Жексенбі, 02 Шілде 2023 13:08

Отырар: жұмыспен қамту және кәсіпкерлікпен айналысу арқылы қылмыстың қайталануының алдын алуға болады

Отырар ауданының прокуроры Б.Булеулиевтың төрағалығымен пробация қызметінің және полиция бөлімінің есебінде тұрған тұлғалармен жұмыспен қамту және кәсіпкерлікпен айналысу арқылы қылмыстың қайталануын алдын алу бойынша кездесу өткізілді.

Аталған кездесуге «Атамекен» ҰКП-ның аудан бойынша филиалының директоры, аудан әкімінің орынбасары, аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері, полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бастығы және есепте тұрған тұлғалар қатысты.

Кездесуде сотты болған тұлғаларға ақылы қоғамдық жұмыс, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несие алу, кәсіп ашуға берілетін қайтарымсыз гранттар бойынша ақпараттар беріліп, ұтып алу жолдары түсіндіріліп, олардың сұрақтарына жауап берілді.

Осы жиында сотталған тұлғалармен қайталама қылмыс жасаудың алдын алу бойынша профилактикалық шара қабылдауға шешім қабылданды. Алыс, шалғай орналасқан ауылдарда тұратын есепте тұрған тұлғаларды тұрғылықты мекенжайда түнгі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейінгі аралықта болуын жергілікті полиция қызметімен бірлесіп тексеруді қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Жалпы кездесудің мақсаты сотты болған тұлғалардың қылмыс жасап қайта қателікке бармауы үшін оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік шараларға қатыстыру, қоғамға бейімдеу және қоғамнан оқшаулануына жол бермеу болып табылады.

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді аталы сөздердің бірінде. Өмір болған соң қуанышы мен қиындығы қатар жүретіні белгілі. Дейтұрғанмен, тағдырына тап келетін өткінші қиыншылықтарға кей жандар сабырлық танытып, сүрінбей өтсе, кейбіреулер аяғын шалыс басып, уақыт өте өкініп жатады.

Біреулері аштықты, біреулері тоқшылықты көтере алмай, қателікке бой алдырып, бас бостандығынан айырылып, жазасын темір тордың арғы бетінде өткізеді. Қоғамнан ажыраған ол жандар берілген мерзімін өтеген соң бостандыққа шығады. Бірақ қоршаған ортаға бейімделіп кету үшін біршама уақытты талап етеді. Осы тұста бір-бірімізге сүйеу болып, қиналған жанға қол созу – баршамыздың азаматтық борышымыз. 

Төрт қабырғаға қамалып, қоғамнан жырақта ұзақ өмір сүріп, бостандығынан айырылғандар қарапайым қарым-қатынас ережелерін ұмытып қалады екен. Жұмыс тауып, жаңа өмір бастап кетуі де қиын. Қоғамға сіңісіп кете алмағандары үшін ең оңай жол – қайтадан түрмеге түсу сияқты. Жазасын өтеп шыққандар қоғамнан орнын таба алады ма? Бұл ретте пробация қызметінің үлесі қандай?

Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағдарламасына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының халықты еңбекпен қамтамасыз ету орталықтары арқылы кәсіп ашу, мамандықты игеру, жұмыспен қамту жұмыстары жүргізіледі. Әдетте, сотталғандардың қайтадан қалыпты өмір сүріп кететіне күдікпен қарайтынымыз рас. «Адам болмайды» деп сырттай кесіп-пішеміз. Сол әрекетіміз арқылы оны қоғамнан алыстатып жатқанымызды ескере бермейміз, бірақ. Біздің айтып отырғанымыз, ауыр, аса ауыр қылмыс жасаған қандықол қылмыскер емес, абайсызда жаза басқандар. Мамандар есепте тұрған сотталғандардың қайта қылмыс жасамауына әсер ететін еңбек екенін алға тартады. Алайда, еңбек ету тұлғаның конституциялық құқығы болғандықтан, пробация қызметі оларды жұмыс істеуге міндеттей алмайды.

Бұл – бостандыққа шыққан адамдардың басты мәселесі. Жұмыс болса да, қоғамда оларға деген сенімсіздік бар. Яғни, жұмыс берушілердің көбі сотталғандарды жұмысқа алмайды. Бірақ, халықаралық тәжірибеде сотталғандарды қоғамға еңбек арқылы қайтару жиі айтылады. Осы жағынан қолдау болса, ол адам тез бейімделіп кетеді. Темір тордың арғы жағынан шыққан адамға дайын тұрған жұмыс жоқ екені белгілі. Қазір кәдімгі мамандардың өзі жұмыс таппай тентіреп жүр. Бірақ, бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатқанын жоққа шығаруға болмайды.

Ал енді, пробация қызметі қандай қызмет дейтін сауалға жауап іздеп көрсек. Пробация – адамдардың қайта қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзеуге бағытталған қызмет түрі мен бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралардың заңмен белгіленген жүйесі. Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып пробацияның толық жүйесін қабылдаған ел. Жалпы, біздің елімізде ең алғаш рет «пробация» ұғымы 2012 жылдың 15 ақпанындағы «Қазақстан Респубуликасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қолданылған. Дегенмен, аталған халықаралық конференция барысында Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі (ҚАЖ) комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев атап көрсеткендей, Қазақстанда алғаш рет 2016 жылғы 30 желтоқсандағы «Пробация туралы» Заңның қабылдануына орай пробацияның қолданылу аясы анағұрлым кеңейе түскен. Оның одан әрі қарайғы дамуы Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33-қадамының аясында жүзеге асырылды. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылғы желтоқсанда «Пробация туралы» заң қабылданып, пробацияның әлеуеті мен өзектілігі артты.

Елімізде түрмеден шыққандарға әлеуметтік-құқықтық көмек беру ісі жолға қойылған. Осы орайда айта кетейік, әлеуметтік-құқықтық көмек, ол – пробацияның есебінде тұрған адамдарды әлеуметтендіруге бағытталған жеке бағдарламалар негізінде іске асырылатын шаралар кешені. Осы жылдың басынан бері еліміздің барлық өңірінде пробация қызметінің есебінде тұрған елу мыңнан аса сотталған адам әлеуеметтік-құқықтық көмектер алған көрінеді.

Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудегі негізгі бағыттарға пробацияның есебінде тұрғандарды жұмысқа орналастыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, психологиялық көмек беру және өзге де әлеуметтік-құқықтар жатады. Айта кетейік, пробация – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, есепте тұрғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша мемлекеттік органдармен, азаматтармен, қоғамдық ұйымдармен және өзге де заңды тұлғалармен өзара әрекеттесе отырып атқарылатын қызмет түрі.

Азаматтардың қылмыстық сот төрелігіне түсуін азайту, қылмыстық жазалау шараларын азайту мақсатында қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық-құқықтық шараларды кеңінен қолдану үшін жағдайлар жасалған, жаңа Қылмыстық кодексте бірқатар санкциялар жеңілдетіліп, сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату уақыттары азайтылды. Пробация, ол – есепте тұрған адамдарға пробациялық бақылау және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету түрінде жүзеге асырылады. Қазақстанда жыл сайын пробация қызметінің есебінен 50-60 мыңдай адам өтеді.

ҚАЖ комитетінің мәліметінше, сотталғандардың қайта қылмыс жасауына олардың түзу жолға түсуге деген ниетінің жоқтығы, тұрақты жұмыс орнының болмауы, ішімдікке салынуы түрткі болады. Сондай-ақ қылмысқа барудағы алғашқы салдарды анықтап қарағанда, көбіне сотталғандардың әлеуметтік бағыттан алшақтауынан, яғни тұрмыстық проблемаларының дұрыс жолға қойылмағандығынан қайта қылмыс жасау орын алады.

Бүгінде кез келген зайырлы елде заңнан аттап, жаза басқандардың ішінде, әсіресе, ауыр емес қылмыс жасағандар үшін қолданылатын жазаның балама түрлеріне барынша көңіл бөлінуде. Бұл ретте біздің елімізде де құқықтық реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік рефолюция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауында азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жүйелі түрде жетілдіріп, жалғастыру қажеттігі нақты атап көрсетілген.

Қазіргі кезде Қазақстандағы құқықтық жүйенің гуманизациялануының бір көрінісі рентінде  пробациялық бақылау қызметін айрықша атап өтуге болады. Елімізде пробация қызметтің заңдық-құқықтық негіздері қалыптасып, оның қоғам өміріндегіоңтайлы нәтижелері айқын көрініс тауып келе жатқандығын атап өтуіміз керек. Бұл – мемлекетіміздің абайсызда қылмысқа ұрынып, жаза басқан азаматтарға деген деген қамқорлығы, олардың түзелу жолына түсіп қазақстандық қоғамның бір бөлшегіне айналады деген берік сенімі болып табылады деп білуіміз керек. Соның ішінде қоғамдық және түзету жұмыстары, белгілі лауазымдар немесе белгілі қызметпен айналысуға тыйым салу,  кішкентай балалары бар әйелдерге жаза мерзімін шегеру, шартты  соттау тағайындау, асырауындағы кішкентай балаларын жалғыз тәрбиелеп жүрген ер адамдар үшін шартты түрде бас бостандығын шектеу сияқты ізгілендірілген жаза қолдану шаралары елімізде жаңа қабылданып жатқан заңдар негізінде іске асуда.

Пробация қызметі  – санаттары заңмен айқындалған адамдардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін олардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет түрлері мен жеке айқындалатын шаралар жүйесі. Пробацияның мақсаты – күдіктінің, айыпталушының мінез-құлқын түзеу, сотталған адамды әлеуметке қосу, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен босатылған адамды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады. Пробацияның міндеттері – пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың заңмен айқындалған түрлерін орындау, бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеп жүрген сотталғандарға, шартты түрде сотталғандарға, бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарға бақылау жасауды жүзеге асыру, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталған адамды босатуға дайындауға қатысу.

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам: Ұлт жоспары»  бағдарламасының 33-қадамы  азаматтарды бас бостандығынан  айыру  жерлерінен босап келген және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға қатысты әлеуметтік түрде ақтау шаралары анықталған. Бағдарламаны іске асыру үшін «Пробация Үйі» жобасы  жасалынған. «Пробация үйі» жобасының  мағынасы пробация қызметінің есебінде  тұрған тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету «бір терезе» ретінде, яғни құжаттану кезінде көмек көрсету, жұмысқа орналастыру және медициналық, психологиялық, заңдық  көмек көрсету.

«Пробация үйі» жобасының мақсаты босап келген тұлғаларды әлеуметтік ақтау,тұрмыстық жағдайын жақсарту және қайта қылмыс жасауға апаратын  жағдайларды азайту. Бұл жоба  жергілікті  «Халықты жұмыспен қамыту орталығы» мамандарымен және пробациялық бақылау жүргізетін инспекторлардың бірлесіп іске асырылуда. «Пробация үйі» жобасы  есепте тұрған сотталғандар мен  бас бостандығын айыру  жерінен босап келген тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету арқылы өмірдегі өз жолын табуға, түзелуге көмектесіп, өз шешімін тауып келеді.

Өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету тәртібі

Білім алуға, мамандықты меңгеруге, жұмысқа орналасуға, емделуге, сондай-ақ құқықтық көмекпен қамтамасыз етуге көмек көрсету өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмектің негізгі бағыты болып табылады.

Пробация қызметі өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдарды есепке қою кезінде:

1) адамның тұрғылықты жерін, денсаулық жағдайын, білім деңгейін және еңбекпен қамтылуын анықтайды;

2) әлеуметтiк-құқықтық көмек алу тәртiбiн түсiндiредi.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге байланысты процесті ұйымдастырады.

Медициналық көмек мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетіледі.

Аяқталмаған орта білімі бар өзіне қатысты пробация қолданылатын адам тұрғылықты жері бойынша оқу орындарына жүгінеді.

Өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдарға құқықтық көмек мынадай көрсетілетін қызметтерді көздейді:

1) олардың қаражаты болмаған жағдайда заңнама бойынша тиесілі әлеуметтік жәрдемақыларды, арнайы төлемдерді алуға, жұмысқа орналасуға, оқуға, медициналық көмек алуға құжаттар тапсыру үшін заңдық мәні бар құжаттарды ресімдеу;

2) әлеуметтік көмекке, әлеуметтік қамсыздандыруға заңнамада белгіленген құқықтар мен олардың бұзылуынан қорғау тәсілдері бойынша заңдық консультация беру;

3) өмірдегі қиын жағдайдан шығу үшін жағдай жасайтын мәселелерді шешуге ықпал ететін заңнамада белгіленген жеңілдіктерді, жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтік төлемдерді алуға жәрдемдесу.

Өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдар құқықтық көмек көрсету үшін олардың тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүгінеді.

Өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамға жұмысқа орналасуға көмек көрсеткен кезде жергілікті атқарушы органдар мынадай іс-шараларды жүзеге асырады:

1) жұмыссыздарды өкілетті органның/халықты жұмыспен қамту орталығының бос орындар базасында бар бос жұмыс орындарына жіберу;

2) жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу;

3) жұмыссыздарды олардың келісімі бойынша қоғамдық жұмыстарға жіберу;

4) жұмыссыздарды кейіннен жұмысқа орналастыруға көмек көрсете отырып, еңбек нарығының сұранысына сәйкес кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін көтеруге жіберу;

5) пробация қызметінің есебінде тұрған немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгілеу. Бұл ретте жіберуші тарап жұмыскерлерінің тізімдік санында персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартқа сәйкес жұмысқа тартылатын жұмыскерлер есепке алынбайды.

Пробациялық бақылау, әкімшілік қадағалау мерзімі өтіп, пробация қызметінің есебінен шығарғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар көрсететін әлеуметтік-құқықтық көмек жалғасады.

Пробация қызметі сот қаулысын алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде әлеуметтік-құқықтық көмек көрсететін жергілікті атқарушы органға және ұйымға іздестіру жарияланған, "қамаққа алу" бұлтартпау шарасы тағайындалған адамдарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмекті тоқтата тұру үшін хабарландыру жолдайды.

Әлеуметтік-құқықтық көмек көрсететін жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де ұйымдар қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 337 рет