Қала әкімі М.Әйтеновтің елдімекендердің инфрақұрылымы және баршаға қолжетімді спортты дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, Қаратау ауданы аумағы кезекті жаңа спорт алаңшасымен толықты.
Аудан аумағына қарасты Тұран шағын ауданындағы Алатау батыр көшесіне ашық спорт алаңшасының құрылыс жұмыстары аяқталып, таяуда тұрғындар игілігіне пайдалануға тапсырылды.
Спорт – елімізде денсаулығы мықты, рухы күшті ұрпақты өсіріп шығарады. Спорт саласының дамуына мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалып келеді. Қаламызда бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жалпы жыл сайын қала аумағын абаттандыру барысында жаңа спорт және ойын алаңшалары қатары артатын болады.
Айта кетейік, биылғы жылы Қаратау ауданында “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында балалар ойын алаңшасынан бөлек заманауи үлгідегі 7 ашық спорт алаңдарын салу көзделуде. Айта кетейік, аталмыш бағдарлама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында іске асуда. Жобаға кез-келген қала тұрғыны қала аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады.
2021 жылы аулаларды абаттандыру және заманауи балалар ойын алаңшаларын құру мақсатында қала бюджетінен 2,5 млрд. теңге қаралды.
Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасау, жастарды спортқа баулу мақсатында 2021 жылы 115 спорт алаңшасын салу қолға алынған. Оның ішінде бюджет есебінен 101 спорттық алаңшаға 2 млрд. теңге қаралды, 14 алаңша демеушілердің есебінен салынды. 2022 жылдың өзінде қала аумағында 158 жобаға 3 901,8 млн. теңге қаралған. Бұл өз кезегінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық функционалдық тобы қаржысының 7,3 пайызын құрайды.
2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 154 жобаға 4 773,5 млн. теңге қарастырылып отыр. Бүгінде тұрғындар тарапынан көшелерді жарықтандыру, балалар алаңшасын жөндеу, қоқыс урналарын орналастыру бойынша ұсыныстар келіп түскен.