Еліміздің үшінші мегаполисінде биыл 67 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Шымкентте соңғы жылдары мемлекеттік бағдарлама бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің қарқынды құрылысы жүріп жатыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде 2023 жылы құрылыс басқармасы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жалпы ауданы 312,4 мың шаршы метр 4 090 пәтерлік 98 көпқабатты тұрғын үй салуды жоспарлады. Бұл ретте ағымдағы жылы 67 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады, олар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Оның ішінде 61 көпқабатты үй – несиелік тұрғын үй, алтауы - жалға берілетін тұрғын үй.
Тұран шағынауданында 18 үй, Бозарық шағынауданында 54 үй, Ақжайық шағынауданында 26 үй салынуда.
Бұдан басқа, жыл қорытындысы бойынша нарықта жұмыс істейтін жастар үшін 900 пәтер және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 505 пәтер сатып алу жоспарлануда.
Қалада тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы да белсенді жүзеге асырылуда.
Шымкент қаласының тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы бойынша жыл сайын тұрғындардың келісімімен көпқабатты үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Көп қабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізілуде.
Бағдарламаның мақсаты-тұрғын үй қорын жаңғырту, апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің өсуін болдырмау, тұрғын үй аумақтарын дамыту мен абаттандыруды қамтамасыз ету. Сондай-ақ азаматтардың мекендеу ортасын жаңарту және қоғамдық кеңістік үшін қолайлы жағдайлар жасау.
Сондықтан Шымкентте 2022 жылы 462 миллион теңгеге 9 үй күрделі жөндеуден өтті. Ал биыл 1 миллиард теңгеге 15 тұрғын үйді күрделі жөндеу жоспарланған. Оның 12-сі әл – Фараби ауданының, үшеуі Тұран ауданының аумағында орналасқан.
Келесі жылы 40 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.