Осыған орай, Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылындағы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» ғимаратында орналасқан Отырар ауданы әкімдігінің Халықтық кеңсесінде әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемелерде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын, қолжетімділігі мен танымалдылығын арттыру мақсатында азаматтарды қоғамдық қабылдау өткізілді.
Қоғамдық қабылдауға 20-ға жуық азаматтар қатысып, өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Атап айтқанда: шетелдік азаматтарды, еңбек мигранттарын тіркеу, әскери қызметті кейінге қалдыру, тұрғын үй кезегіне тұру, тұрғын үй және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін құжаттарын заңдастыру, азаматтардың хал актілерін тіркеу мәселесі бойынша сұрақтар қойылып, аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдерден келген жауапты мамандар тарапы әр тұрғынның сұрақтарын жауапсыз қалдырмады.
Сонымен қатар, қабылдау барысында азаматтарға мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алудың ыңғайлы жолдары түсіндіріліп, консультациялық кеңестер берілді.
Қоғамдық қабылдауға қатысқан «Отырар аудандық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Сартаев қызмет алушылармен пікірлесе отырып, оң бағасын берді.
Мемлекет басшысы - Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында «Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшуді ұсынған болатын. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы диалогтың жоғарғы деңгейдегі ашықтығы және халық қажеттіліктерін қанағаттандыруға жедел әрекет ету болып табылады.
Егемендік алғаннан бергі жылдар ішінде мемлекет басшысының саясатының арқасында қоғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер болды. Соның ішінде мемлекеттік органдардың тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, мемлекетті басқарудың ұтымды үлгісі іске қосылды. Қазіргі таңда заман талабына сай аталмыш жүйені жетілдіру қажеттілігі туып отыр. Мемлекеттік кадр саясатын қалыптастыру, халықтың мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыру бағытында игі бастамалар жүзеге асырылуда.
«Қазақстан 2050» Стратегиясында: «Мемлекеттік қызмет көрсету - бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші» - деп атап көрсетілгені белгілі. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға және аталған саланың дамуына басты назар аударуымыз қажет. Шынында да, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы - мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылады. Мемлекеттік қызмет көрсету барлық саланы, соның ішінде азамат дүниеге келген кезден бастап барлық өмір сүру кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша мемлекетпен тығыз байланыста болатындығы белгілі. Осының негізінде азаматтар мемлекеттің қызметіне толықтай тәуелді, яғни мемлекеттік қызмет көрсетуші органдардың басты мақсаты азаматтардың өмір сүруіне тиісті жағдай жасау.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «ХХІ ғасыр барған сайын күрделеніп бара жатқан бүгінгі заманғы мемлекетті басқаруға жоғары талаптар қояды», - деген болатын. Мемлекеттік қызметте қағаз бастылықтан арыла алмай келе жатқанымыз рас. Осыған байланысты президент халыққа арнаған Жолдауында ең әуелі рұқсат беру құжаттарының тізбесін қысқарту керектігіне тоқталды. Электронды үкіметті дамыту, халықтың компьютерлік сауаттылығын көтеру, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жақсарту, сол арқылы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру жөнінде қадау-қадау тапсырма жүктеді. Олардың орындалуы – басты назарда. Мемлекет басшысының мұндай саясаты еліміздің одан әрі өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының ар-туына, сыбайлас жемқорлық көріністері мен бюрократтық тосқауылдардың азаюына негіз болады деп есептеймін. Яғни ендігі жерде мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мемлекеттік қызметшілер жұмысы тиімділігінің басты көрсеткіші болады және ол мемлекеттік тұтынушы ретінде тікелей халыққа арналуы тиіс.
Ел Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру арқылы азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін көтеру маңыздылығын ерекше атап көрсетіп келеді. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы – мемлекеттік қызметшілер жұмысы тиімділігінің басты көрсеткіші болатынын және ол мемлекеттік тұтынушы ретінде халыққа тікелей бағдарлануы тиістілігін айқындап берді. 2013 жылдың 15 сәуір күні «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңы қабылданды.
Қабылданған Заң талаптары көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша жаңа көзқарастарды қалыптастырып, негізінен қызмет алушы және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет алушы көрсетілген қызмет сапасымен қанағат тұтпайтыны, шағымдар болатынына байланысты, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Заңда көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне шағым беру тәртібіне қатысты нормалар енгізілген. Ал мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына бақылау жасау мен оны бағалау ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және оның аумақтық құрылымдарына берілген. Яғни, уәкілетті органға қызмет беруші мен қызмет алушыға қанағаттанбау себебін анықтауға бағытталған кешенді зерттеулер жүргізу, мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік қызметтер көрсетілу заңнамасын сақтамау, уақытылы бақыламау мен қызмет алушылардың шағымдарын толық әрі уақытылы қанағаттандырмау себептерін зерттеу жұмыстарын жүргізу міндеттелген.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде халықтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету белгілерінің бірі болып әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету болып табылады.
Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметтің қоғам өмірінде үлкен орын алады. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының деңгейі еліміздің экономикалық және әлеуметтік көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты, көптеген шет мемлекеттер мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жоғары болуына және осы саланың дамуына үлкен мән береді.
Жалпы мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз не?
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз - көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі.
Мемлекеттік қызметтер көрсетудің негізгі қағидаттары:
- көрсетілетін қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі;
- мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу;
- мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы есеп берушілік және ашықтық;
- мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі;
- мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру;
- мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі үнемділік және тиімділік.
Жоғарыда атап өткендей, мемлекеттік көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуге міндетті.
Негізінде көрсетілетін қызметті берушілердің мемлекеттік қызметтер көрсетуіне қойылатын талаптары және оларды көрсету тәртібі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарты мен регламентінде айқындалады.
Стандарт және регламент дегеніміз не?
Стандарт дегеніміз - мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету процесінің, нысанының сипаттамаларын, мазмұнын және нәтижесін қамтитын нормативтік құқықтық акт.
Ал, регламент - мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын сақтау жөніндегі талаптарды белгілейтін және көрсетілетін қызметті берушілер қызметінің тәртібін, оның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету процесінде өзге де көрсетілетін қызметті берушілермен, Мемлекеттік корпорациямен өзара іс-қимыл, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді пайдалану тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт болып табылады.
«AQ-QARA.KZ»– ақпарат»