Бейсенбі, 08 Маусым 2023 20:19

ШЫМКЕНТТЕГІ БІРҚАТАР ҮЙЛЕР ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

Шымкентте жақында көпқабатты 15 тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін болады. Аталған жөндеу жұмыстары қаржылық- экономикалық негіздеменің қорытындысына сәйкес жергілікті бюджеттен қаржы қаралған соң басталмақ.

Көппәтерлі тұрғын үйлердің толықтай шатыры ауыстырылып, жертөлесі, кіреберіс, кәріз құбырлары жаңартылады. Жөндеуден өтетін көпқабатты тұрғын үйлер Әл-Фараби алаңында, Республика даңғылы, Асқаров, Дулати, Жангелдина, Ильяев көшелерінде және Отырар, Спорттық және Шығыс шағын аудандарында орналасқан.

Қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін жөндеу жұмыстары аталған тұрғын үйлердің тұрғындарының 70 пайыз келісімі бойынша жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар меншік иелері жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені өздері таңдау арқылы ұсынады. Жөндеу жұмыстарын қадағалауды «Тұрғын үй» Шымкент ЖШС-і жүзеге асырады.

Айта кету керек, бұдан бөлек, қазіргі таңда 10-нан аса тұрғын үйге техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Соған сәйкес тиісті мақұлдау шаралары қабылданған жағдайда, бірқатар көппәтерлі тұрғын үйлер жөндеуден өтуі мүмкін. 2022 жылы қалада 60 көпқабатты тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстар жүргізілген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Шымкент қаласында тұрғын үйлерді модернизациялауға 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп, 11 тұрғын үйге ағымдағы, 25 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал,  2022 жылы көп қабатты 42 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл жұмыс жергілікті әкімдік тарапынан қайтарымсыз негізде атқарылған. Коммуналды баланстағы бұл үйлердің көбісі Нұрсәт шағынауданында орналасқан. Мұнда 40 үй жөнделсе, Қаратөбе тасжолындағы – 1, Өзбек көшесінде орналасқан 1 үй қалпына келтірілді.Былтыр, бұдан бөлек, «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС тарапынан қайтарымды негізде көп қабатты 9 үйді күрделі жөндеу жоспарланса, 4 үйдегі тиісті жұмыс толық аяқталды. Бұл үйлер Еңбекші ауданында орналасқан. Жұмысы 2023 жылға өтпелі қалған 5 үйді күрделі жөндеу жұмыстары ақпан айынан басталады деп жоспарлануда. Айта кетейік, мұндай жөндеу жұмыстары сол үй тұрғындарының кемінде 70 пайызының келісімімен, қайтарымды қаржы негізінде жүргізіледі. Ол үшін пәтер иелері жергілікті атқарушы органға өтініш жазуы керек.

 

Оқылды 162 рет