Бейсенбі, 04 Мамыр 2023 15:31

Отырар ауданы: ардагерлерге арналған демалыс үйі пайдалануға берілген

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуі Отырар ауданында жалғасты. Тарихи өлкеде ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Елмен еркін диалог орнап, өзекті мәселелер айтылды.

– Бұл аймақ Түркістан қаласымен бірге дамиды. Туристік әлеуеті өте жоғары. Қасиетті Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы және өзге де тарихи орындар саяхатшыларды қызықтырады. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек. Әсіресе, инвестиция тарту, кәсіпорындарды көбейту жұмыстарын күшейту маңызды. Алдағы екі жылда ауданда 16 млрд. теңгеге 9 инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Оның ішінде ірілеріне тоқталып өтсем, «Arm Wind» серіктестігінің қуаттылығы тәулігіне 50 мВт-ты құрайтын күн электр станциясы салынып жатыр. Балық шаруашылығына қажетті құрама жем шығару жобасы да маңызды. Жоба құны – 1,2 млрд. теңге. Сонымен бірге құны 1,1 млрд. теңгелік «Ontustik Altair» 400 ірі қара малға арналған сүт фермасы және жем шығару цехы да іске қосылады деген жоспар бар. Ауданды дамыту жұмыстары жалғасады. Бұл ретте сіздер де сол жұмысты қадағалап, назарда ұстауларыңыз керек. Мәселелерді ақылдасып шешуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде тұрғындар тарапынан түрлі бағытта сұрақтар қойылды. Инфрақұрылым, ауыз су, жол салу, шіркейден залалсыздандыру, жердің құнарын арттыру және өзге де түйткілдер тарқатылды. Осы күні өңір басшысымен бірге құқық қорғау орган жетекшілері мен басқарма басшылары да бірыңғай қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштерін тыңдады. Тұрғындар құзырлы орган басшыларымен еркін пікір алмасып, көкейдегі сауалдарын қойды. Бірқатарының шешімі сол сәтте айтылса, басқа өтініштер назарға алынды.

Былтырғы кездесу нәтижесі бойынша ауданда біраз өтініш орындалған. Бірқатарына тоқталсақ, Отырар ауданының зейнеткерлері аудан орталығында ардагерлерге арналған демалыс орнын ашу мәселесін көтерген болатын. Шәуілдір ауылындағы бұрынғы қонақ үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, былтыр қыркүйек айында ардагерлерге арналған демалыс орны пайдалануға берілді. «Шәуілдір-Көксарай» жолын жөндеу бойынша өтініш айтылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Талапты ауылының тұрғындары табиғи газды тезірек беру мәселесін көтерген болатын. Желтоқсан айынан бастап Талапты ауылы табиғи газға қосылған.

Былтырғы жылдың қорытындысымен Отырар ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 18,8 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 4 млрд. теңгеге артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 25 млрд. теңгеге жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 8 млрд. теңгеге артқан. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр 35,5 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы жылдың көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан ауданға төмендетілген бағамен 2 мың тоннаға жуық дизель отыны бөлінді. Балтакөл, Қарғалы ауыл округтерінде биыл «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылып, жеңілдетілген несиелер берілмек.

Шәуілдірде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орынды жаңа мектептің кұрылысы жоспарлануда. Талапты ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияны салуға қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Маяқұм, Отырар, Аққұм, Сарыкөл елді мекендерінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 70 млн. теңге қаралды. Табиғи газ жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында Қарғалы, Арыс, Шойманов, Көкмардан, Шытты, Сырдария, Сарыкөл елді мекендерін газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылы Ақтөбе, Ақкөл, Арыс, Отырар, Көксарай, Қоғам, Ынталы, Көкмардан елді мекендерінде 14 көшені орташа жөндеу жұмыстарына 518 млн. теңге бөлінген. Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Түрлі деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуі былтыр, яғни, 2022 жылдан бастап жүйелі түрде өткізіліп келе жатқаны белгілі. Осы үдерістің тарихына тереңірек тоқтала кетсек. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" Жарлыққа қол қойған болатын. Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін", - деп құжатта айтылған.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері: 1) жыл сайын 15 қаңтарға дейін мыналарды: жарты жылда бір рет облыс әкімінің әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесуін; республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; аудан әкімінің әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; облыстық және аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданда (шағын ауданда), ауылда, кентте тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; ауыл, кент, қаладағы аудан әкімінің тоқсан сайын кемінде бір кездесуін өткізу көзделген әкімдердің халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін (бұдан әрі – күнтізбе) әзірлеп, оны мәслихатпен келісу бойынша бекітіп отырсын. Қажет болған жағдайда күнтізбені мәслихатпен келісу бойынша түзетуге жол беріледі; 2) жыл сайын 20 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітілген күнтізбені ұсынсын.  Барлық деңгейдегі әкімдер: 1) халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде күнтізбеден тыс халықпен кездесу өткізсін; 2) техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, халықтың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда міндетті түрде пікір білдіру мүмкіндігімен онлайн-трансляциялар, сондай-ақ қажет болған жағдайда бейнеконференцбайланыс ұйымдастыру арқылы кездесулер өткізуді қамтамасыз етсін; 3) кездесу үшін жоспарланған уақыттың төрттен бірден аспайтын бөлігін баяндаманы таныстырумен, уақыттың қалған бөлігін «сұрақ-жауап» форматында өткізсін; 4) халықпен кездесулер өткізгенге дейін: проблемалық мәселелердің пулын жасау үшін жергілікті қоғамдастық жиналысы және қоғамдық кеңестер мүшелерінің қатысуымен халықтың сұраулары мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия құруды;   ашық деректердің интернет-порталына және әкімдердің блог-платформасына, сондай-ақ коммуникацияның басқа да нысандарында халықтан келіп түскен сұраулар мен ұсыныстарды жинауды және талдауды; бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өңірлік баспа басылымдарында, радиода, ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында, ашық деректер интернет-порталында, сондай-ақ әкімдіктердің (әкімдер аппараттарының) ресми аккаунттарында, әлеуметтік желілерде және барлығына қолжетімді жерлерде ақпараттық-насихат  жұмысын жүргізуді; әкімнің халықпен кездесуін өткізу туралы хабарландыруды: облыс, республикалық маңызы бар қала және астана, аудан, облыстық және аудандық маңызы бар қала әкімі өткізетін кездесу күніне дейін екі апта бұрын; ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан әкімі өткізетін кездесу күніне дейін бір апта бұрын ұйымдастыруды қамтамасыз етсін; 5) халықпен кездесулер өткізгеннен кейін: жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура және ішкі істер органдарының басшылық құрамымен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңестер мүшелерімен, жергілікті зиялылармен бірлесіп, азаматтарды жеке қабылдауды өткізсін; проблемалық мәселелерді қаржыландыру мүмкіндігін мәслихат сессиясында қарай отырып, жүйеге келтірсін; кездесулер мен азаматтарды қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей, өткізілген кездесулердің қорытындылары туралы ақпаратты, проблемалық мәселелердің тізбесін, проблемалық мәселелерді шешудің нақты мерзімдерін, жауапты орындаушыларды көрсете отырып, оларды шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастыруды қамтамасыз етсін; тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпаратты ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырсын.

Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) жыл сайын есепті жылдан кейінгі 1 ақпанға дейін өңірлердің бекітілген күнтізбелерін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынуды; 2) жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына және 15 тамызына дейін орталық атқарушы органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар деңгейінде шешуді талап ететін проблемалық мәселелердің тізбесін және оларды шешу жөніндегі ұсыныстарды жинауды; 3) әкімдердің халықпен көшпелі кездесулерінің қорытындысы бойынша халық көтерген мәселелерді шешу жолдары мен олардың орындалу барысын көрсете отырып, олардың ішінен  құзыретіне кіретін проблемалық мәселелердің тізбесін орталық атқарушы органдардың, ұлттық холдингтердің, компаниялардың ресми интернет-ресурстарында орналастыруды және тоқсан сайын жаңартуды қамтамасыз етсін» - делінген болатын президент Жарлығында.

«AQ-QARA.KZ»– ақпарат»

Оқылды 281 рет