Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Тұран шағын ауданы – миллионды мегаполистің жаңа келбетін айшықтап, күннен-күнге көркейіп келе жатқан жаңа аумақ. Қазір мұнда 19 мыңға жуық халық тұрады. Шағын ауданда 1 744 жеке секторлы үй, 86 көпқабатты тұрғын үй, 6 мектеп, 4 балабақша орналасқан.
Сонымен қатар Тұран шағын ауданын инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, шағын ауданның тұрғындары 100% ауыз сумен, электр жарығымен және интернетпен қамтылған. Қазіргі уақытта шағын аудан бойынша табиғи газ құбырлары толық жеткізіліп, абоненттеу жұмыстары жүзеге асып жатыр.
Ал кәріз жүйесі 35 пайызға қамтамасыз етілген, жоспар бойынша аталған шағын ауданда 2023 жылы кәріз құбырлары түгел тартылатын болады.
Айта кетейік, шағын аудандағы 49 көшенің 16-сы асфальтталған, 28-іне шағал тас төселсе, 5-еуі топырақ жол. Биыл атауы жоқ №1,2,3,4,5,6,7, 9,10,11,12,13 көше жөндеулен өтуде. Сонымен қатар, 2023 жылы «Әдия» тұрғын үй кешені, атауы жоқ №2,3,7 көшелер жарықтандырылады.
Тұран шағын ауданында іске асырылып жатқан жобалардың бірі – жаңа мектептің құрылысы. Оқу ғимаратының аяқтау мерзімі 2024 жылға жоспарланған.
Сондай-ақ, шағын ауданда мұнан бөлек биылғы жылы 2 спорт алаңшасы және 12 балалар ойын алаңшасы салынуда.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте соңғы жылдарда арнайы бағдарламалар есебінен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Үкімет қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 2023 жылы құрылыс басқармасы тарапынан мемлекеттік бюджеттен 312,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінде Тұран ықшам ауданында 18 үй, Бозарық мөлтек ауданында 54 үй, Ақжайық мөлтек ауданында 26 үй салынуда. Өндірістік кестеге сәйкес 67 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі. Оның 61-і кредиттік, 6-ы арендалық баспана.