Сенбі, 16 Қыркүйек 2023 23:25

Сауран ауданы: тазалық акциясы аясында 5,7 тонна қоқыс шығарылды

Сауран ауданында «Дүниежүзілік тазалық күніне орай дәстүрлі "World Cleanup Day 2023" экологиялық акциясы өтті. Акцияның мақсаты — халықты біріктіре отырып, аумақтарды қоқыстардан тазарту.

Тазалық акциясына 389 адам қатсыты. Оның 134 -і мемлекеттік қызметкер. Сонымен қатар, акцияға аудан тұрғындары мен жастар белсене қатысты. Нәтижесінде 5,7 тонна қоқыс шығарылды. 3 техника жұмылдырылды. Аудан аумағындағы саябақтар, арық-атыздар, көшелер күл-қоқыстан толық тазартылды.

Ауданның әр тұрғыны өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, өңір тазалығына қосқан үлесі болып табылады. Өз ауылының тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Қоршаған ортаны сақтау және қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруда тазалық акцияларының маңызы зор.

Жалпы тазалық жұмыстары, сенбілік жұмыстары тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауына, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізері анық.  Сенбілік - тазалық кепілі. Әр адам сенбілікке кішкене де болса атсалысып, үлесін қосса тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Олар сенбілікке шығу арқылы тазалыққа деген жауапкершілікті нығайтады. Себебі,өзің тазалаған жерді сен ешқашан шашпайсың, керісінше, ауыл-ды бүлдіріп жүргендерге көз жұмып қарай алмай оларға ақылыңды айтасың. Сенбілік осыған үйретеді.

Осыны кейінгі жастарға өнеге еткен саурандық тұрғындар көше мен аула тазалығын күн сайын қадағалап отырудың маңыздылығын айтуда. Себебі, тазалық - жанның саулығы, ішкі мәдениеттің бастауы. Сауран ауданында Дүниежүзілік тазалық акциясы барысында жиналған қоқыс қалдықтары мен арам шөптер арнайы полигондарға жеткізілді.

Ауыл тазалығы, оның көркі мен сәні әрбір тұрғынның өз ауласы мен үйінің маңайынан басталады емес пе? Кейбір тұрғындар аудан орталығында тұратынын көбіне ұмытып кететін болуы керек. Жан-жағыңызға қарасаңыз үй иелерінің жекеменшік баспанасының ауласы мен маңайын абаттандыруға құлықсыздығының, жан-жағына қоқыстарын қалай болса солай лақтыра беретіндігінің куәгері боласыз. Тіпті көршілес тұратындар бір-бірімен санаспайды, ұялмай көршісінің тазалаған аумағына қоқыстарын лақтырумен болады. Міне, осындай тәртіпсіздікке аудан, ауыл басшылары қатаң шара қолдануы керек.

«Тазалығымен ерекшеленген қандайда бір көрініс жанға жылу береді. Жанымызға рахат, көңілімізге шаттық сыйлайтын тазалақ шараларына алдағы уақытта да белсене қатыссақ нұр үстіне нұр болар еді» - дейді саурандық тұрғындар. Ауылдарды гүлдендіріп, көшелерді көркейтеміз десек, санитарлық тазалықты әркім өзінен, үйінің, ауласының маңынан бастауы керек. Туған өлкенің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық!

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 311 рет