Сәрсенбі, 27 Қыркүйек 2023 18:25

Сауран: қоқыс полигондарының жағдайы талқыланды

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың төрағалығымен апталық мәжіліс өтті. Үш мәселе қаралған мәжілісте аудандағы қоқыс полигондары қызу талқыға түсті.

ТҮКШ бөлімінің басшысы Самат Рысбековтың баяндауынша ауданға қарасты қатты тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған 10 полигон бар. Олар ауыл округ әкімдіктерінің теңгерімінде. Қазіргі таңда, барлық полигондардың рұқсаттама мерзімдерінің өтуіне байланысты, ағымдағы жылы бюджет есебінен қаржы қаралып құжаттарын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы Бабайқорған, Жүйнек, Майдантал, Жібек жолы, Жаңа Иқан, Шаға ауыл округтеріндегі полигонға ағымдағы жылы қоршау мен қарауылханасының құрылыс жұмыстары жүргізілген.

Қоқыс полигондарының жай жапсарын баяндаған соң бөлім басшысы бірнеше яғни, жаңадан анықталған полигон орындарына мемлекеттік акт алып заңдастыру, полигон аумағына дейінгі бей берекетсіз жатқан қоқыстарды полигон аумағына тасымалдау және тазалау жұмыстарын жүргізуді сынды ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, әрбір ауылдық округ әкімдіктері қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдауға, сұрыптауға бекітілген тариф бойынша мердігер мекемелерді анықтап, 10 қазанға дейін келісім шарт түзу қажетігін ескертті.

Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов 9 айдың қорытындысы бойынша индикаторлардың күтілімді орындалуы туралы баяндады. 2021-2025 жылдарға арналған индикаторлардың декомпозициясы бойынша жалпы 56 индикатор жоспарланған болса, 2023 жылы 10 сала бойынша 54 индикаторға қол жеткізу жоспарға қойылған. Ағымдағы жылы іске асыру жоспарланған 54 индикаторлардың бүгінгі таңға 4-і (7,5%) толық орындалып, 47-і (87%) орындалу үстінде. Баяндаманы мұқият тыңдаған аудан басшысы орындалмау қаупі бар индекаторларды қатаң қадағалауға алатынын айтты.

Сонымен қатар, Ильяс Мырзахметов аудан аумағында орналасқан су құдықтары туралы да баяндады. Ауыл округтерінің ұсынған мәліметтеріне сәйкес, қазіргі таңда аудан аумағында (11 ауыл округінде) 486 су құдықтары бар, оның ішінде 48 су құдығы иесіз. Жаңа Иқан ауыл округінде 39 дана, Жібек жолы ауыл округі теңгерімінде 113 тік дренажды, Бабайқорған ауыл округінде 3, Қарашық ауыл округінде жалпы 60, Иассы ауыл округінде жалпы 29, • Жүйнек ауыл округінде жалпы 37, Шаға ауыл округінде жалпы 22, Майдантал ауыл округінде жалпы 7, Оранғай ауыл округінде жалпы 9, Шорнақ ауыл округінде жалпы 74, Ескі Иқан ауыл округінде 93 дана су құдықтары бар. Осы ретте аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы иесіз деп танылған су ұңғымалары мен құдықтарды мемлекет меншігіне алу бойынша жұмыстарды жүйелендіру қажеттігін баса айтты.

Апталық мәжіліс бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырма берумен қорытындыланды. -Жыл аяқталып келеді. Осы жылды табысты аяқтау үшін жұмысты ширату қажет. Жұмыстың санынан сапасы маңызды,-деді аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы.

Жоғарыда аталып өткен қатты тұрмыстық қалдықтар туралы мәселеге қосымша ретінде тұрғындарға түсіндірме жасай кетсек. Қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін әр тұрғынның қоқысты дұрыс тастауды білгені жөн. Кей заттарды коқыс жәшігіне лақтыру қауіпті. Олардың көбі утилизацияны қажет етеді. Мысалы, дәрі-дәрмек, термометр, тырнақ бояуы, дезодорант, батарея, кәріз жүйесін тазалайтын құрал, пестицид пен гербицид, майлы бояулар, металға арналған полироль, еріткіштер, антифриз, мотор майы, трансмиссиялық сұйықтық, түрлі химиялық препарат, бұзылған электроника, люминесцентті шамдар қоршаған ортаға оразан зор қауіп төндіреді. Сонымен қатар медициналық ине тәрізді үшкір заттарды да қоқыс жәшігіне тастауға болмайды. Оларды да арнайы утилизацияға жөнелту қажет немесе көму керек.

Жыл сайын Қазақстанда 5-6 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтар түзіледі. Қазір елімізде қалдықтарды сұрыптап, өңдейтін 130 кәсіпорын бар.  Былтырдан бастап пластмасса, макулатура, картон, қағаз қалдықтары мен шыныны қоқыс полигондарында жерлеуге тыйым салына бастады. Қазақстан Республикасының энергетика министрлігі және жергілікті әкімшіліктер шағын және орта бизнес субъектілерін тарта отырып тұрмыстық қатты қалдықтарды утилизациялау және өңдеу бойынша шаралар кешенін әзірледі. Бұл шара бойынша қалдықтарды өңдеу үлесі 2030 жылға қарай 40%-ға, ал 2050 жылы 50%-ға дейін ұлғаюы керек. Жақсы, бұл ауқымды шаралар делік. Жергілікті, қалалық, аймақтық, тіпті мемлекеттік тұрғыда жасалатын дүние болар. Ал сіз, құрметті оқырман, қоқыстардың азаюына, экологияға, қоршаған ортаға тигізілетін зиянның азаюуы үшін не істей аласыз?

Үйдегі, күнделікті тұрмыстағы қалдықтарды жеке-жеке жинау арқылы сіз күнделікті тасталатын қоқыстардың мөлшерін, өңделмей, полигондарда таудай болып үйіліп жататын қоқыс үйінділерінің көлемін азайта аласыз. Көп түкірсе көлдің керісі, барлық азамат қоқысты сұрыптауға тиісті назар аударса, қоршаған ортаға зиянымыз азаяр еді, ормандардың шабылуына, мұнайдың қауіпті өндірісінің кемуіне, климат өзгерісіне әкелетін әсердің азаюына, жан-жануарлар әлемін құтқаруға, бір сөзбен айтқанда табиғат апатының алдын алуға септігін тигізер еді. Сонымен неден бастау керек? Бұл ережелер өте қарапайым. Бастысы оларды әдетке айналдыруға тырысыңыз.   

Нені жеке жинау керек?

Ең алдымен нені сұрыптап, жеке жинайтынымызды анықтауымыз керек. Мысалы, алдымен макулатурадан бастаған жөн. Оны жуудың қажеті жоқ. Содан кейін біртіндеп пластик қақпақтарды қосуға болады. Біртіндеп бір текті материалдарды жинауға дағдыланған соң екінші түріне өтіңіз. Өзіңізге ыңғайлы жолын таңдаңыз. егер қолыңыздан келсе бірден барлық қалдықтарды жеке-жеке жинап, өңдеуге апарып көріңіз. Сонымен бірге өңделетін шикізаттарды тани білу керек. Кейде екінші рет өңдеуге келмейтін қалдықтар жиналған бүкіл партияны құртуы мүмкін. сондықтан әр қалдыққа зер салып, мұқият болыңыз.

Макулатура

Нені тапсыруға болады: кірлемеген қағаз бен картон. Нені тапсырмайды: чектер, дәретхана қағазы, майлықтар, метро карточкалары, кофеге арналған бір реттік қолданыс стақандары, темекі қорапшалары, жұмыртқаның қорапшалары.

Металл

Нені тапсыруға болады: консерві қалбырлар, сусындардан босаған алюминий құтылар, шыны құтылардың, банкалардың қаңылтыр қақпақтары.

Шыны

Нені тапсыруға болады: бөлмектер мен банкалар, кейде сынған шыны да қабылданады. Бірақ қабылдаушы тараптан нақтылаған жөн.  Нені тапсырмайды: қыздыру лампалары.

Пластик

Пластиктің жеті түрі бар. Олардың әрқайсы сандары мен әріптері бар үшбұрыш түрінде таңбаланған. Сіздің қалаңызда қандай түрлері қабылданатынын қараңыз.

Нені тапсыруға болады: PET/PETE/ПЭТ/ПЭТФ/1 (құты түбіндегі ойықта жазылған): су және өзге сусындардың құтылары, тағам өнімдерінің құтылары, сусабын және өзге де косметикалық заттардың құтылары. 

HDPE/PE/ПД/2 (қаптама тігісінде көрсетіледі): тұрмыстық химия, косметика қаптамалары, канистралар, йогурт құтылары.

LDPE/LE-LD/ПНД/4: мөлдір, түссіз үлдір, пакеттер, сүт өнімдері құйылған пакеттер, кір жуғыш ұнтақ, косметикалық өнімдер салынған пакеттер. 

PP/ПП/5: йогурт, ірімшік, өзге де тағам өнімдерінің қаптамалары, бір реттік қолданысқа арналған стақандар, тамақ салуға арналған контейнерлер, қорапшалар.

PS/ПС/6: йогурт, қаймақ және өзге өнімдердің қаптамалары, жұмыртқа салатын қорапшалар. 

Көпіршік полистирол: көкөніс салынған астаулар, тамақ салуға арналған бір реттік қолданысқа арналған контейнерлер. 

Нені тапсырмайды: PVC/ПВХ/3: кондитерлік өнімдер және өзге өнімдердің қаптамалары. 

OTHER/O/7: тіс пасталарының құтылары және өзге құрама материалдардан жасалған заттар.

Тетра-пак

Нені тапсыруға болады: Шырын, сүт, айран құйылған қорапшалары. Мұндай қаптамаларды жуып алғаныңыз жөн. Кері жағдайда жағымсыз иіс шығып, қойманы ластауы мүмкін.

Қауіпті қалдықтар

Нені тапсыруға болады: батарейка, аккумулятор, ынап лампалары және градус өлшегіш, электр қалдықтар, мерзімі өткен-дәрі-дәрімек, шиналар. 

Киім-кешек

Тозбаған жақсы киім-кешегіңіз болса алдымен қайырымдылық қорларына өткізуді ұсынамыз немесе тегін тарататын не комиссиялық дүкендерге өткізіп көріңіз. Кей дүйен желістерінде өткізген ескі киімдеріңіз үшін сізге жеңілдік ұсынады. Мысалы Қазақстанда H&M және Uniqlo (бұл бренд тек өз киімдерін қабылдайды) дүкендеріне киім-кешектеріңізді тапсыру арқылы елеулі жеңілдікке ие боласыз.

Екінші рет өңделетін қалдықтарды қалай жинаймыз?

Әдеттегі қоқыс жәшігінің жанына тағы бір жәшік қойыңыз. Қоқысты төкпес бұрын әр түрін тиісті ыдысқа салыңыз. Немесе жиөаздар дүкендерінде сатылатын қоқысқа арналған қорапшаларды алып, әрқайсының сыртына атауын жазып қойыңыз. Бұл сіздің ғана емес, отбасы мүшелеріңіздің де өмірін жеңілдетеді. Екінші рет өңделетін қалдықтарды ас үйде емес, балконда, дәлізде немесе өзге бос орындарда жинауға болады.  

Ары қарай не істейміз?

Қалдықтарды жинай жүріп, зиянды материалдардан қалай аулақ жүретініңізді өзіңіз байқамай қаласыз. Экологиялық залал салдарымен күрескенше оның алдын алған әлдеқайда тиімді. сондықтан дүкенге барғанда әрбір пластик пакетті ала отырып, оны тапсыратыныңызды да ойлаңыз. Асылы арнайы қапшық қолданып, полиэтилен пакеттерді мүлдем қолданбаған жөн. Ал жинаған қалдықтарды өткізгеніңіз үшін тапқан ақшаға көңіліңізді көншітер сыйлық жасауды әдетке айналдырыңыз. Сонда қоқысты жинау, сұрыптау сізге ләззат сыйлайтын болады. Табиғатты аялап, қоршаған ортаға қамқорлық етейік!

Қауіпті қалдықтардан қалай құтылуға болады?

• Автокөлік аккумуляторы қажетіңізге жарамаса, оны автомеханикке немесе автобөлшектер сататын дүкенге апарсаңыз болады.

• Принтер картриджі де – уытты зат. Принтер өндірушілер картриджді әдетте арнайы сөмкесімен бірге шығарады. Утилизациялау үшін сол сөмкені пайдалану керек.

• Батареяларды басқа қалдықтар тәрізді тастайтын болсаңыз, жерасты сулары ластанады. Батареялар қайта өңделеді, сол себепті оларды жергілікті утилизация орталығына жөнелте аласыз.

• Қолданылған антифриз механиктердің кәдесіне жарауы мүмкін. Сұйықтықты пластик бөтелкеге құйып берсеңіз болады.

• Мотор майы да – қауіпті зат. Қолданылған майды пластикалық бөтелкелерде немесе басқа контейнерлерде сақтай аласыз. Әдетте оларды автосервис орталықтары қабылдайды.

• Уайт спирт тәрізді еріткіштер мерзімі өткеннен кейін құрғай бастайды. Егер тежегіш сұйықтығы сияқты еріткіштерді тастау керек болса, қалдықтарды бір реттік алюминий құтыға құйыңыз. Содан кейін оны мысық отырған құммен толтырыңыз. Бұл операцияны үйден тыс жерде орындаңыз. Еріткіш кепкеннен кейін банкіні қоқыс жәшігіне лақтыруға болады. Егер бірнеше еріткіштен арылу керек болса, бәрін араластырмаңыз, улы газ пайда болуы әбден мүмкін.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 330 рет