Сәрсенбі, 05 Шілде 2023 13:43

Отырардан шыққан еңбек адамы туған жеріне ойын алаңшасын салып беріп, елге өнеге көрсетті

Отырар ауданында бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы спорттық шаралар назардан тыс қалған емес. Бүгінде аудан көлемінде спорттық сауықтыру кешендерінен бөлек аудан азаматтарының қолдауымен ашық спорт алаңшалары ашылып, жастардың дене шынықтырумен айналысып, спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалуда.

Осы мақсатта бүгін еліміздің өсіп-өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан Темір ауылының төл перзенті, қарапайым еңбек адамынан белгілі кәсіпкерге айналған Дүйсенбек Божаевтың демеушілігімен балаларға арналған ашық спорт алаңшасы ашылды. Шараға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов арнайы қатысып, туған жерін түлетуге атсалысқан азаматқа ауыл халқының атынан алғысын айтты.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Ауылына қарап азаматын таны» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Киелі Отырар ауданының, оның ішінде Темір ауылының өсіп-өркендеуі, гүлденуі осы ауылдан шыққан ел ағаларының туған жеріне деген ыстық ілтипаты мен адал еңбегінің арқасында деп білемін. Осы орайда мемлекет саясатын іске асыруда өзінің азаматтық борышына адалдық танытып, туған елінің, туған жерінің дамуына атсалысып келе жатқан Сізге шынайы алғысымды білдіремін»-дей келе Дүйсенбек қарияның иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.

Сондай-ақ салтанатты жиын барысында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Мырзахан Манапов пен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Отырар ауданының құрметті азаматы Қаныбеков Жонарбек бүгінгі спорттық нысан ауыл жастарының дені сау болып өсуіне, спортпен шұғылдануына, осы ауылдан талай чемпиондардың шығуына себепкер болады деген сенімдерін білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бектіқұл Арзықұл мен Темір ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Төрехан Амантайлар ел игілігі жолындағы өнегелі іске ұйытқы болған Дүйсенбек Божаевқа ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Мұнан соң жаңа ойын алаңшасының лентасы қиылып, одан әрі 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы аудандық турнир басталып кетті. Турнир соңында жеңімпаздар марапатталып, жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Жалпы Отырар ауданда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мен мемлекеттік бағдарламалар аясында біршама жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және 1 спорт клубы жұмыс істейді. Аталған спорт мектептерінде спорттың сегіз түрінен үйірме сабақтары ұйымдастырылып, үйірме жұмыстарына жалпы 1060 оқушы қамтылған.

Елімізде қарапайым еңбек адамдарының қоғам дамуына тигізіп отырған әсерін, олардың ұлағатқа толы еңбек жолын насихаттау ісі жолға қойылып келеді. Осындай азаматтардың ізгі қасиеттерін бойына сіңіру арқылы болашақ ұрпақ та адал еңбек етудің мән-маңызын терең сезініп өсері сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтқаны белгілі. 

«Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» - деген болатын президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бүгінге дейін қоғамда, өкінішке қарай, еңбек құндылығы жеткілікті деңгейде бағаланбай келгені жасырын емес. Тіпті қазірдің өзінде де қарапайым жұмысшы адамның бейнесі күнделікті санадан ығыстырылған, қоршаған әлем туралы құндылық идеясының жүйесіне кірмейді және тиісінше лайықты назар аудармайтыны да рас. Осы бағытта еңбек адамының мәртебесін арттыру мақсатында Үкімет бірқатар шараларды қолға алған. 

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халықтың қажеттіліктеріне және экономиканың нақты мүмкіндіктеріне жауап беретін теңгерімді шешімдерге бағдарлана отырып, әлеуметтік саясатты дәйекті түрде жетілдірді. Жаңа мемлекеттік әлеуметтік стандарттар әзірленіп, енгізілді. Бүгінгі таңда, Еңбек министрлігінің мәліметінше, олар маңызды әлеуметтік игіліктердің қолжетімділігі мен сапасына кешенді кепілдік береді. Экономиканың өсу қарқынына сәйкес базалық стандарттар – ең төменгі күнкөріс деңгейі, ең төменгі жалақы, зейнетақы мөлшері үнемі қайта қаралып отырады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті баяндамаларының бірінде «Әділетті Қазақстанда Еңбек адамы ерекше құрметке ие болуы тиіс. Мұғалімдердің, дәрігерлердің, тәртіп сақшыларының, құтқарушылардың, жұмысшылардың, шаруалардың мәртебесін одан әрі көтеру өте маңызды. Олар еліміздің ең құрметті азаматтары болуға тиіс», - деп шегелеп айтқан еді. 

Орта таптың маңыздылығы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық шындығының барлық аспектілеріне әсер етеді. Саяси салада орта тап әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың кепілі саналады, бұл орта тап өкілдерінің құқықтық қорғауға, экономикалық және әлеуметтік тәуелсіздікке деген ұмтылысына байланысты. Сондықтан, еңбек адамының қоғамға берері де, экономикаға әсері де маңызды болып қала бермек.

Жалпы, соңғы жылдардағы еңбек адамының рөлін өсіру бағытындағы шаралар еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыруға, қазақстандықтардың Қазақстан Республикасының экономикасын дамытуға елеулі еңбек үлесін қосқан отандастарының жетістіктері үшін мақтаныш сезімін тудыруға, жастарды еңбекке құрметпен қарау рухында тәрбиелеуге, еңбек дәстүрлерін сақтау мен көбейтуге, сондай-ақ қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталғанын айта кеткен жөн.

Оқылды 334 рет