Сәрсенбі, 13 Қыркүйек 2023 11:01

«QAMQOR» ӨҢІРЛІК ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУ ТУРАЛЫ ӨТІНІШТЕР 25 ҚЫРКҮЙЕККЕ ДЕЙІН ҚАБЫЛДАНАДЫ

Шымкентте өңірлік «Qamqor» бағдарламасына құжат қабылдау жалғасып жатыр. Бағдарламаға дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, мұғалімдер, тәрбиешілер, күтушілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, мәдениет, спорт қызметкерлері, шығармашылық одақтардың мүшелері, журналистер, мемлекеттік мекемелер мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері, энергетика саласының өкілдері қатыса алады. «Qamqor» бағдарламасының қатысушылары порталдағы жеке кабинеттерінде жинаған ұпай санын өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң келесі күні көре алады. Қатысушылардың төлем қабілеттілігі тексеріліп, 20 млн теңгеге дейін тұрғын үй алу үшін несие беріледі.
Бағдарламаға құжат қабылдау басталғалы бері конкурсқа қатысушылардың бірқатарының құжаты кері қайтарылған. Мұның себебін «Отбасы банк» АҚ Шымкент филиалының директоры Дәурен Саудабаев түсіндірді.
– Шымкент қалалық мәслихатының шешімімен бағдарламаға қатысушыларға жас шектеуі қойылмайды. Бірақ бағдарламаның өзіндік талаптары бар. Бұл өңірлік бағдарлама болғандықтан конкурсқа қатысушылар Шымкент қаласында тұруы және жұмыс істеуі шарт. Сондай-ақ республика аумағында атында жылжымайтын мүлік болмауы тиіс. Бұл талаптарға сай келмеген жағдайда бағдарлама автоматты түрде құжатты қабылдаудан өткізбейді. Яғни мұндай мәселелерге Тұрғын үй басқармасының қатысы жоқ. Шарттары мен талаптары бағдарламада толық жазылған. Шымкент қаласының тұрғындарынан «Qamqor» жаңа өңірлік бағдарламасына қатысу туралы өтініштер 25 қыркүйекке дейін қабылданады. «Отбасы банк» жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдап, ұпайларды санап, әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастырады. Банк бұл процесті «Баспана маркет» порталында цифрландырады. Яғни, бағдарламаға қатысушылар туралы барлық деректер автоматтандырылған жүйе арқылы тексеріледі. Бұл бағдарлама қатысушыларының пулын қалыптастырудағы адами факторды жойып, ұпай санау уақытын қысқартады. Өтінім қалдыру үшін бағдарламаға қатысушылардың «Отбасы банкінде» шоты болуы шарт. Жеңілдетілген несиелендіруге үміткерлер пулына көп ұпай жинаған азаматтар енетін болады. Ұпайлар санына некеде тұрған жылдар саны, балалардың саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы және «Отбасы банкінде» үміткердің депозиті бар-жоқтығы ескеріледі,–деді Д.Саудабаев.
Өңірлік бағдарлама биыл алғаш рет бастау алып отыр. Конкурсқа қатысушылар тарапынан 20 млн заем сомасы аз, ал нарықтағы үй бағасы қымбат деген пікірлерде айтылуда. Әйткенмен конкурсқа құрылыс компаниялары «Qamqor» бағдарламасының талаптары мен бағасына сай келетін пәтерлерді ұсынып отыр.
Айта кетейік, өңірлік жобаға 3 млрд теңге қаржы қаралған. Яғни бағдарлама аясында 150 отбасы пәтерлі болмақ.
Оқылды 221 рет