. Ордабасы ауданында 21,8 шақырым қашыртқы арналар тазартылып, 11,1 шақырым каналардар механикалық тазартудан өткізілді. Сонымен қатар Түркістан, Арыс қаласы мен Сайрам, Ордабасы, Мақтарал, Сауран, Төлеби, Сарыағаш аудандарында су тасқынына қарсы іс-шаралар қарқынды жүруде.

«Қазгидрометтің» мәліметіне сәйкес қараша айында облыстың солтүстік және оңтүстік аумағында жауын-шашынның түсуі нормадан жоғары болуы мүмкін. Сондықтан жоспарланған іс-шаралар қайта пысықталып, тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізілмек.

Министрлікпен бекітілген жол картасы аясында 18,2 шақырым арнаға түзету, жаға бекіту жұмыстары жүргізіліп, 17 497 м3 қой тасы орнатылды. 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бойынша 20 іс-шараның 11-і толығымен аяқталып, 6-уы бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Қалған 3 іс-шараны қазан айының екінші жартысында бастау жоспарланған. Жыл соңына дейін 19-ы аяқталып, 1 іс-шара («Қараспан» су торабы) ауқымдылығына байланысты келесі жылы жүзеге аспақ.

Су тасқыны, су басу – болжап болмайтын салдарға әкелуі мүмкін қауіпті табиғи құбылыс. Ол ауа райы температурасының кенет көтерілуі, қардың қарқынды еруі, нөсер жаңбыр, қума жел, мұздың кептелуі және т.б. өзен, көлдегі судың көтерілуі нәтижесінде бірталай жер су астында қалуы. Су тасқыны мен су басудың қауіпті факторлары: тұрғын үйлер мен ғимараттардың, көпірлердің қирауы; темір жолдары мен автомобиль жолдарын су жырып кетуі, инженерлік жүйелердегі авариялар, адам мен малдың өлім-жітіміне алып келуі мүмкін.

Су тасқыны және су басуының салдарынан тұрғын үйлердің және жердің отыруы басталады, жылжу және опырылу жағдайы туындайды. Су тасқыны және су басу кезеңінде халыққа күні бұрын хабар беретіндіктен, тұрғын үйлерде және жұмыс орындарында радиотрансляция торабы тәулік бойы жұмыс істеуі қажет. Хабарландыру сигналдары, эвакуация жасау шаралары мен ережелерімен танысып, оған күні бұрын дайын болыңыз.

Су тасқыны қауіпі туындаған жағдайдағы іс-әрекеттеріңіз:

– төтенше жағдайлар туралы және іс-әрекет жасау ережелері туралы ақпаратты мұқият тыңдаңыз, телефонды қажетсіз қолданбаңыз, ол сізбен байланысу үшін бос болу керек;

– сабыр сақтаңыз, көршілеріңізді ескертіңіз, мүгедек адамдарға, балаларға және қарт адамдарға көмек көрсетіңіз;

– әкімдіктен тұрғындарға эвакуация жасау үшін жиналатын жерді сұрап біліңіз және оған дайын болыңыз;

– құжаттарыңызды, киімдеріңізді, ең қажет заттарыңызды, бірнеше күнге азық-түлік қорын, дәрі-дәрмектеріңізді дайын ұстаңыз. Барлығын шабаданға немесе сөмкеге салып қойыңыз. Құжаттарыңызды су өткізбейтін пакеттерде сақтаңыз.

– барлық электр құралдарын тоқтан ажыратыңыз, газды сөндіріңіз.

– құнды заттарыңызды және азық-түліктеріңізді жоғарғы қабатқа немесе жоғары сөреге көтеріңіз

Су тасқыны кезінде кенет су басу аймағындағы іс-әрекеттеріңіз:

– сабыр сақтаңыз, үрейленбеңіз;

– тез қажетті құжаттарыңызды, құндылық­тарыңыз­ды, дәрілеріңізді, азық-түлік және басқа да қажетті заттарыңызды жинаңыз;

– балаларға, мүгедек адамдарға және қарт адам­дарға көмек көрсетіңіз, олар эвакуациялауға бірінші жатады;

– мүмкіндігінше тез арада су басу аймағынан шы­ғыңыз;

– үйден шығар алдында электр және газбен жаб­дық­тау торабынан айырыңыз, пештегі отты өшіріңіз. Есік және терезелерді жабыңыз, уақыт болса – бірінші қабаттағы есік және терезелерді тақтаймен (қалқан) бекітіңіз;

– жоғарғы қабаттарға көтеріліңіз. Егер үй бірқабатты болса – шатырдың астында болыңыз.

– көмек келгенше жоғарғы қабаттарда, төбелерде, ағаш немесе басқа да жоғарлықта болыңыз, мүмкін болса ұялы телефонмен құтқарушыларға хабарласыңыз. Сізді мүмкіндігінше тез табу үшін белгі беріңіз.

– байқаңыз, жақын жерде зардап шеккендер болса, оларға мүмкіндік болса көмек көрсетіңіз.

Есіңізде сақтаңыз, дұрыс іс-әрекет сіздің және сіздің жақындарыңыздың өмірін сақтайды!

Сел - су, құм жəне тастардан тұратын үлкен деструктивті күш ағыны. Ол ғимараттарды, жолдарды, байланыс желілері мен құрылыстарды бұзуға, бақтарды жоюға, егістік жерлерді толтыруға, адамдар мен жануарлардың өліміне əкелуі мүмкін.

Селдің пайда болу себептері:

қарқынды жəне ұзаққа созылатын нөсер, тау су қоймаларының бұзылуы

қар немесе мұздықтардың тез еруі

өзен арнасында көп мөлшерде борпылдақ топырақтың құлауы

жер сілкінісі

тау-кен кəсіпорындарының жұмыс ережелері мен нормаларының бұзылуы

жолдарды төсеу жəне басқа құрылыстарды салу кезіндегі жарылыстар

ауылшаруашылық жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі

орманды кесу жəне топырақ-өсімдік жамылғысын бұзу

Сел қаупінің белгілері

таулы жерлердегі ұзақ немесе қарқынды нөсер жаңбыр

сел қаупі бар өзендердің жоғарғы ағысында ауа температурасының күрт жəне ұзақ уақытқа көтерілуі

өзендегі су деңгейінің күрт төмендеуі немесе жоғарылауы, судың бұлдырлығының жоғарылауы

Селді жоғары жылдамдықпен келе жатқан пойызға тән гүрілмен тануға болады

Сел қаупі бар өзендердің арналарына барған кезде

Егер жоғарғы ағысында қатты нөсер байқалса, сел қаупі бар арнадан шығыңыз

Ол жерде демалысқа тоқтамаңыз жəне сел қаупі бар арналардың жанында, көл бөгеттерінде жəне олардың астында шатырлы лагерь құрмаңыз

тік жартастар мен тік беткейлердің жанында тоқтамаңыз - сел тастардың құлауын тудыруы мүмкін

сел тасқыны белгілері анықталған кезде дереу арнадан тау баурайы бойынша жоғары қарай көтеріліңіз

жылжымалы сел ағынына 50-70 метрден аса жақындамаңыз

сел білігі өткеннен кейін сел арнасына түспеңіз

Егер сіздің үйіңіз жақын жерде болса:

эвакуация кезінде шығарылатын құжаттар, мүлік жəне дəрі-дəрмектер тізімін жасаңыз

құндылықтарды, қажетті жылы киімдерді, азық – түлік қорын, су мен дəрі-дəрмектерді арнайы дорбаға (рюкзакқа) салыңыз - əрқашан дайын болсын

егер қауіп төнсе немесе кенеттен сел болса, дайын заттарды алып, рельефтің ең биік нүктелеріне көтеріліңіз

Үйден шығар алдында алдын ала эвакуация кезінде электр, газ жəне су құбырын ажыратыңыз, пештерді сөндіріңіз. Есіктерді, терезелерді жəне желдеткіш саңылауларды тығыз жабыңыз.

Сел кеткеннен кейін қайта жиналудан, құлама сырғымалардан, үзілген жəне салбырап қалған электр сымдарынан, газ магистралдарынан сақтану керек

Қауіпсіз қозғалыс маршрутын және сел кезінде жиналу пункттерін әрдайым білу керек - оларды тұрғылықты жері бойынша аудандық ТЖ бөлімдерінен және ПИК, МИБ-тен анықтауға болады.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 323 рет