Жұма, 28 Шілде 2023 20:46

ШЫМКЕНТ: ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫ ҚОҒАМҒА БЕЙІМДЕЙДІ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңес отырысында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға жан-жақты кешенді оңалту шаралары қажет екенін айтты. Сонымен бірге елімізде балалар скринингін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтер жұмысын күшейтуге арнайы тапсырма берді.

Шымкент қаласы №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар көп. Нәтижесінде тірек-қимылы жүйесі бұзылған балалардың денсаулығында оң өзгерістер байқалады. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен оңалту шараларының әсерінен мұнда қимыл-қозғалысы нашар балалардың денсаулығы жақсарған.

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев Шымкентке арнайы іссапары барысында осы орталықты аралап, ерекше балаларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік оңалту шараларымен танысты.

Орталықта 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Емдік шараларға «ROBACTIV» локомотив жүйесі, модульдік баспалдақтың "STEP" түрі мен басқа да заманауи медициналық құрал-жабдықтар қолдануда.

Орталықта қазір стационарлық жағдайда 124, жартылай стационарлық жағдайда 82 бала қызмет алып жатыр. Оның ішінде тұл жетім, тастанды және асыраушысынан айрылған 25 бала орталық қамқорлығында. Оларға 8 арнаулы әлеуметтік психологиялық қызмет түрлері көрсетіледі.

Сонымен қатар балаларды қоғамға бейімдеуге ерекше көңіл бөлінген. Медициналық бөлімде физиоемдеу, стоматология мен емдік кабинеттер қарастырылған. Дәрігерлердің тағайындауы бойынша науқастарды емдеу үшін физиотерапиялық бағытта қызметтер көрсетіледі. Мұның барлығы біздің ерекше күтімді қажет ететін балаларымыздың денсаулығын жақсарту үшін жасалып отырған игі шаралар» – дейді мұндағылар.

 

Оқылды 447 рет