Жұма, 08 Қыркүйек 2023 13:28

Шәуілдірде жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді

Аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың аудан тұрғындарымен кездесу жиыны Шәуілдір ауыл округінде жалғасын тапты. Кездесу барысында аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндап, алда тұрған міндеттерді атап өтті.

Жалпы Шәуілдір ауыл округінде іске асып жатқан жұмыстар аз емес. Ішкі көшелерді асфальттау, жарықтандыру, аяқжолдар салу, көгалдандыру, газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл ретте тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер назардан тыс қалмады. Мәселен бұған дейінгі кездесулерде Шәуілдір ауылындағы Д.Құрманбеков көшесіне тас төсеу туралы ауыл тұрғыны өтінішін айтқан болатын. Бүгінде аталған мәселе өз шешімін тауып, демеушілер есебінен Д.Құрманбеков көшесіне тас төселді. Мұнан бөлек Шәуілдір ауылындағы А.Маханбетұлы, С.Өтебеков көшелеріне «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ биылғы жылы республикалық бюджет есебінен Шәуілдір ауылындағы жаңа ықшам ауданда газ құбырын жүргізуге қаржы қаралып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Шәуілдір ауылындағы саябақтар мен көшелерді сәулеттік жарықтандыру жұмыстары басталды. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен облыста «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленген болатын. Жоба шеңберінде Шәуілдір елді мекенінен 600 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде.

Кездесуде ардагерлер Жұмахан Әбдіқадіров, Мария Белгібай, Төреәділ Тұрабаев аудан орталығы Шәуілдір ауылында атқарылған жұмыстарға көңілі толатынын айтып, ризашылығын жеткізді. Көкейде жүрген мәселелер айтылып, орталық көшеде иесіз малдардың жүруі, ішкі көшелерді жарықтандыру, газ құбырларының ақауларын жөндеу үшін арнайы мамандардың қажеттілігі секілді сұрақтар бойынша сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Жиында аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов тұрғындардың иесіз малдардың көшелерде жүруін шектеу, балаларға ойын алаңшасын салу туралы өтініштеріне сәйкес аудан депутаттары тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтып өтті. Төраға өз сөзінде мал иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жауапты мекемелерге ескертілгенін, жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен ойын алаңшасын салу жұмыстары ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Кездесу соңында Шәуілдір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбек ел басқарып отырған азаматтардың алдағы істеріне сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр, яғни, 2022 жылдың 7 наурыз күні мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы» жарлыққа қол қойған болатын. Құжатта «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп жазылған. Жарлық бойынша, облыс әкімі жарты жылда бір рет «әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу», республикалық маңызы бар қала, астана әкімі «қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу», аудан әкімі «әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу» өткізуі тиіс.

Әкім кездесулерінің «икемді жылдық» күнтізбесі «қажет болған жағдайда» тиісті мәслихаттың келісімімен жыл басында әзірленіп, жыл сайын 20 қаңтарға дейін үкіметке ұсынылуы қажет. Сонымен қатар, әкім “халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде” халықпен күнтізбеден тыс кездесіп отыруы тиіс болады. Құжатта әкім кездесуінің регламенті де нақтылана түскен. Енді аймақ басшысы жоспарланған уақыттың «төрттен бірден аспайтын бөлігін» баяндама оқуға арнайды, ал қалған уақытты «сұрақ-жауап» форматында өткізеді. Бұл үшін әкім алдын ала жергілікті қоғам өкілдерінен «халықтың сұрауы мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия» құрады. «Әкімдік пен әкім аппараты кездесуге мүдделі адамдардың ауқымды аудиториясын, оның ішінде мәслихат депутаттарын, партия, қоғамдық ұйым және оппозиция өкілдерін тартсын» делінген жарлықта.

Әкімдер бұған дейін де халықпен кездесу жиындарын өткізіп келген. Бірақ ол жиындар көбіне ұзақ баяндама, алдын ала дайындалған сұрақтар түрінде өткізіліп, халықтың сынына жиі ұшырайтын. Дайындалған адамдар жиын өтетін орындарға күні бұрын келіп, белсенділерге орын жетпей қалатын кездер де болған. Жаңа ереже бұл олқылықтың орнын толтырып келе жатқаны айқынадал түсуде. Бұған қоса, жарлықта көрсетілген «Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдары» не екені де нақтыланған. Бұрынғы жиындарда көбіне президент жарлығы, үкіметтің жаңа бағдарламасы сияқты құжаттарды насихаттауға басымдық берілетін. Елде облыстардың және республикалық маңызы бар қала әкімдерін президент тағайындайды. Одан төмен деңгейдегі әкімдерді жоғары тұрған әкімдер қызметке қояды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығында былай дейді: «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері: 1) жыл сайын 15 қаңтарға дейін мыналарды: жарты жылда бір рет облыс әкімінің әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесуін; республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; аудан әкімінің әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; облыстық және аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданда (шағын ауданда), ауылда, кентте тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін; ауыл, кент, қаладағы аудан әкімінің тоқсан сайын кемінде бір кездесуін өткізу көзделген әкімдердің халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін (бұдан әрі – күнтізбе) әзірлеп, оны мәслихатпен келісу бойынша бекітіп отырсын. Қажет болған жағдайда күнтізбені мәслихатпен келісу бойынша түзетуге жол беріледі; 2) жыл сайын 20 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітілген күнтізбені ұсынсын.  Барлық деңгейдегі әкімдер: 1) халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде күнтізбеден тыс халықпен кездесу өткізсін; 2) техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, халықтың әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда міндетті түрде пікір білдіру мүмкіндігімен онлайн-трансляциялар, сондай-ақ қажет болған жағдайда бейнеконференцбайланыс ұйымдастыру арқылы кездесулер өткізуді қамтамасыз етсін; 3) кездесу үшін жоспарланған уақыттың төрттен бірден аспайтын бөлігін баяндаманы таныстырумен, уақыттың қалған бөлігін «сұрақ-жауап» форматында өткізсін; 4) халықпен кездесулер өткізгенге дейін: проблемалық мәселелердің пулын жасау үшін жергілікті қоғамдастық жиналысы және қоғамдық кеңестер мүшелерінің қатысуымен халықтың сұраулары мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия құруды;   ашық деректердің интернет-порталына және әкімдердің блог-платформасына, сондай-ақ коммуникацияның басқа да нысандарында халықтан келіп түскен сұраулар мен ұсыныстарды жинауды және талдауды; бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өңірлік баспа басылымдарында, радиода, ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында, ашық деректер интернет-порталында, сондай-ақ әкімдіктердің (әкімдер аппараттарының) ресми аккаунттарында, әлеуметтік желілерде және барлығына қолжетімді жерлерде ақпараттық-насихат  жұмысын жүргізуді; әкімнің халықпен кездесуін өткізу туралы хабарландыруды: облыс, республикалық маңызы бар қала және астана, аудан, облыстық және аудандық маңызы бар қала әкімі өткізетін кездесу күніне дейін екі апта бұрын; ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан әкімі өткізетін кездесу күніне дейін бір апта бұрын ұйымдастыруды қамтамасыз етсін; 5) халықпен кездесулер өткізгеннен кейін: жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура және ішкі істер органдарының басшылық құрамымен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңестер мүшелерімен, жергілікті зиялылармен бірлесіп, азаматтарды жеке қабылдауды өткізсін; проблемалық мәселелерді қаржыландыру мүмкіндігін мәслихат сессиясында қарай отырып, жүйеге келтірсін; кездесулер мен азаматтарды қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей, өткізілген кездесулердің қорытындылары туралы ақпаратты, проблемалық мәселелердің тізбесін, проблемалық мәселелерді шешудің нақты мерзімдерін, жауапты орындаушыларды көрсете отырып, оларды шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастыруды қамтамасыз етсін; тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпаратты ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырсын.

Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) жыл сайын есепті жылдан кейінгі 1 ақпанға дейін өңірлердің бекітілген күнтізбелерін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынуды; 2) жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына және 15 тамызына дейін орталық атқарушы органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар деңгейінде шешуді талап ететін проблемалық мәселелердің тізбесін және оларды шешу жөніндегі ұсыныстарды жинауды; 3) әкімдердің халықпен көшпелі кездесулерінің қорытындысы бойынша халық көтерген мәселелерді шешу жолдары мен олардың орындалу барысын көрсете отырып, олардың ішінен  құзыретіне кіретін проблемалық мәселелердің тізбесін орталық атқарушы органдардың, ұлттық холдингтердің, компаниялардың ресми интернет-ресурстарында орналастыруды және тоқсан сайын жаңартуды қамтамасыз етсін».

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 335 рет