Сенбі, 13 Мамыр 2023 15:19

Отырар: мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жұмыспен қамту шаралары түсіндірілді

«2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жұмыспен қамту шаралары жөнінде Отырар ауданы әкімінің орынбасары Ж.Сейітжановпен жергілікті тұрғындарға түсіндіру жүргізу бойынша аралау кестесі бекітіліп, бірнеше ауыл тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылды.

Бекітілген кесте бойынша 11.05-12.05.2023 жыл аралығында Аққұм, Балтакөл, Көксарай, Маяқұм, Қоғам, Қарғалы, Отырар, Талапты ауыл округтері қамтылды. Аралау барысында аталған жобаның талаптары мен оған қатысу талаптары жан-жақты талқыланып түсіндірілді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «он мың тұрғынға жүз тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тікелей тапсырмасының орындалу барысы айтылып, алдағы уақытта межеленген жоспардың орындалуы қажет екені ескертілді.

Биылғы жылы атқарушы билік тарапынан жастар үшін зор мүмкіндік жасап отыр. Атап айтар болсақ жастар практикасына 410 жастарды жолдау жоспарланып отыр. Сондықтан жастар практикасына қатысуға ниетті жұмыс берушілерді және орта-арнаулы, жоғары оқу орындарын бітірген жастарды бағдарламаға қатысуға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Елімізде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жө­ніндегі Ұлттық жоба» жоспар бо­йынша жүзеге асып келеді. Құжаттың негізгі міндеттемесі – қаржылай қолдау көрсету. Соның ішінде суб­сидиялау, кепіл болу, жеңілдікпен микрокредиттеу, жетпей тұрған инфрақұрылымды тартып беру және мемлекеттік гранттар беру қарас­тырылған. Бұл жерде, субсидиялау дегені­міз – банк­тердің бизнесті дамытуға беретін несие­лерінің сыйақы мөл­шерлемесін төмендету деген сөз. Ал кепіл болу – банктердің не­сиелері бойынша кепілзат ретінде ішінара кепілдік беру. Бұл құжатты бұған дейінгі жасап шығарылған мемле­кеттік бағдар­ламалардың барлығын кіріктіре отырып Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген. Іске асыруға жауаптылар қатарында әзір­леушімен бірге Сауда және интеграция, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Мә­дениет және спорт, Индустрия және инфра­құрылымдық даму, Ішкі істер, Қаржы, Энергетика, Сыртқы істер министрліктері бар. Сонымен қатар келісу бойынша, бір­қатар комитет, агенттік, палаталар мен ква­­зимемлекеттік компаниялар жүзеге асы­рылуына атсалысады. Ұлттық жобаны әзірлеудегі мақсат – кәсіпкерлік құрылым­да­рындағы сапалы өзгерістерді қам­тамасыз ету, халықты жұ­мыспен қам­туды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту, экономика сала­ларын әртараптандырудың драйвері ретінде орта бизнеске сүйену, кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдай туындата отырып, бәсе­келестікті кешенді дамыту. Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 Қау­лысымен бе­кітілген «2021-2025 жыл­дарға арналған кә­сіп­керлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жо­баға» әу баста-ақ 8 455 329 919 мың теңге қарас­ты­рылған екен. Оның ішінде респуб­ликалық бюджеттен – 1 030 884 427,0 мың, жергілікті бюджеттерден – 124 695 492,0 мың, бюд­жеттен тыс – 7 299 750 000,0 мың теңге қара­жат көзделген екен. Жылдар бойынша алып қарар болсақ, 2021 жылға – 1 272 207 923,3 мың, 2022 жылға – 1 370 367 038,7 мың, 2023 жыла –1 620 056 904,0 мың, 2024 жылға – 1 963 862 120,0 мың, соңғы 2025 жылға 2 228 835 933,0 мың теңге жоспарланған» - дейді Отырар ауданы әкімінің орынбасары Ж.Сейітжанов.

Енді, осы ұлттық жоба туралы, оның талаптары мен шарттары туралы кеңірек түсіндіріп өтсек. 2021 - 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның 3-і халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған: өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне дағдыларды дамыту.

1. Бірінші міндет шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіледі, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу мерзімі дара кәсіпкер ретінде үш жылдан кем болатын жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде грант беруге өтініш берілгенге дейін олар тіркелген жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына гранттар беріледі.

2. Екінші міндет шеңберінде еңбек нарығында белгілі бір кедергілерге тап болған адамдарды (жұмыссыздар, жастар, мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар және т.б.) жұмыспен қамтуға ықпал ететін іс-шаралар іске асырылады.

Оқу орындарының түлектеріне арналған Жастар практикасы, «бірінші жұмыс орны» және «ұрпақтар келісімшарты» жобалары бойынша жұмыс орындары олар алған кәсіп (мамандық) немесе сабақтардың Ұлттық сыныптауышының сол сабақ тобына жататын ұқсас кәсіп (мамандық) бойынша құрылады.

Жастар практикасы алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға арналған (қатысу мерзімі 12 айға дейін, субсидиялар мөлшері 30 АЕК (ай сайын).

«Бірінші жұмыс орны» жобасы бірінші рет жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздарға жұмыс орындарын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған (қатысу мерзімі 18 айға дейін, субсидиялар мөлшері 30 АЕК (ай сайын).

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы кейіннен зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерді ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруға бағытталған (қатысу мерзімі 6 айға дейін, субсидиялар мөлшері 30 АЕК (ай сайын).

Қоғамдық жұмыстар-қызметкерлерді алдын ала кәсіптік даярлауды талап етпейтін, олардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-пайдалы бағыты бар еңбек қызметінің түрлері. Қоғамдық жұмыстарға қатысуға: жұмыссыздар; жазғы демалыс кезеңінде жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары мен студенттері; бос тұруына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар (қатысу мерзімі 12 айға дейін, субсидиялар мөлшері кемінде 20 АЕК (ай сайын) құқылы.

Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздардың жалақысын субсидиялай отырып, оларды жұмысқа орналастыруға арналған (қатысу мерзімі 12 айға дейін, субсидиялар мөлшері кемінде 20 АЕК (ай сайын).

«Күміс жас» жобасы 50 жастан асқан жұмыссыздардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған (қатысу мерзімі 36 айға дейін, субсидия мөлшері 30 АЕК-тен аспайды (ай сайын).

Жоғарыда көрсетілген субсидияланатын жұмыс орындарына қатысу үшін мынадай құжаттар қажет: қатысуға өтініш; жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса); білімі туралы құжаттың көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом), бар болса оқудан өткенін растайтын құжаттар (куәлік, сертификат).

Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде келесі үш бағыт бойынша ұйымдастырылады.

Біріншіден, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу ұйымдарында оқыту.

Оқыту оқытудан өткен адамдарды жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша ұйымдастырылады. Ол үшін тараптардың (жұмыспен қамту орталығы, жұмыссыз, жұмыс беруші және оқу ұйымы) арасында тараптардың құқықтары мен міндеттерін көздейтін 4 жақты әлеуметтік келісімшарт жасалады.

Екінші, жұмыс берушіде жұмыс орнында оқыту.

Жұмыс берушілерде жұмыссыздарды жұмыс орнында оқыту білікті тәлімгерді бекіте отырып, кәсіпорындар базасында ұйымдастырылады. Оқу кезеңінде жұмыс беруші жұмыссыздармен еңбек шартын жасасады және оны уақытша жұмыс уақытына жұмысқа орналастырады.

Үшінші, платформада онлайн оқыту skills.enbek.kz.

Портал онлайн оқытудың қысқа мерзімді курстарының маркетплейсі болып табылады және сұранысқа ие дағдыларды үйренуге немесе біліктілігін арттыруға ниет білдірген кез келген республика азаматы үшін қолжетімді.

Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін жеңілдетілген шағын несиелеу қарастырылған.

Номиналды сыйақы мөлшерлемесі-жылдық 2,5% - дан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы-кепілмен қамтамасыз етудің міндетті шартымен 5 млн теңгеге дейін. Несиелеу мерзімі мал шаруашылығын қоспағанда, кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін (қызметтің осы бағыты үшін – 7 жылға дейін).

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында әлеуметтік қолдау шаралары

Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу:

Жұмыс іздеп жүрген адам – бұл жұмыссыз ретінде тіркелу үшін жұмыспен қамту орталығына келіп немесе enbek.kz сайты арқылы тіркелуге мүмкіндігі бар. Бұл Сізге лайықты жұмыс табуға көмектеседі және  3 жұмыс күн ішінде лайықты жұмыс болмаған жағдайда, жұмыссыз мәртебесі беріледі.

Жұмыссыз ретінде тіркелу:

Жұмыссыз мәртебесі бар адамдар жұмыспен қамтуды қолдау жөніндегі мемлекеттік шараларына қатыса алады. Атап айтқанда, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді, лайықты жұмысты табуға, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына, алғашқы жұмыс орнына және Ұрпақтар келісімшартына жолдаманы алуға мүмкіндік береді.

Тұрақты жұмыс орнын таңдау:

Жұмыспен қамту орталықтарымен және enbek.kz сайты арқылы Сізге қолайлы жұмыс табуға көмектеседі.

Қоғамдық жұмыстар:

Жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын әлеуметтік пайдалы жұмыс. Мысалы, абаттандыру бойынша жұмысшы, курьер, құжаттанушы және т.б.

Кімге арналған: барлық жұмыссыздарға;

Талаптары: кәсіби білімі қажет емес;

Ұйымдастырылатын жұмыс орны жұмыс берушілердің жұмысшылары санының 40%-ынан аспайды.

Жалақы: 20 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) құрайды (61 260 тг).

Әлеуметтік жұмыс орындары

Жұмыспен қамту орталығымен шарт негізінде жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін оларды жалақысын субсидиялау арқылы жұмыс беруші құратын уақытша жұмыс орны.

Кімге арналған: барлық жұмыссыздарға

Талаптары: жұмыс беруші анықтайды, еңбек кодексіне сәйкес рәсімделеді.

Ұйымдастырылатын жұмыс орны жұмыс берушілердің жұмысшылары санының 20%-ынан аспайды.

Ұзақтығы: 12 айдан аспайды.

Жалақы: жұмыс беруші анықтайды (жалақының 35% мемлекеттен, 65% жұмыс берушіден), бірақ субсидия көлемі 20 АЕК, яғни 61260 теңгеден аспайды.

Мақсаты: Жұмыссыздарды жұмыспен қамту және жұмыс берушіге жұмысшының жалақысының төленуіне қолдау көрсету арқылы тұрақты жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.

Жастар практикасы:

Меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы тәжірибе жинақтау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыс.

Кімге арналған: 29 жастан аспаған жұмыссыздарға.

Талаптары: алдыңғы 3 жыл ішінде оқуын аяқтаған және алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері.

Ұйымдастырылатын жұмыс орны жұмыс берушілердің жұмысшылары санының 20%-ынан аспайды.

Ұзақтығы: 12 айдан аспайды.

Жалақы: 30 АЕК (91860 тг.)

Алғашқы жұмыс орны:

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында белгілі бір жағдайларға байланысты оқымайтын, жұмыс істемейтін жастарды тұрақты жұмысқа (кемінде 12 ай мерзімге) орналастыру шартымен ұйымдастырылады.

Кімге арналған: 29 жастан аспаған жастарға

Талаптары: алған мамандық немесе ұқсас мамандық бойынша құрылады, жұмыс тәжірибесі мен зейнетақы жарналарының болмауы міндетті.

Ұйымдастырылатын жұмыс орны жұмыс берушілердің жұмысшылары санының 20%-ынан аспайды.

Ұзақтығы: 30 айдан кем емес.

Жалақы: субсидиялау 18 ай бойы, айына 30 АЕК-ті (91860 тг) құрайды, келесі 12 айда жұмыс беруші төлейді.

Ұрпақтар келісім шарты:

Жұмыс істейтін зейнеткерлік жасқа жақындаған қызметкерлерден жинақталған тәжірибемен дағдыларды беру үшін арнайы құрылған жұмыс орны.
6 ай өткеннен кейін жұмыссызға кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орны беріледі не ол зейнеткерлік жасқа толған қызметкерді алмастырады.

Кімге арналған: оқу аяқтағанына 2 жыл толмаған 29 жасқа дейінгі жұмыссыздар.

Талаптары: алған мамандығы немесе  ұқсас мамандық бойынша құрылады, үміткер колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері болуы талап етіледі. Ұйымдастырылатын жұмыс орны жұмыс берушілердің жұмысшылары санының 20%-ынан аспайды.

Ұзақтығы: 18 айдан кем емес.

Жалақы: субсидиялау 6 ай бойы айына 30 АЕК (91860 тг) құрайды, келесі 12 айда жұмыс беруші төлейді.

Жұмысынан айрылған жағдайдағы төленетін әлеуметтік төлем:

Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемге міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдары бар тіркелген жұмыссыздар үміткер бола алады.

Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің ұзақтығы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін болуы мүмкін.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 265 рет