Сенбі, 15 Шілде 2023 14:45

Отырар ауданы: Жұмыспен қамту орталығының орнына Мансап орталығы құрылды

2023 жылдың 1-шілдесінен бастап Отырар ауданы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» жабылды. Оның орнына Түркістан облыстық Еңбек мобильді орталығының филиалы ретінде Отырар аудандық Мансап орталығы құрылып отыр.

Осыған байланысты «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жаңа жоба аясында жастар тәжірбиесі, қоғамдық жұмыс және әлеуметтік жұмыс, күміс жас, алғашқы жұмыс орындары бойынша жолданған азаматтардың шілде айындағы жалақылары тамыз айындағы айлықпен бірге берілетіндігін хабарлаймыз. Осыған орай, Отырар аудандық Мансап орталығы шілде айындағы жұмысшылардың еңбек табельдерін 31-шілдеге дейін электронды түрде кешіктірмей жолдау керектігін жұмыс берушілердің назарына жеткізеді. Толық ақпаратты Шәуілдір ауылы, Жібек Жолы көшесі №66 мекен-жайында орналасқан Отырар аудандық Мансап орталығынан білуге болады.

Бүгінде Отырар аудандық Мансап орталығы арқылы жұмыс орнын тауып отырғандар баршылық. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында Көкмардан ауылының тұрғыны Айткулов Темирхан Курманбаевич «күміс жас» жобасына тамыз айында жұмыссыз ретінде тіркеліп, қазан айында еңбек нарығының сұранысына сәйкес «Құрманбай» жеке кәсіпкерлігіне жұмысшы болып жолданған. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында жұмысын атқарып жүр. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша Күміс жас жобасына 30 АЕК көлемінде еңбекақы төленеді.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналастыру барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен мекемелерде ұйымдастырылады. Бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды жүйелі жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жұмыссыздар жолданады.

Жалпы, Отырар ауданында «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жаңа жоба аясында есепті мерзімде әлеуметтік жұмыс орындарына 10 ай мерзімге 231 азамат жеке және заңды тұлғаларда жұмыс істеуде.

2023 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР «Әлеуметтік Кодекс» өз күшіне енгені белгілі. Елімізде «Еңбек мобильділігі орталықтары» құрылып, халықты жұмыспен қамту орталықтары «Мансап орталықтары» филиал ретінде қайта қызметін бастады. Осы орайда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау бойынша мәжіліс өткен болатын. Жиында сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер талқыланды.

Түркістан облысы әкімдігінің қаулысымен облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылып, Әділет департаментінде тіркелді. Сонымен бірге облыстың барлық аудан, қалаларында «Мансап орталықтары» құрылды. Аталған орталықтардың қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығы мен біліктілігін арттыру үшін арнайы оқыту семинарларын ұйымдастырып, халыққа қызмет ететін мемлекеттік мекемелерді заман талабына сай жабдықтау жоспарлануда.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан және қала әкімдеріне тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді және көрсетілетін қызметтерді толық цифрландыру бойынша жұмыстарды сапалы атқаруды міндеттеді.

– Әрбір аудан, қала әкімдері, осы саланы қайта жіті қарап шығыңыздар. Жұмысты жүйелеу керек. Жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық берілсін. Сонда ғана экономика көтеріледі. Жауапты басқарма жұмыспен қамту бойынша жаңа өзгерістерді сапалы жүзеге асырсын, – деді өңір басшысы.

Жиында Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева жаңа жұмыс орындарын құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен іске асырылатын жоспарларды баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Еңбек» бағыты бойынша 84 056 адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау, оның ішінде 44 729 адамды бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарланды. 1 шілдеге 60 072 адам жұмыспен қамту шараларына, оның ішінде әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындарына, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Күміс жас» жобалары аясында 16 416 адам тұрақты, 28 414 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен биыл жастарға жеңілдетілген 2,5 пайызбен 5 млн. теңгеге дейін 594 адамға шағын несие беру жоспарланды. Бүгінгі таңда конкурстық комиссияда 249 үміткердің бизнес-жобалары қаралып, 110 азаматқа шағын несие беру шешімі шығарылды. Бұдан бөлек, 2023 жылы әлеуметтік осал топтарға жататын азамттар үшін жаңа бизнес идеясын дамытуға 1 380,0 мың теңге көлемінде гранттар беру көзделген. Бүгінгі таңда грант берудің 1 және 2 легі өткізіліп, 927 адамға гранттар берілді. Үшінші және төртінші лектер бойынша гранттар беруді қыркүйек айында өткізу жоспарлануда.

Айта кетейік, биыл Ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларда 5000 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланды. 2023 жылдың 1 шілдесіне 184 жоба бойынша жарияланған 1727 бос жұмыс орынына 1384 адам жұмысқа орналасқан. Ал «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орын құру» бағдарламасының жеке бастамалар шеңберінде облыс бойынша 22 595 жұмыс орындарын ашу көзделіп, нақты 13 628 жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылды.

Дерек ретінде айта кетсек, 2021 - 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның 3-і халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған: өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне дағдыларды дамыту.

Бірінші міндет шеңберінде "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіледі, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу мерзімі дара кәсіпкер ретінде үш жылдан кем болатын жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде грант беруге өтініш берілгенге дейін олар тіркелген жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына гранттар беріледі.

Екінші міндет шеңберінде еңбек нарығында белгілі бір кедергілерге тап болған адамдарды (жұмыссыздар, жастар, мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар және т.б.) жұмыспен қамтуға ықпал ететін іс-шаралар іске асырылады. Оқу орындарының түлектеріне арналған Жастар практикасы, "бірінші жұмыс орны" және "ұрпақтар келісімшарты" жобалары бойынша жұмыс орындары олар алған кәсіп (мамандық) немесе сабақтардың Ұлттық сыныптауышының сол сабақ тобына жататын ұқсас кәсіп (мамандық) бойынша құрылады.

Сонымен бірге, халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама 2029 жылға дейін ұзартылғанын да айта кетейік. Аталған құжат 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы керек болатын. Үкімет мерзімін ұзартқан бағдарлама қазақстандықтардың, оның ішінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын жақсартуға, табысын арттыруға бағытталған.

Жастар ара­сын­да­ғы жұмыссыздықты жоюды көздеген бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде 2029 жылға қарай 3,3 миллионнан ас­там адамды, оның ішінде 2,3 миллион жас­ты жұмыспен қамту жоспарланған. Елімізде жас­тар­ды жұмыспен қамтуға арналған «Күміс жас», «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар прак­тикасы», «Дипломмен ауылға» сын­ды бағдарламалары бар. Аталған бағ­дарламалар жастарды жұмысқа ор­на­лас­тырудың тетігін іске асыруды қам­ти­ды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

 

Оқылды 1085 рет