Бейсенбі, 04 Мамыр 2023 16:40

Отырарда көне кітаптарды ерекше тәсілмен қалпына келтіретін нағыз еңбек адамы бар

Түркістан облысы Отырар ауданында көне кітаптар мен қолжазбаларды қалпына келтіретін Жанұзақ Ерімбетов есімді азамат тұрады. Ол ескі кітаптардың жыртылған, қырқылған парақтарын жамап, түгендеп береді. Сондай-ақ, ұстағанда үгітіліп тұратын беттерді де ешқандай аппаратсыз-ақ қалпына келтіре алады. Нағыз еңбек адамы деп осындай азаматтарды атаса болатындай.

Жанұзақ Ерімбетов қағаз реставрациялау жұмысын Иран мемлекетінен үйреніп келген. Кейіннен Алматыдағы ұлттық кітапханада тәжірибесін шыңдады. Санкт-Петербургтегі Ресей этнографиялық музейінде «этнографиялық жәдігерлерді қайта қалпына келтіру» бойынша дәріс алып, біліктілігін арттырды. Содан елге оралған соң, көне кітаптарды қалпына келтіру ісін қолға алды.

«Мен бұдан бұрын реставратор болып жұмыс істегенмін. Қыш құмыралар мен түрлі керамикалық заттарды қалпына келтіру жұмыстарын жасадым. Кейіннен қағаз реставрациясына ауыстым. Бұл кәсіпті де меңгеріп алдым. Жалпы, бұл мамандық иелері елімізде өте аз кездеседі. Сондықтан, бізді Түркістанға, Алматыға жиі шақырып тұрады. Тарихи орындарды аралап, біліміміз бен тәжірибемізді бөлісіп келеміз», - дейді ол.

Бүгінде Жанұзақ Әлзақұлы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық мұражайында суретші-реставратор болып қызмет атқарады. Негізі жұмысы – тарихи орындардан табылған кітаптарды қалпына келтіру. Одан бөлек, жергілікті тұрғындар музейге өткізетін сирек кездесетін қолжазбаларды да түгендеп, музейдің арнайы қорына өткізеді.

«Музей жәдігерлерінің құрамында 100-ден астам қолжазба бар. «Атамның кітабы» деп өткізетіндер көп. Олардың ішінде сирек кездесетін кітаптар, Құрандар бар. Сарғайып шашылып кеткен, мұқабасы да жоқ құнды кітаптар да кездеседі. Ұстасаңыз парақшалары үгітіліп тұрады. Соларды қалпына келтіреміз», - дейді реставратор.

Жанұзақ ақ қағазды сарғайту үшін кәдімгі шайдің демдемесін қолданады. Қызыл шайға ақ қағазды салып, сарғайтып алады. Кейіннен жиек жасап, жыртылған жерін жамайды. Жабыстырып, тігіп шығады. Ең бастысы - кітаптың құндылығы жоғалмауы қажет. Әсіресе, әріптері мен таңбаларын сақтауға назар аударады. Сондай-ақ, ұнды суға араластырып, желім жасайды. Себебі, заманауи клейлер мен химиялық қоспалар қағаздың құрамын өзгертіп жіберуі мүмкін. Ең бастысы – бұл жұмыстарға ешқандай аппарат қолданылмайды. Барлық жұмыс қол күшімен жасалады.

«Біздің мұражайдағы кітаптардың көпшілігі негізінен ХІХ, ХХ ғасырға тиеселі. Сондағы ақын, жазушылардың, жыраулардың жазбалары бар. Одан бөлек, діни әдебиеттер мен хикметтер де кездеседі. Көпшілігі арабша, төте жазулармен жазылған», - дейді ол.

Жанұзақ Әлзақұлы бос кезінде мұражай қорындағы керамикалық жәдігерлердің үлгісімен кәдесыйлар дайындайды. Қыштан құмыра, сазсырнай секілді түрлі бұйымдар жасап, сатуға шығарады. Таңсық дүниеге тапсырыс берушілер де көп. Сондай-ақ, «қолжазбалар мен ескі суреттерді реттеп бер» деп келетін жергілікті тұрғындардың да өтінішін орындап береді.

«Жалпы, ел ішінде көптеген құнды кітап бар. Олар біреудің сандығында, біреудің сарайында сақтаулы тұр. Соларды музей қорына өткізуге шақырамын. Себебі, кітаптар қараусыз жатқан соң, парақтары ұстауға жарамсыз болып қалады. Ал, оның ішінде еліміздің, ұлтымыздың терең тарихы жатқан болуы мүмкін», - дейді реставратор.

Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігін тарихи тұрғыдан баянды етуде жазба мұралардың маңызы ерекше. Ол мұраларда елдік идеямыздың қалыптасуының тарихи даму жолы көрініс береді. Көне түркіден бастап бүгінгі күнге дейінгі өзінің рухани әлемінде 16 жазу үлгісінде жазба мұра қалдырған қазақ ұлтының тарихи, әдеби-мәдени жәдігерлері осы уақытқа дейін ғылыми тұрғыдан жинастырылып, жүйеленіп, сипаттама берілген жоқ, қазақ тіліне де тұтастай аударылмай келеді.

Республика көлемінде қолжазбалар қорын толықтыру, зерттеу, насихаттау, сақтау және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жоғары деңгейге көтерудің негізгі жолдары: кітапханалардың жалпы қорынан қолжазбаларды іріктеп алып, сирек қорға өткізу; басқа кітапханалар, мұражайлар қорынан құнды құжаттардың көшірмелерін алу (библиографиялық көрсеткіштер мен қатологтар құрастыру, БАҚ, Интернет арқылы насихаттау); қолжазбалардың тарихын зерттеу; қолжазбалар сақталатын орындарда стандартқа сай температуралық режим және үнемі тазалық сақтау; кітапханада қолжазбаларды; өңдеу және сақтау жұмысын ұйымдастыру; кітапханалармен, т.б. мәденитарихи мекемелермен тығыз байланыс орнықтыру; жұмыс барысына жаңа технологияны үздіксіз енгізіп отыру деп ұғу шарт.

 Отырарда қорық-музей ашылғаннан бері  республика көлемінде археологиялық жәдігерлерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізу, реставрация және консервация арқылы ескерткіштердің сақталуын қадағалайтын, сонымен қатар, халқымыздың этнографиялық және рухани, мәдени мұраларын жинақтап, сақтау, зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүргізетін бірден-бір мекеме болып қызмет істейді. Бүгінгі таңда музейде алты ғылыми-зерттеу бөлімі: қор сақтау; археология; тарихи ескерткіштерді қорғау; этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар; реставрация және консервация; экспозиция, экскурсия және қоғаммен байланыс бөлімдері мен кітапхана жұмыс істейді. Қорық-музей ашылған жылдары қорында 2000 жәдігер болса, қазіргі таңда олардың саны 24000-нан асты. Музейдегі әр жәдігер халқымыздың өмірі мен тұрмыс-салтынан құнды деректер береді. Олар әр заманнан бүгінгі бізге жоғалмай жеткен адамзат тіршілігінің іздері.

Көне тарих пен бүгінгімізді жадымызға сақтап отыратын сан-салалы жәдігерлердің иесі музейлердің өзіндік тарихы мен тағдыры бар. Ол жеке адамдардың еңбегімен басталып, олардың әсері арқылы қоғамның, елдің тағдырымен ұштасып жатады. Толағай табыстар мен іргелі істерге толы, қиындығы мен ауыртпалығы қатар жүретін әр жылымыз тарих жылнамасына таңбадай басылып тіркелуде. Келешегі кемел «Мәңгілік елге» айналар қазақстандық әрбір азаматтың ой-өрісі кеңейіп, ізгілікті іс-қимылы заман талабына сай ілгерілей отырып, өркениетке бағытталған тынымсыз тіршілік жылдары ретінде өтіп жатқанына куә болып келеміз. Осындай киелі қара шаңырақта еліміз үшін жасап жатқан еңбегіміздің табысы еселене берсін. Бабалардан қалған асыл мұраларымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, болашаққа аманаттау біздің басты міндетіміз екендігін ұмытпауымыз керек.

Соншама бай мұра, қазына, халықтың тарихи-рухани байлығы. Сол қазынаны өшірмей, жоғалтпай есте сақтау, өте зор, ұлы мағыналы нәрсе. Осыған арналған музейдің аса қажетті, құнды нәрсе екені мәлім. Өзінің өткен тарихын құрметтемеген халық ешуақытта құрметті болмақ емес. Осы жағынан алғанда Отырар қорық-музейі халықтық іс десек жаңылыспайтын шығрамыз. Музейдің тәрбиелік, тәлімдік, фазулаттық мағынасы тереңде жатыр. Сол себепті, біздер, әрқайсымыз осы музейге жәрдем етуді, ескі қолжазбалар мен кітаптарды сақтап қалуды өзіміздің адамдық, азаматтық міндетіміз деп білуіміз керек.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

 

Оқылды 414 рет