Сәрсенбі, 13 Қыркүйек 2023 12:27

Отырар ауданында жалпыхалықтық сенбілік өтті

Отырар ауданында жалпыхалықтық сенбілік өтіп, сенбілік аясында аудан орталығында және елді мекендерде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Тазалық - аудан шырайын кіргізіп, қоршаған ортаға әдемілік сыйлайтын маңызды шаралардың бірі. «Тазалық - денсаулық кепілі», - деген ізгі ниетті басшылыққа алған аудан әкімдігі сенбіліктерді жиі ұйымдастырып тұрады.

Сенбілікке мекеме қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, белсенді ерікті жастар мен ауыл тұрғындары белсене қатысты. Қоғамдық шараға бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді.

Жалпы сенбілік жұмыстары тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауына, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізері анық.  Сенбілік - тазалық кепілі. Әр адам сенбілікке кішкене де болса атсалысып, үлесін қосса тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Олар сенбілікке шығу арқылы тазалыққа деген жауапкершілікті нығайтады. Себебі,өзің тазалаған жерді сен ешқашан шашпайсың, керісінше, ауыл-ды бүлдіріп жүргендерге көз жұмып қарай алмай оларға ақылыңды айтасың. Сенбілік осыған үйретеді.

Осыны кейінгі жастарға өнеге еткен тұрғындар көше мен аула тазалығын күн сайын қадағалап отырудың маңыздылығын айтуда. Себебі, тазалық - жанның саулығы, ішкі мәдениеттің бастауы. Сенбілік жұмыстары барысында жиналған қоқыс қалдықтары мен арам шөптер арнайы полигондарға жеткізілді.

Ауыл тазалығы, оның көркі мен сәні әрбір тұрғынның өз ауласы мен үйінің маңайынан басталады емес пе? Кейбір тұрғындар аудан орталығында тұратынын көбіне ұмытып кететін болуы керек. Жан-жағыңызға қарасаңыз үй иелерінің жекеменшік баспанасының ауласы мен маңайын абаттандыруға құлықсыздығының, жан-жағына қоқыстарын қалай болса солай лақтыра беретіндігінің куәгері боласыз. Тіпті көршілес тұратындар бір-бірімен санаспайды, ұялмай көршісінің тазалаған аумағына қоқыстарын лақтырумен болады. Міне, осындай тәртіпсіздікке аудан, ауыл басшылары қатаң шара қолдануы керек.

«Тазалығымен ерекшеленген қандайда бір көрініс жанға жылу береді. Жанымызға рахат, көңілімізге шаттық сыйлайтын тазалақ шараларына алдағы уақытта да белсене қатыссақ нұр үстіне нұр болар еді» - дейді отырарлық тұрғындар. Ауылдарды гүлдендіріп, көшелерді көркейтеміз десек, санитарлық тазалықты әркім өзінен, үйінің, ауласының маңынан бастауы керек. Туған өлкенің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық!

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 156 рет