31 мамыр – ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірін еске алу күні. Осыған орай "Қасірет" мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өтті. Қала әкімі Мұрат Әйтенов, зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар еліміздің жарқын болашағы жолында тағдыр тауқыметін тартқан ұлт мақтаныштары мен арда азамттардың рухына құрмет көрсетті. Іс-шара алдымен ана мен бала ескерткішіне тағзым етуден басталды. Көпшілік саяси-қуғын сүргінге ұшыраған нәубет құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін 2020 жылы арнайы Мемлекеттік комиссия құрылды. Оңтүстiк Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 2500-ден аса адам «Халық жауы» ретінде атылды. Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатындағы қуғын-сүргінге ұшыраған 563 азаматтың құжаттары толық ақтау бойынша қаралуда.
Бүгінгідей бейбіт заман, кемелді келешек үшін жанын пида еткен қазақ зиялыларын ақтау, жаңарған қоғамда лайықты, мәртебелі ордарын беру - азаматтық парызымыз! Бүгінгі ұрпақ саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтап, мақтан етеді.
Айта кетейік, 1-30 сәуір аралығында Шымкентте «Халық жады» акциясы өтті. Акция барысында қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтарының естеліктерін, 1930-1950 жылдары туған, ата-аналарының трагедиясын еске түсіре алатын куәгерлердің, аға буынның куәліктерін жиналды. Атап айтқанда, естелік-әңгімелер қуғын-сүргін құрбандарының әртүрлі санаттары бойынша: – бай, кулактар; – халық көтерілісіне қатысушылар; – Қазақстаннаан мәжбүрлі босқындар; – ГУЛАГ лагерьлерінің тұтқындары; – әскери тұтқындар; –жер аударылғандар; – арнайы қоныстанушылар; –діни қызмет өкілдері және тағы басқалары бойынша қызыл қуғындауға түскен құрбандардың ұрпақтарын өзінің ата-әжелерінің тарихынан естелік айтуға шақырған акция аясында «Халық жады» (Память народа) атты 20 томдық жинақты баспадан шығаруды жоспарланаған.